Рамазан Оразов даниялық «Силькеборг» ойыншысы атанды

футбол
Фото: silkeborgif_officiel

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық футболшы Рамазан Оразов даниялық клубтың қатарын толықтырды. 

«Ақтөбе» футбол клубы Рамазанның «Силькеборг» командасына (Дания) ауысқанын ресми түрде хабарлады.

Оразов 2021 жылы «Ақтөбе» сапын толықтырып, 2022 жылы ақ-қызылдармен бірге Қазақстанның күміс жүлдегері атанған болатын. Қостанайлық «Тобыл» сапында да сәтті маусым өткізіп, еурокубоктық ойындарда тамаша ойынымен көзге түсті. Швейцариялық «Базель» командасына гол соғып, еуропалық скауттардың назарын өзіне аударды. Кейін словениялық «Копер» ойыншысы атанып, онда бір маусым өнер көрсеткеннен соң «Ақтөбеге» қайта оралды.

Дат клубының спорт директоры Йеспер Стюкер қазақстандық футболшының ойынына жоғары бағасын берді. 

«Ол алаңды жақсы көре біледі және допты өзінде керемет ұстайды. Оразовқа қызығушылық танытып, ойынын бақылап жүргенімізге бір жылдан асты. Скауттар оны Қазақстан құрамасының сапында Данияға қарсы өткізген ойынынан кейін байқады», - деді «Силькеборг» клубының өкілі.

Йеспер Штюкер Рамазан және оның агентімен тез тіл табысып, ортақ мәмілеге келгенін де атап өтті. 

«Біз Қазақстаннан ойыншыны күнде шақыра бермейміз. Бірақ мен де, бас бапкер Кент Нильсен де Оразовпен тез тіл табысып кеттік. Оның қалаға, жергілікті чемпионатқа тез бейімделіп кететініне сеніміміз мол», - деді функционер.

Рамазан Оразов «Силькеборг» клубына ресми түрде 26 маусым күні ауысады. Оған дейін «ақ-қызылдар» сапындағы барлық ойынға қатысады. 

Айта кетейік, «Силькеборг» – Дания кубогының иегері. Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. 

Соңғы жаңалықтар
telegram