QazaqGaz 535,5 млрд текше метр газ қоры бар 15 учаскені барлап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — QazaqGaz ұлттық компаниясы 535,5 млрд текше метр газ қоры бар 15 учаскені барлап жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мәлім етті.

мұнай
Фото: «QazaqGaz» ҰК» АҚ

— «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қазіргі уақытта мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізілетін 15 учаскеде жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда QazaqGaz-дың «Аққұдық» және «Шалқар» учаскелеріндегі «ҚОР» Мұнай Компаниясы» акционерлік қоғамы сияқты әлеуетті инвестордың, КТ-III учаскесіндегі Chevron (АҚШ) компаниясымен, Северный-2 учаскесіндегі «ҚазАзот» ЖШС-мен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша келісімдері бар және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен Северный-1 учаскесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Gas Solution әлеуетті инвесторы «Самтыр Солтүстік» және «Самтыр Оңтүстік» учаскелері бойынша қызығушылық танытуда. Алдын ала бағалау бойынша, жоғарыда аталған барлық жоба бойынша газдың жиынтық ресурстары шамамен 535,5 млрд текше метр газ және жиынтық құны 200 млрд теңгені құрайды, — деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол 2026-2030 жылдар аралығында 4 газ өңдеу зауытын кезең-кезеңімен пайдалануға беру басталатынын атап өтті.

Олар:
— қуаттылығы жылына 1 және 2,5 млрд текше метр болатын Қашаған кен орны;
— қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр болатын Қарашығанақ кен орнының шикізат базасы;
— Жаңаөзен қаласындағы қуаттылығы жылына 900 млн текше метр болатын газ өңдеу зауыты.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін Үкіметтің өрескел олқылығы ретінде бағалаған еді. 

Осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешевке саладағы проблемаларды ашып айтпағаны үшін ескерту жасады.

Сонымен қатар Қазақстан 3 айда 17,2 млрд текше метр газ өндіргені белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар