Ірі салық төлеушілерге мониторинг жүйесіз жүргізіледі — Әлихан Смайылов

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы кірістер бойынша болжам бастапқыда бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілді. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті. 

Әлихан Смайылов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Былтыр сәуірде мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңартылды. Алайда орталық мемлекеттік органдар даму жоспарын уақытылы бейімдей алмады. Салдарынан мемлекеттік органдардың даму жоспарының 7 негізгі ұлттық индикаторына және 20 нысаналы индикаторына қол жеткізілмеді. 2024 жылғы кіріс бойынша болжам бастапқыда бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілді. Бірақ, нақтыланған жоспар да 609 млрд теңгеге орындалмаған, — деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.

Жоғары аудиторлық палата басшысының мәліметінше, салықтық тексерулер санының артқанына қарамастан, өндіріп алу пайызы екі еседен аса төмендеді.

— 249 ірі салық төлеушіге мониторинг жүйесіз жүргізіледі. Нәтижесінде қосымша есептелген сома небәрі 643 млн теңгені немесе ірі салық төлеушілерден түскен түсімдердің 0,01%-ын ғана құрады. Жалпы 2024 жылы салық жинау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4,7% төмендеген, — деп толықтырды Әлихан Смайылов. 

Айта кетелік Әлихан Смайылов ююджетке 135 млрд теңге қайтарылғаны жөнінде есеп берген еді

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Мәжілістің жалпы отырысында фармацевтика саласында ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі төмен екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар