Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына 92 елден 519 спортшы тіркелді

Қазақстан барысы
Фото: Астана қаласының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 10-12 мамыр күндері дзюдодан өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына қатысатын спортшылардың есімдері белгілі болды.

Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Астанаға 3 Олимпиада, 13 әлем чемпионы келе жатыр. Ал жалпы Париж Олимпиадасына ұпай беретін бұл жарысқа 92 елден 519 спортшы тіркелгені анықталды.

Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне Qazaqstan Barysy Grand Slam атауымен енген жарыс қатысушыларының қатарында дзюдо спортының жарық жұлдызы, үш дүркін Олимпиада чемпионы, 12 дүркін әлем чемпионы Тедди Ринерден (Франция) бастап, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Акира Соне (Жапония), Рафаэля Сильва (Бразилия), Баул Ан (Оңтүстік Корея), әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Криста Дегучи (Канада), Тсогтбаатар Цендочшир (Моңғолия), Джордж Фонсека (Португалия), Ван Т Енд Ноел (Нидерланды), Валид Кьяр (Франция), Тацуру Саито (Жапония), Grand Slam жеңімпаздары Достон Розиев (Өзбекстан), Элиос Манци (Италия), Барух Шмаилов (Израиль), Кубанычбек Айбекуулу (Қырғызстан) бар. 

Естеріңізге сала кетсек, еліміз жарысты қабылдаушы ретінде әр салмақ дәрежесінде максималды 4 спортшыдан шығаруға құқылы. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының төрінде өтетін әлемдік додада Қазақстан сапынан екі дүркін Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов, Grand Slam чемпионы Мағжан Шамшадин, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, Гран При жарыстарының жүлдегері Ғалия Тынбаева бастаған спортшылар ел намысын қорғайды.

Бұл бәсекенің нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1 000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептеледі. 

Байрақты дода 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңындағы соңғы лицензиялық Grand Slam жарысы болмақ. 

Соңғы жаңалықтар