Рашид Алимов Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуіне баға берді
БЕЙЖІҢ-АСТАНА. ҚазАқпарат - ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов Қазақстан Республикасының ұйымға төрағалық етуін қорытындылап, оған өзінің бағасын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұйымның барлық қызметтерін қамтитын 300-ден аса іс-шара іске асты. Шаралардың басым бөлігін біз Қазақстан Елшілігімен бірлесіп ШЫҰ штаб-пәтерінде өткіздік. Олар Қазақстан мәдениеті күнінен бастап ШЫҰ саммиті мен ЭКСПО халықаралық көрмесі өтетін әлемдегі ең жас қаланың тұсаукесерімен аяқталған айтулы деген шаралар», - деді Р. Алимов.
Бас хатшының сөзіне қарағанда, тұңғыш рет қазақстандық тараптың бастамасымен ШЫҰ жастар пікірталас сайысы өткізілді.
«Біз қазақстандық достарымыздың қызықты идеясының арқасында ұйым жұмысын жаңа белестерге шығара алдық. Алдымызда өтетін саммит шынымен де тарихи оқиға болатындығына сенемін», - деп түйді Рашид Алимов.
Еске салайық, 2016 жылдың 25 маусымынан бастап ШЫҰ-ның келесі саммиті өтетін (Астана қаласында) 2017 жылдың 8-9 маусымына дейін Қазақстан Республикасы ШЫҰ-ға төрағалық етеді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басымдықтары ретінде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық қарым-қатынасты нығайту, көліктік-транзиттік әлеуетті кеңейту және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты алға жылжыту мәселелерін атап өтті.