Рацион жаңартылды: Әскери тамақтың құны мен калориясы артты

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі жалпыәскери азық-түлік үлесінің құны 900 теңгеге өсіп, 3 150 теңгені құрады, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Әскери қызметшілердің азық-түлік үлесінің құны артты
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл шешім Мәжіліс депутаттарының, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, Қаржы министрлігінің және күштік құрылымдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде қабылданды.

Ведомствоаралық топ Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерін тамақтандыруды ұйымдастыру үшін қосымша бюджет қаражатының қажеттілігін есептеді.

обед, ужин, тамақтану
Фото: Қорғаныс министрлігі

2025 жылғы тамыз айында республикалық бюджет комиссиясы азық-түлік себетінің құрамы мен нарықтағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, қосымша қаржы бөлу туралы шешімді мақұлдады.

— Жалпыәскери үлес 48 түрлі өнімнен тұрады, оның жалпы калориялығы — 4 321 ккал. Рационға сиыр және құс еті, балық, күріш, қарақұмық, макарон және шұжық өнімдері, сүт тағамдары, нан және басқа да азық-түлік кіреді. Сонымен қатар, әрбір әскери қызметші күн сайын 200 грамм жеміспен қамтамасыз етіледі.
Жекелеген санаттағы әскери қызметшілер үшін арнайы рациондар қарастырылған. Мысалы, ұшқыштарға арналған үлес 52 түрлі өнімнен тұрады, оның калориялығы — 4 834 ккал, теңіз үлесі — 50 өнім (4 553 ккал). Сондай-ақ шамамен 4 500 ккал болатын басқа да үлес түрлері бар, — делінген ведомство хабарламасында.

Әскери қызметшілердің азық-түлік үлесінің құны артты
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазір Қарулы Күштерде азық-түлікпен қамтамасыз етудің 16 негізгі нормасы қолданылады. Олардың қатарында жалпыәскери, десанттық-шабуылдаушы, теңіз, ұшу, биік таулы, емдік және жеке рациондар бар. Бұған қоса, қызмет жағдайына және атқарылатын міндеттерге байланысты қолданылатын сегіз қосымша үлес әзірленген. Олар мерекелік күндерге, құрмет және түнгі қарауылдарға, емделіп жатқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ донорларға арналған.

Әскери қызметшілердің азық-түлік үлесінің құны артты
Фото: Қорғаныс министрлігі

Азық-түлік үлесі құнының өсуі әскери қызметшілердің тамақтану сапасын арттыруға, денсаулығын нығайтуға және әскердің жоғары жауынгерлік даярлығын сақтауға бағытталған.

Әскери қызметшілердің азық-түлік үлесінің құны артты
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұдан бұрын 2025 жылы Қазақстанның әскери қызметшілеріне қандай әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум