Радиоактивті қалдықтарды басқаруға арналған жаңа заң қандай өзгерістерді қамтиды

АСТАНА. KAZINFORM — 13 мамырда Мәжілістің жалпы отырысында «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады. Бұл құжат депутаттар бастамашылығымен әзірленді. Негізгі мақсаты — радиоактивті қалдықтарды басқарудағы құқықтық тетіктерді жетілдіріп, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік талаптарын күшейту. Заң жобасының мәні мен маңызы жайында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин әңгімелеп берді.

Еділ Жаңбыршин
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Еділ Терекбайұлы, осы заң жобасын әзірлеуге қандай негізгі мәселелер себеп болды?

— Біріншіден, Қазақстанда радиоактивті қалдықтар атом энергиясын пайдалану саласындағы ағымдағы қызметтің нәтижесінде ғана емес, сонымен бірге Кеңестік Одақ кезінде ядролық және уран саласы қызметінің нәтижесінде түзілген. Екіншіден, осы уақытқа дейін елде радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуді реттейтін бірыңғай кешенді заң болған жоқ. Қолданыстағы заңнама тек жекелеген нормаларды қамтиды және реттеудің тұтас жүйесін қалыптастырмайды. Радиоактивті қалдықтарды көму процесін заңнамалық реттеу жоқ. Қазіргі уақытта біз оларды сақтаймыз. Бірақ оларды мәңгіге көметін уақыт келді. Үшіншіден, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) 2014-2015 жылдардағы сараптамалық миссияларының қорытындысы бойынша жекелеген объектілерде елеулі проблемалар анықталды:

  • қорғаныс жабындарының зақымдануы;
  • эрозиялық процестер;
  • құрылыстардың бұзылуы;
  • қоршаулар мен ескерту белгілерінің кемшіліктері;
  • толыққанды ұзақ мерзімді мониторингтің болмауы.

Сонымен қатар, бірқатар объектілер бойынша баланс ұстаушылар әлі анықталған жоқ, бұл мемлекеттік бақылауды қиындатады. Осыған байланысты заң жобасының басты мақсаты — радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің кешенді, қауіпсіз және ашық мемлекеттік жүйесін қалыптастыру.

— Бұл құжат аясында қандай жаңа нормалар енгізіліп жатыр?

— Заң жобасында алғаш рет радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қатынастар кешенді түрде реттеледі. Құжатта радиоактивті қалдықтарды жинауға, қайта өңдеуге, кондициялауға, сақтауға, тасымалдауға және көмуге қойылатын талаптар айқындалады, сондай-ақ радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілеріне, радиациялық қауіпсіздікке, қорғауға және мемлекеттік бақылауға қойылатын талаптар бекітіледі.

Негізгі жаңа нормалардың бірі — «радиоактивті қалдықтарды түзуші» ұғымын енгізу. Заң жобасында мұндай тұлғалардың түзілетін радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету, оларды есепке алу, уақытша сақтау, көмуге жарамдылық критерийлеріне келтіру және ұлттық операторға беру жөніндегі міндеттері бекітіледі.

— Ұсынылып отырған нормалар аясында радиоактивті қалдықтарды бақылау қызметі қаншалықты күшейтіледі?

— Ұсынылып отырған нормалар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен есепке алу жүйесін едәуір күшейтеді. Атап айтқанда, радиоактивті қалдықтар мен олармен жұмыс істеу объектілерін мемлекеттік есепке алудың неғұрлым жүйелі тәсілі енгізіледі. Тиісті тізілімдер мен кадастрларды жүргізу, сондай-ақ радиоактивті қалдықтардың болуы, сипаттамалары және орын ауыстыруы туралы анық әрі шынайы ақпаратты тұрақты түрде ұсыну міндеттері көзделеді.

Сонымен бірге, радиоактивті қалдықтарды түзушілердің жауапкершілігі күшейтіледі. Заң жобасында олардың радиоактивті қалдықтарды ұлттық операторға бергенге дейінгі барлық кезеңдерде қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету, радиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтау және тиісті іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі міндеттері бекітіледі.

Бұдан бөлек, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерінің жай-күйін мониторингтеу, қалдықтардың қабылдау критерийлеріне сәйкестігін қамтамасыз ету және нақты қорғау талаптары күшейтіледі.

— Бұл құжат бойынша атом энергиясын пайдалану саласына қатысты қандай жаңа тетіктер ұсынылмақ?

— Заң жобасында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуді олардың түзілуінен бастап түпкілікті оқшаулауға дейінгі барлық өмірлік циклі бойынша кешенді реттеу жүйесі ұсынылады. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институтын енгізу көзделеді. Бұл радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму мәселелеріне орталықтандырылған тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мұнымен қоса, радиоактивті қалдықтарды сыныптау, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерін радиациялық қауіптілік деңгейі бойынша санаттау, қалдықтарды көмуге қабылдау критерийлерін белгілеу, сондай-ақ объектілер жабылғаннан кейін ұзақ мерзімді мониторинг пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктері енгізіледі.

— Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілеріндегі табиғи және техногендік апаттарға жол бермеуге қатысты қандай өзгерістер ескерілген?

— Заң жобасында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерінің табиғи және техногендік әсерлер жағдайындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары күшейтіледі. Мұндай объектілерді орналастыру, жобалау, салу және пайдалану кезінде объектінің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін сейсмикалық, гидрологиялық, климаттық және өзге де сыртқы факторлар ескерілуге тиіс.

Бұдан бөлек, авариялық дайындыққа, объектілердің жай-күйін мониторингтеуге, радиоактивті заттардың таралуын болдырмауға және штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде халық пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптар көзделеді. Сондай-ақ объектілерді ықтимал радиациялық қауіптілік деңгейі бойынша санаттау енгізіледі. Бұл тәуекел деңгейіне қарай қауіпсіздік және ден қою шараларын айқындауға мүмкіндік береді.

— Радиоактивті қалдықтарды көму бағытында қауіпсіздік бойынша түзетулер бола ма?

— Иә, заң жобасында радиоактивті қалдықтарды көму кезіндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту көзделеді. Атап айтқанда, радиоактивті қалдықтарды көму тек арнайы арналған көму пункттерінде инженерлік және табиғи қауіпсіздік тосқауылдарын қолдану арқылы жүзеге асырылуға тиіс екені белгіленеді.

Көму пункттерін орналастыру үшін алаңдарды таңдау кезінде геологиялық, гидрогеологиялық, сейсмикалық және экологиялық жағдайлармен қатар радиоактивті қалдықтардың өз сипаттамалары ескерілуі тиіс.

Сонымен бірге көму пунктінің жобалау, пайдалану, жабу және кейінгі мониторинг кезеңдерін қоса алғанда, оның бүкіл өмірлік циклі бойында қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары көзделеді.

Заң жобасының негізгі тәсілі — радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімді оқшаулауды қамтамасыз ету және олардың халық пен қоршаған ортаға әсеріне жол бермеу.

Еске салсақ, былтыр күзде Парламент Мәжілісінде «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар таныстырылды.