QazaqGaz 30 перспективалы учаскеде барлау жұмыстарын жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM — «QazaqGaz» ұлттық компаниясы газ қорын толықтыру мақсатында биыл төрт барлау учаскесінде сейсмикалық зерттеу жүргізіп, үш барлау ұңғымасын бұрғылауды жоспарлап отыр.

«QazaqGaz» ҰК АҚ
Фото: «QazaqGaz» ҰК АҚ

Бұл туралы Үкімет отырысында «QazaqGaz» ҰК АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов мәлім етті.

Оның айтуынша, компанияның 2025 жылғы жұмысының қорытындысы бойынша магистральдық газ тасымалының көлемі 88,9 млрд текше метрді құрады. Ішкі нарыққа 20,5 млрд текше метр газ жеткізіліп, Қытайға 5 млрд текше метр газ экспортталды. Компанияның таза пайдасы 270,9 млрд теңгеге жетсе, ішкі нарықты субсидиялауға 226,3 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар мемлекет бюджетіне 325,8 млрд теңге салық төленді.

Әлібек Жамауовтың мәліметінше, бүгінде QazaqGaz барлау жұмыстары бойынша 6 келісімшартқа ие, ал перспективалы учаскелердің саны 30-ға жеткен. Биыл Солтүстік-1, Солтүстік-2, Сарыалжын және Малдыбай учаскелерінде сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіледі.

— Зерттеу нәтижелері бойынша биыл үш барлау ұңғымасын бұрғылауды жоспарлап отырмыз. Оның бірі Малдыбай учаскесінде, екеуі Сарыалжында орналасады, — деді компания басшысы.

Сондай-ақ ол Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасы аясында 2026-2027 жылдары геологиялық барлау жұмыстары кеңейтілетінін айтты. Атап айтқанда, 11 мың шақырымнан астам аумақта 2D сейсмикалық зерттеу жүргізіліп, геохимиялық және геофизикалық жұмыстар атқарылады. Биыл мұндай жұмыстар 13 учаскеде басталады.

Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысындағы Каменковский перспективалық блогында Eni компаниясымен бірлескен зерттеулер басталған. Ал Ақтөбе облысындағы КТ-3 перспективалық блогы бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2% жеткені белгілі болды.