«Qazaq Air» ұшақтары алғашқы рейсті 1 шілдеде орындайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Qazaq Аir» жаңа әуе компаниясының ұшақтары алғашқы рейсті 1 шілдеден бастап орындайды. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның трасформация бойынша дөңгелек үстел отырысында басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев хабарлады.

«Qazaq Air» ұшақтары алғашқы рейсті 1 шілдеде орындайды

«Qazaq Аir туралы айтатын болсақ, біз әуелі мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті құрғымыз келді. Бірақ жекеменшік иесі мемлекеттік компанияның есебінен ұшпақ болды. Оған келіскен жоқпыз, себебі бізде коммерциялық келісім болды. Сондықтан, қазір 100 пайыздық мемлекеттік компанияны құру шешімін қабылдадық», - деді Ө.Шөкеев.

Оның айтуынша, жаңа әуе компаниясы өз жұмысын бастағанша мемлекеттік компания болып қала береді. «Бірінші шілдеде бұл компанияның ұшақтары алғашқы рейсті орындайды. Біз оны жекешелендіруге дайынбыз», - деді ол.