Рахман қайнарына апаратын жолдағы жөндеу жұмыстарына кедергі келтіру жағдайы жиіледі
АСТАНА.KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның басты туристік орындарының бірі – Рахман қайнарына апаратын жолды салып жатқан мамандардың еңбегіне түсіністікпен және құрметпен қарауға шақырды.
Қазіргі уақытта Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары автомобиль жолында ауқымды құрылыс-жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін танымал туристік бағытқа қатынау қауіпсіз, жылдам әрі жайлы бола түседі. Асфальтбетон жабынын төсеу кезінде жол жұмысшылары мен қозғалысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн сайын сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген. Туристік маусымның қызғанын және тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, көлік құралдарын өткізу үшін сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін қосымша уақыт белгіленді.
Бұл шектеулер қарқынды жол жұмыстарының жүргізілуіне және тар таулы учаскедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты енгізілді. Өкінішке қарай, соңғы күндері жұмыс жүргізіліп жатқан жерде кейбір демалушылар тарапынан агрессивті әрекеттер жиілеген. Жол қызметкерлерін қорлау, қоқан-лоқы көрсету, арнайы техниканың жұмысына кедергі келтіру және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерге күш қолдану фактілері тіркелді.
– Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды. Жолда еңбек етіп жүрген мамандар күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Олардың мақсаты – мыңдаған туристің Рахман қайнарына қауіпсіз әрі жайлы жетуіне жағдай жасау. Жанжал шығару, техниканың жолын бөгеу және белгіленген қозғалыс тәртібін сақтамау жөндеу жұмыстарының мерзіміне тікелей әсер етеді. Жол қызметтерінің жұмысына кедергі көбейген сайын уақытша шектеулер де ұзақ сақталады. Компания әр азаматтың табиғат аясында демалуға деген ниетін түсінеді. Жаз – туристік қозғалыс ең жоғары болатын кезең. Осыған байланысты жол қызметтері демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін күндізгі уақытта қосымша өту мүмкіндігін ұйымдастырды. Барша жол қозғалысына қатысушылардан белгіленген тәртіпті сақтауды, жұмысшылардың талаптарына түсіністікпен қарауды және өзара құрмет танытуды сұраймыз, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, күш қолдану, қорқыту, қорлау, қызметкерлердің заңды жұмысына және жол құрылысына кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баршаны сабырлылық, өзара құрмет және азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды. Бүгінгі уақытша қолайсыздық – ертең Қазақстанның ең көрікті жерлерінің біріне апаратын заманауи, қауіпсіз әрі сапалы жолдың кепілі.
Бұған дейін ақылы автомобиль жолдарын кімдер тегін пайдалана алатынын жазған едік.