Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Рақымшылық: Павлодарда борышкерлердің 200 млн теңгеден астам айыппұлы кешірілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп жатыр. Ол заңда көзделген баптар бойынша азаматтарды әкімшілік айыппұлдарды төлеуден босатуды қарастырады. 

Рақымшылық: Павлодарда борышкерлердің 200 млн теңгеден астам айыппұлы кешірілді
Фото: Pexels

Павлодар облысында әкімшілік рақымшылық 19 мыңнан астам іске қатысты қолданылған. Нәтижесінде азаматтардың жалпы сомасы 200 млн теңгеден асатын әкімшілік іс бойынша атқарушылық өндірістері тоқтатылды.

– Әкімшілік рақымшылық – бұл бір реттік ізгілік шарасы. Ол азаматтарды алдағы уақытта жасалуы мүмкін құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес толық көлемде жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Полиция азаматтарды заң мен тәртіпті сақтауға шақырады. «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы рақымшылық аясында Павлодарда 27 сотталушы толық босатылады.