«QazCopyright» авторлық құқықты басқарудың жаңа цифрлық платформасы іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Әділет министрлігі мен «Ұлттық зияткерлік меншік институты» әзірлеген «QazCopyright» жобасы авторлық және сабақтас құқықтарды басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа ретінде іске қосылады. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
— «QazCopyright» платформасы шығармалар мен авторларды, құқық иеленушілерді бірыңғай тізілімге біріктіріп, шарттарды автоматтандырып, сыйақыны бөлу жүйесін енгізеді. Негізгі пайдаланушылар қатарында авторлар мен құқық иеленушілер, ұжымдық басқару ұйымдары, сондай-ақ теле-радио компаниялар, театрлар, кинотеатрлар, стримингтік қызметтер және кафе-мейрамханалар бар, — деді Бекболат Молдабеков.
Оның сөзінше, жоба аясында авторизация электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), eGov немесе SMS арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар ISRC/ISWC халықаралық кодтары бар бірыңғай реестр құрылып, тарифтер мен биллинг автоматтандырылатын болады. Платформада келісім-шарт түрлері икемді, онлайн есептілік пен API-интеграциялар қарастырылған.
— Платформаны енгізу үш кезеңде жүзеге асырылады. 2025–2026 жылдары телерадио компаниялар, алғашқы авторлар мен ұжымдық басқару ұйымдары қосылады. 2026 жылдың шілдесіне дейін театрлар, кинотеатрлар, стриминг қызметтері, галереялар, кабель операторлары енгізіледі. Ал 2026 жылдың шілдесінен бастап кафе, мейрамхана, дүкен, көлік және басқа жаппай пайдаланушылар қосылады, — деп түйіндеді вице-министр.
Сонымен қатар Әділет министрлігі азаматтарды жалған сот орындаушылардан сақтандыратынын жазғанбыз.