Рафаэль Уразбахтин: «Арсеналмен» кездесуде сапалы ойын көрсету маңызды

АСТАНА. KAZINFORM — «Қайрат» командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің сегізінші турындағы Англияның «Арсеналмен» (Лондон) кездесуінен қандай нәтиже күтетінін айтып берді.

Рафаэль Уразбахтин, Темирлан Анарбеков
Фото: Видеодан скрин

Бұл кездесу 28 қаңтардан 29-на қараған түні сағат 1:00–де Англия астанасы Лондон қаласындағы «Эмирейтс» стадионында басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Командалар 2025/26 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі турнир кестесінде бірінші және соңғы орындарда келеді. 

Рафаэль Уразбахтин турнир кестесіне қарамағанын және «Қайраттың» соңғы, «Арсеналдың» бірінші орында тұрғанына мән бермейтінін айтты.

— Біз Чемпиондар лигасында жеткілікті ойын өткізе алдық және жігіттер өзіне үлкен тәжірибе жинақтады. Алға қойған мақсатымыз және тапсырмамыз бар. Жаңа маусымға дайындаламыз. Қол жеткен жетістікті қайталауымыз керек. Барлық ойымыз — жақсы дайындалып, таңдаған жолымызды табандылықпен жалғастыру. Сондай-ақ «Арсеналмен» матчқа жігіттерді ерекше баптаудың қажеті жоқ. Әлемдік деңгейдегі клубтармен мұндай ойындар әркімнің өмірінде жиі бола бермейді. Жігіттерге қосымша мотивация берудің қажеті жоқ. Керісінше өзінің қалыпты деңгейін сақтап, сапалы ойын көрсету маңызды, — деді Рафаэль Уразбахтин.

«Қайраттың» бас бапкері Чемпиондар Лигасында «Ливерпульмен» көбірек ойнағысы келетінін атап өтті. Өйткені бұл командада бұрын неміс Юрген Клопп қызмет атқарды. Ал «Қайратта» бұрын оның ойын жүйесіне ұқсас тәжірибесі бар неміс мамандары еңбек етті. Дегенмен, ол әлемдік деңгейдегі үздік бапкер Микель Артетаның жетекшілігімен ойнайтын «Арсеналдың» ойын мәнеріне құрмет көрсететінін айтты.

— «Арсенал» Англия Премьер-лигасы өткен турында «Манчестер Юнайтедке» есе жіберді. Бұл команданың бізбен кездесуге деген көзқарасына әсер етпейді деген ойдамын. Олардың алдында өз мақсаты мен тапсырмасы бар. Қандай қарсылас екеніне қарамастан әрбір кездесуде жеңіс үшін жасыл алаңға шығады. Олар жеңіс туралы оймен бізбен кездесуге шығады және олардан қосымша мотивация күтпейміз. Лондондық клубты бізден кейін АПЛ-да маңызды ойындар күтіп тұр. Онда ротация болады деп күтемін. Командада 2 құрам бар және әр позицияда 2-3 сапалы футболшы жиналған, — деді Рафаэль Уразбахтин.

Алматылық «Қайрат» клубымен келісімшартын тағы екі жылға ұзартқан қақпашы Темірлан Анарбеков «Арсеналмен» кездесуді асыға күтетінін айтады.

— Мен бала кезімнен Англия Премьер-лигасы стадионында ойнауды армандап келдім. Міне, біз бүгін «Эмирейтс» стадионында отырмыз. Мен мұнда ойын өткізетінімізді алдын ала білгенде ерекше қуандым. Қазірге дейін Чемпиондар лигасында көптеген ойын өткізіп үлгердік. Біздің өзімізге сенімділігіміз арта түсті. Алдағы кездесуге толықтай дайын боламыз. Қарсыласымыз тәжірибелі команда екенін түсінеміз. Біз оған дайынбыз, — деді Темірлан Анарбеков.

Қақпашы «Брюггемен» кездесуде төрт гол жіберіп алғанына байланысты тиісті қорытынды жасалғанын атап өтті.

— Әр нәрсе болады, оның ішінде қателіктер де кездеседі, дегенмен бұл — ойын. «Брюггеден» кейін тиісті қорытынды жасалды. Сондықтан қорғаушылармен жұмыс барысында жауапкершілікті арттырып, оларға кемшін тұстарды айтуға көңіл бөлемін, — деді Темірлан Анарбеков.

«Қайрат» қақпашысы топ-клубтардан ұсыныс түсіп жатқан жағдайда команда басшылығы өзіне хабарлайтынын айтты. Әзірге ондай жағдай бола қойған жоқ. Сондықтан ол үшін «Қайрат» сапында сәтті ойын көрсету маңызды. Ол командамен ұзартылған келісімшартқа сәйкес қызмет атқарады. 

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайратпен» кездесуде «Арсенал» сапында кімдер қатыса алмайтыны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар