Qgate жүйесі шекарадан өту уақытын бір жарым минутқа дейін қысқартты

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қырғызстанмен шекарада орналасқан «Қордай» өткізу пунктінде Qgate автоматтандырылған төлқұжаттық қадағалау жүйесі пилоттық режимде енгізілді. 

Қордай шекара бекеті
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл азаматтарға құжаттарын сканерлеу арқылы процедурадан өз бетінше өтуге мүмкіндік беріп, бір адамның шекарадан өту уақытын 1,5 минутқа дейін қысқартып отыр.

«Бүгінгі таңда төлқұжаттық қадағалаудың осы жүйесі арқылы тәулігіне 6-8 мың аралығында адам өткіземіз», - дейді «Қордай» шекаралық қадағалау бөлімі бастығының орынбасары Қуат Кенжебаев.

Жалпы алғанда «Қордай» өткізу пунктін жаңғырту оның өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік берді.

«Қазіргі уақытта "Қордай" өткізу пункті арқылы 20 мыңнан 30 мыңға дейін адам, 3 мыңнан 4 мыңға дейін көлік құралдары өтеді. Орташа алғанда, жүк тиелген бір көлікті тексеруге 15-20 минут, бір жеңіл автомобиль үшін 5 минутқа дейін уақыт кетеді. Ал мемлекеттік шекарадан өтіп бара жатқан адамдардың құжаттарын тексеру 3 минуттай уақыт алады», - деп атап өтті Қуат Кенжебаев.

Айта кетейік, Олжас Бектенов Қырғызстанмен шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту барысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар