Реаниматолог: Жүрек тоқтаған кезде әр секунд маңызды
АҚТАУ. KAZINFORM – Өмір мен өлім арасындағы арпалыста дәрігердің әр шешімі аса маңызды. Әсіресе реаниматологтар науқастың жағдайы санаулы минут ішінде өзгеретін сәттерде шұғыл әрі нақты әрекет етуі керек. Бұл - кәсіби біліммен қатар, үлкен жауапкершілікті талап ететін сала.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Мәулен Жұмадиллаев реанимациядағы жұмыс, алғашқы көмектің маңызы және бұл мамандықтың қиындықтары туралы айтып берді.
– Медицинаға, оның ішінде реаниматологияға қалай келдіңіз?
– 1985 жылы Шардара ауданындағы қазіргі Ұзын-Ата кентінде дүниеге келдім. Ата-анамның қолдауымен Қарағанды медициналық академиясына түсіп, жеті жыл білім алдым. Неврология мамандығын тәмамдадым.
2009 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Павлодар облысының Баянауыл ауданына барып, еңбек жолымды бастадым. Маман тапшылығына байланысты анестезиолог-реаниматолог мамандығын меңгеретін болып, қосымша білім алдым. Кейін Баянауылға оралып, осы салада жұмысымды жалғастырдым.
– Реанимация бөліміне қандай науқастар түседі?
– Мұнда өміріне қауіп төнген, жағдайы ауыр және шұғыл медициналық көмек қажет науқастар жатады. Олардың арасында жүрек пен тыныстың тоқтауы, ауыр жарақат пен қан жоғалту, инсульт, ми жарақаты, миокард инфарктісі, сепсис, улану, ауыр күйік, операциядан кейінгі асқынулар, кома және көп ағзалық жеткіліксіздік жағдайлары бар.
Соңғы жылдары сепсис, ауыр инфекциялар, тыныс алу жеткіліксіздігі, жүрек-қантамыр ауруларының асқынған түрлері мен ауыр жарақаттар өзекті болып отыр. Біздің бөлімде жылына шамамен 3-4 мың ауыр науқасқа медициналық көмек көрсетіледі. Жағдайы тұрақтанған соң олар бейінді бөлімшелерге ауыстырылады.
– Жүрек тоқтаған кезде алғашқы минуттардың маңызы қандай?
– Мұндай жағдайда әр секунд маңызды. Көмек неғұрлым ерте көрсетілсе, адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Егер адам ес-түссіз әрі қалыпты тыныс алмай жатса, бірден 103 немесе 112 нөміріне хабарлап, жүрек-өкпе реанимациясын бастау қажет. Кеуде қуысының ортасына жүрек массажын жасау керек. Жақын жерде автоматты сыртқы дефибриллятор болса, оны қолданған жөн.
Ең бастысы – «дұрыс істей алмай қаламын» деп қорықпау. Еш әрекет жасамай күтуден гөрі, дер кезінде көрсетілген қарапайым көмектің өзі адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
– Реанимацияға түскен адам міндетті түрде өлім аузында болады деген түсінік дұрыс па?
– Реанимацияға көбіне жағдайы өте ауыр науқастар түсетіні рас. Бірақ реанимацияға жатқызылған әр адам өлім аузында деген сөз емес. Кейбір науқастарға өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылау, жасанды тыныс алдыру немесе қарқынды ем қажет болады. Мысалы, күрделі операциядан кейін науқас белгілі бір уақыт реанимацияда бақылауда болуы мүмкін. Сондықтан бұл бөлімді тек «өлім аузындағы адамдар жататын жер» деп түсінуге болмайды. Негізгі мақсатымыз - науқастың жағдайын тұрақтандырып, өмірін сақтап қалу.
– Реаниматолог жұмысының ең қиын тұсы неде?
– Бұл жұмыс физикалық тұрғыдан да, эмоционалдық жағынан да ауыр. Бір ауысымда бірнеше ауыр науқаспен қатар жұмыс істеуге тура келеді. Кейде жағдай бір сәтте күрт нашарлап, шұғыл шешім қабылдауды талап етеді.
Ең қиыны – барлық мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл команда болып күрескенімізбен, кейде науқасты аман алып қала алмайтын жағдайлар болады. Бұл дәрігер үшін өте ауыр.
Бірақ жұмыстың үлкен қуанышы да бар. Реанимацияға ауыр жағдайда түскен адамның бірнеше күннен кейін есін жиып, өздігінен тыныс алып, жақындарымен сөйлескенін көру - дәрігер үшін үлкен бақыт.
– Реанимацияда есте қалған оқиға бар ма?
– Мұндай жағдайлар көп. Нақты науқас туралы кәсіби құпияға байланысты айта алмаймын. Бірақ бір оқиға есімде ерекше қалды. Жағдайы өте ауыр науқастың жүрегі тоқтап, бүкіл команда бірден реанимациялық шараларға кірісті. Әр маман өз міндетін нақты орындап, ұзақ уақыт бойы күрестік. Ақыры жүрек соғысы қайта қалпына келіп, науқастың жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Кейін ол реанимациядан бейінді бөлімге ауыстырылды. Осындай сәттер реанимацияда үмітті ерте үзбеу керектігін көрсетеді. Кейде адамның өмірі санаулы минуттарға байланысты болады.
– Адамдар қандай белгілерге немқұрайлы қарамауы керек?
– Кеуде тұсының қатты ауыруы, ентігу, суық тер басу, сөйлеудің кенеттен бұзылуы, бет қисаюы, қол-аяқтың әлсіздігі немесе жансыздануы, тыныс алудың қиындауы, есінен тану, құрысу, кенеттен қатты бас ауруы, көп қан кету немесе ауыр жарақат кезінде уақыт жоғалтпау керек.
Мұндай жағдайда өздігінен емделмей, медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Ал өмірге тікелей қауіп төнсе, жедел жәрдем шақыру қажет.
– Реаниматолог болғысы келетін жас маманға қандай қасиеттер қажет?
– Ең алдымен, адам өміріне деген жауапкершілік пен мамандыққа деген шынайы сүйіспеншілік керек. Сабырлылық та маңызды. Себебі реанимацияда жағдай бірнеше секундта өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар үнемі ізденіп, білімін жетілдіруге дайын болу қажет. Медицина бір орында тұрмайды, жаңа әдістер мен технологиялар енгізіліп жатыр. Ең бастысы – кәсібилік пен адамгершілікті қатар алып жүру. Әр науқас – бір отбасының жақыны. Оған өз жақыныңдай жауапкершілікпен қарау керек.
– Бұл мамандықтың сіз үшін ең үлкен құндылығы неде?
– Адамның өмірін сақтап қалу - ең үлкен қуаныш. Бір кездері өмірі үшін күрескен науқастың кейін өз аяғымен келіп, «Дәрігер, рақмет, өмірімді сақтап қалдыңыз» деген сөзін есту - осы мамандықтағы ең үлкен марапат деп ойлаймын.
Бұған дейін, Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда әлі дүниеге келмеген екі балаға күрделі емшара жасады.