Рамазан айы баршамызға мүбәрәк болсын!

Ораза - Алла тағала пенделерге міндет еткен бес парыздың бірі. Құран Кәрiмде: "Ей, иман келтiргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етiлгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етiлдi" ("Бақара" сүресi, 183-аят) деп жазылған. Мұсылмандарға ораза Пайғамбарымыздың Мәдинаға һижратынан бiр жарым жылдан соң шағбан айының оныншы күнi парыз етiлдi.
Мұсылман ай күнтізбесі бойынша әр жылғы ораза оның алдыңғы жылғы ораза уақытынан он, он бір күнге бұрын ұсталады. Яғни биыл, Рамазан айының бірінші күні тамыз айының 11-інен басталып, қыркүйектің 8-іне дейін 29 күн тұтылады.
Рамазан - араб сөзі, түбірі «рамзау» - «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», - деп түсіндіреді. Сондықтан, Рамазанды күнәлар кешірілетін ай деуге болады.
Дінтанушы ғалымдардың айтуына қарағанда, ораза барлық діндерде, тіпті, илаһи діндерде бұрыннан бар. Оларда тек ораза ғибадатын орындау міндеті әртүрлі. Мысалы, көне мысырлық балгерлер жылына жеті күннен жеті аптаға дейін ораза ұстапты. Қытайлықтар болса, бастарына бір іс түскенде өздерін ораза ұстауға мәжбүрлеген. Кейбір қытайлықтар мен тибеттіктер оразаны жиырма төрт сағат ұстаған екен, гректер де әйелдерін көбірек ораза ұстауға міндет еткен. Сол сияқты юнондық тайпалар оразаны соғыс бастамас бұрын, бірнеше күн қатарынан ұстаса, римдіктер мен итальяндықтар жауға қарсы шабуылда жеңіске жетудің бірден-бір амалы - ауыз бекіту деп санаған.
Сондықтан оразаны - төзімділік пен шыдамдылыққа шынықтыратын, рухани күшпен қатар, ағзаға шипа беретін ғибадат деп айтуға болады.
Медициналық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден тыйылудың көптеген дерттерге қарсы пайда екендігі бұған дейін ғылыми түрде зерттеліп, дәлелденген. Біріншіден, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтіп, көптеген сырқаттарға қарсы тұру қабілетін арттырады. Екіншіден - семіздік пен оның салдарынан сақтайды. Әдетте семіздікке ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуы алып келеді. Ал ас қорыту мүшелерінің бұзылуына әкеп соқтыратын бірден-бір факторлар - қоршаған орта, жан күйзелісі мен қоғамдық қысым. Ораза уақытында құлшылық ете отырып, Аллаға бағыштап зікір жасау, құран оқу - ашу-ыза мен шиеленістен өзін алыс ұстатады, денесі мен рухының барлық күш-жігерін пайдалы және оңды бағытқа салады. Үшіншіден - бауырда тастардың жиналуынан, қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Төртіншіден, жыл бойы үздіксіз тамақтану, әсіресе консервіленген және жартылай фабрикатты тағамдарды қолдану, дәрі-дәрмектер ішу мен ластанған ауа салдарынан денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғайды.
Жалпы, ораза болсын, Алла тағала өз құлдарының мойнына міндет еткен басқа да амалдар болсын, барлығы да бірінші кезекте адамдардың өздеріне шарапат әкеледі. Құдайға шүкір, Жаратушының бұл кеңдігін жіті түсініп, иманға бет бұрғандардың қатары күн санап артып келе жатқандығын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жатыр. Оның бір дәлелі - республика аумағында күн санап артып келе жатқан мешіттеріміз.
ҚР Мәдениет министрлігі Діни істер комитетінің Діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы Бауыржан Әмірбековтың айтуынша, 2010 жылғы шілденің 1-іне дейін ҚР Әділет министрлігіне 3818 діни бірлестік ресми тіркелген. Оның сыртында жергілікті әкімдіктердің тіркеуінде тұрған 644 діни топ (мінәжат етушілер саны аз) бар. Ал сол 3818 діни бірлестіктің 2371-ін - мешіттер құрайды. Айта кетейік, 2007 жылы олардың саны 2 мыңның маңайында болды.
Мәселен, 2000 жылдың басында Астана қаласында бір ғана мешіт болса, қазір мұнда 4 мешіт жұмыс істейді. Онымен бірге, қазір қаладағы қырқыншы стансы мен Астрахан тас жолы бойында жаңа тағы екі Алла үйі бой көтеріп жатыр.
2005 жылы Астанада 10 мың орынға есептелген «Нұр-Астана» мешіті ашылғанда, мешіт имамдарының өзі «мұндай зәулім мешітті адаммен толтыру мүмкін болар ма екен?», деп сенімсіздіктерін білдіргені жасырын емес. Қазір Құдайға шүкіршілік етіп, мешітке келушілер толастамайтынын айтуда.
Алдағы жақын жылдары елордалықтар үшін Астананың сәулетіне келіскен тағы бір мешіт пайда болады. Тәуелсіздік сарайына іргелес бой көтеретін Хазірет Сұлтан мешітінің алғашқы кірпішін, 2009 жылғы маусымның соңғы күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған болатын.
5 мың орынға арналған жаңа мешіт заманның озық талаптарына сай болады деп күтілуде. Жас қаламен бірге оның руханияты да бірге өсіп келе жатқаны аса қуантарлық жайт. Астана мешіттері табалдырығымыздан аттағалы тұрған Рамазан айында көпшілік жамағатқа рухани қызмет етуге сақадай-сай дайын отыр. Алайда, қасиетті Рамазан айында бір ай бойы ұсталатын ораза ғибадатының өзіндік бұзатын не бұзбайтын амалдар секілді басқа да шарттары мен талаптары бар. Сол себепті, біз Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Қалижан қажы Байырбекұлы Заңқоевты әңгімеге тартып, оразаның дұрыс орындалу шарттары мен бұл айда Алланың рақымына бөленуге мүмкіндік беретін істер жайында толығырақ білген едік.
«Қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен шүкірлер болсын! Рамазан оразасының қыр-сырын үйреткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с) Алланың сәлемі мен салауаты болсын! Баршамыз асыға күткен Рамазан - игілік пен береке, кешірім және мейірім һәм қайырымдылық айы. Ол жайында Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 185 аятында: «Рамазан - адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Аллаһ сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» деп жазылған», - дейді ол.
Әңгімені оразаның ең берекелі уақыты - сәресінен бастайық. Сәресін таң намазының уақыты кіргенге дейін 10-15 минут бұрын ішкен абзал. Ауыз бекітерде «Таң атқаннан күн батқанға дейін, Алла тағаланың ризалығы үшін мүбәрак рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім», деп әр күн үшін арнайы ниет етіледі.
Ауызашар. Ауызды ақшам намазының уақыты кiрген соң, ақшам намазын оқымай тұрып: «Жаратқан ием! Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтіріп, берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!» деп ниет етіп, құрмамен не болмаса сумен ашу сүннет.
Оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар. Ораза ұстаушыұмытып су ішіп немесе тамақ жеп қойса, ораза бұзылмаған болып есептеледі. Мұндай кісі аузы берік екендігі есіне түскен сәтте лезде ішіп-жеуді доғаруы шарт. Ал егер «тамақ жеп қойдым, енді оразам ашылып кетті» деген оймен аузын ашып жіберсе, оразаның қазасын (өтемін) тұтып беруі парыз болады. Сондай-ақ түкірікті жұтқанда,әйелінің денесіне қолын тигізген және сүйген жағдайда ораза бұзылмаған болып есептеледі. Сонымен бірге, дәрі-дәрмек ішу, қантамырға дәрі егу де оразаны бұзады. Ал дененің сыртына, жара үстіне йод, май секілді дәрі-дермектерді қолдана беруге рұқсат.
Денсаулық жағдайына, не басқа да себептерге байланысты ораза ұстай алмаған жағдайда. Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі саналады. Сондықтан, Рамазан айына аман-есендікпен жеткен, өзін мұсылман санаған балиғат жасындағы адамға ораза ұстамау - үлкен күнә саналады. Дегенмен, бұл айданауқастанған кісіге оразасын ауруынан айыққан соң, жолға шыққан кісі болса, сапарынан оралған соң өтеуге болады. Жолаушы кісі ағзасына ауыр көрмесе, оразаны сапарда жүріп те ұстауына ешқандай қарлысық жоқ.
Рамазан айында мол сауапқа кенелудің бір жолы - пітір садақа беру. Пітір садақасын Рамазан айы басталған күннен бастап, Айт намазына дейін беріп үлгерген дұрыс. Пітір садақа берілетін өнімнің бағасы әр өңірде әр түрлі. Өйткені, пітір берілетін азық-түлік жергілікті базар нарқымен өлшенеді. Пітір садақасын бидай, арпа, мейіз және құрмамен беруге болады. Дегенмен, пітірдің бағасы жергілікті базардағы бөлшек нарықпен есептелуі тиіс Алайда, Астана қаласындағы көк базарларда бидай мен арпа сатылымда жоқ. Бұл жағдай басқа да облыс және аудандарда да солай болуы ғажап емес. Оның орнын күнделікті қажеттілігімізге айналған ұн және оның өнімдері басып отыр. Демек, бүгінде халық көп тұтынатын бидайдың өнімін ұнмен өлшеген жөн. Мысалы, Астана қаласындағы ұнның бағасы 70-95 теңге аралығында. Ал, мейіздің бағасы 900-1500 теңге болса, араб құрмасының бағасы 2500 теңге. Егер пітір садақасын 2 келі ұн бойынша беретін болсақ, жан басына 140-190 теңгеден келеді. Мейіз бойынша (2кг) 1800-3000 теңгені құраса, 4 келі құрма бойынша 10000 теңге болып отыр. Бұл өнімдердің барлығы да пітір садақасын беруге шариғат ұсынған өнім түрлері. Бізде ежелден пітір садақасын бидай құнымен өлшеп беру әдетке айналған.
«Ал, енді кімде кім пітір садақаны осы көрсетілген баға бойынша беруге қиналса, «пітір садақасын беру» күнделікті қажетінен артық байлығы нисапқа жеткен қалталы мұсылмандарға міндет болған ғибадат екенін әсте естен шығармайық. Ал, бұған шамасы жетпейтін мұсылманға пітір садақасын беру міндет емес. Рамазан айының қарсаңында өткен ҚМДБ-ның кезекті төралқа мәжілісінде жоғарыда келтірілген деректерге сүйене отырып, Астана қаласындағы биылғы пітір садақасы ұнмен өлшеніп, кісі басына 140 теңге болып бекітілді. Сондай-ақ, Өскемен, Семей, Қызылжар, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Жезқазған және Ақмола облыстарындағы мұсылмандар да осы бағамен пітір садақасын береді», деп атап өтті Қ.Заңқоев.
Пітір садақасын берерде ниет ету керек. Бірақ оның садақа екенін берген кісіге айту қажет емес. Бұл садақаны мұқтаж жандар мен ілім жолындағы студенттерге беру де үлкен сауап.
Рамазан - жомарттық ай. Бұл берекелі айда жанашырлық көп жасалатындықтан, ораза айында зекет те беру маңызды.
Бас имамның айтуынша, қоғамымызда жүректері «үлкен» азаматтар қашанда көптеп кездеседі. Солардың бірі, Рамазан айының қарсаңында «Нұр Астана» мешітінің ішкі және сыртқы дыбыс күшейткіш қондырғыларын өз қаржысы есебінен түгелдей жаңартқан - елордалық тұрғын бар. «Бұл азаматтың демеушілігі арқасында мешіттің ішіне 39 күшейткіш, сыртына 46-сы қойылды. Олардың барлығы Біріккен Араб Әмірліктерінен арнайы жеткізілді. Қасиетті Рамазан айының алдында жасалып отырған бұл игі шара елордалық мұсылман жұртшылығын қуанышқа бөлейтіні сөзсіз. Өйткені, мешітте айтылған уағыз-насихаттың әрбір жамағатқа анық естілуіне бұл қондырғылардың көмегі ұшан-теңіз. Сондықтан сауапты іске қомақты қаражат жұмсаған бауырымызға Алла разы болсын дейміз».
Ораза тұтқандарға арнап ауызашар берудің сауабына тоқталатын болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді», - деген. Аузы берік адамға бір құрма немесе зәйтүн тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді. Хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған.
Қ.Заңқоевтың айтуынша, Рамазан айының алғашқы күнінен бастап, соңғы күніне дейін «Нұр Астана» орталық мешітінде 500 кісіге арналып ауызашар дастарханы жайылады. «Мұндай жәйт бұрын-соңды Астана қаласында болмаған. Сондықтан ораза ұстаған елорда тұрғындары мен қонақтарын Рамазан айының әр күні ауызашар дастарханына шақырамыз», - дейді ол.
Рамазан айына ғана тән - Тарауих намазы туралы. Рамазан - он екі айдың ішіндегі ең абзалы, ең қадірлісі. Өйткені осы айда Алланың күллі адамзатқа жіберген кітабы - Құран Кәрім түсірілді. Мұсылмандарға рамазан айында қасиетті Құранды көбірек оқу және оны бір хатым жасау - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сондықтан, осы айда мешіттерде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі. Тарауих намазында қасиетті Құранды толығымен жатқа айтатын хафиз қари ер кісі жамағаттың алдына шығып, имамдыққа өтеді. Тарауих сөзінің мағынасы «тынығу», «демалу», «рахаттану» деген мағыналарды білдіреді. Тек рамазан айына тән бұл намаз түрі 20 рәкәттан тұрады және ол оразаның әр күнінде құптан намазынан кейін, үтір намазынан бұрын оқылады. Тарауихты мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады.
Жаратушыға жақындай түсу үшін мұсылмандарға нәсіп етілген амалдардың тағы бірі - таң атқанша көз ілмей, Алла тағала атына мадақ айтып, құлшылық жасап, Қадір түнін өткізу болып табылады. Өйткені, дәл осы Қадір түнінде адамзатты Алла жолына алып баратын - Құран Кәрім түсті. Бұл жайлы арнайы «Қадір» сүресі де түскен. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде қадір түнінің қасиеті жайлы: «Кімде-кім сауабын тек қана Алладан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», - деп айтқан. Қадір сүресінде аталған түнде жасалған құлшылық сауабы мың ай (мың ай - 83 жыл, 4 айға тең келеді) жасаған ғибадатқа тең екендігі айтылған. Мүбәрак ай ішіндегі берекетті, сауабы мол, дұға-тілек қабыл болатын түнді әрбір мұсылман құлшылықпен өткізері шүбәсіз. Биыл Қадір түні қыркүйектің 5-інен 6-сына қараған түнге сәйкес келіп тұр.
Рамазаннан кейін келетін - Шәууәл айында 6 күн ораза ұстау бір жылдық оразаға тең амал. Шәууәл айының оразасын сол айдың ішінде кез-келген күні ұстауға болады. Оны қатарынан үзбей немесе күндерін үзіп-үзіп ұстауға болады. Бірақ айт өтісімен кезекпен толықтай ұстау - абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шәууәлда ораза тұтуға үндеп, оның сауабы молдығын айтып: «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейін шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей», - деген.
Бір ай бойы Алла ризалығы үшін ауыз бекіткен жандарға оразаларын ашуға рұқсат етілген - ораза айт күндері жайында. Ораза айт мерекесі биыл қыркүйектің 9, 10, 11 күндері атап өтіледі. Айт намазы Астана мешіттерінде таңертеңгі сағат 7.00-де оқылады.
Айт сөзі - «мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді. Жиырма тоғыз күн ораза ұстап, ауыз бекіткен мұсылман баласы бұл күні әуелі айт намазына мешітке бет алады. Мешітте имамның уағыз-насихатын тыңдап, жамағат болып намаз оқиды. Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып бір-бірін Айт мерекесімен құттықтап, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.
Басқа ғибадаттарға қарағанда, оразаның сауабы тым көп болғандықтан, санмен шектелмейді. Сол үшін Алла тағала: «Оразаның сауабын өзім берем, яғни сауабының көптігі маған ғана аян», - дейді. Сондықтан: «Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!» дей отырып, «қасиетті Рамазан айында қолдан келген сауапты істерді жасаудан аянбаңыздар», -деген игі тілегімізді білдіреміз.