Редактор бағаны. «Бес арыстың» бағасын білгенімізбен сөз құдіретін терең түсіне алдық па?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кешегі 90 жылдары, тәуелсіздіктің ақ таңы атып, қазақ тамырынан, өзегінен нәр ала бастады. Әрине, бұл күнде Қазақстан әлем таныған елдердің қатарында. Дегенмен, өзіңді тану, өз болмысыңды білуге деген құштарлық сол кездегі еркіндік дәуірінің алғашқы тұсында үлкен екпінмен басталған-ды. Тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып, жазықсыз жапа шеккен арыстардың аты еркін атала бастағанда ел азаматын жоқтап емес, қайта кешегісімен қауышқандай сусап, бір мауқын басқан еді. «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарттық агенттігі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап, оқырманға жаңа жоба ұсынбақ. Бұл жобада ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары жарық көрген, тарихи бетбұрысқа себеп болған шығармалар, ғылыми еңбектерді жариялау қарастырылып отыр. Оның мақсаты - қазіргі ақпараттық заманда құнды шығармаларды Интернет «тіліне аударып» оқырманымен қайта қауыштыру.

Редактор бағаны. «Бес арыстың» бағасын білгенімізбен сөз құдіретін терең түсіне алдық па?

«Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы.

Танисың ба, сен, мені?

Мен - қазақтың баласы!» ,- деп Қасым ақын жырлағандай Тәуелсіздікпен бірге қазақ елі ғасырлар бойы қамыт болған бодандық түнегін сыпыра оянды. Сол тұста кешегі зұлмат жылдары сұраусыз атылып, асылып кеткен қаншама авторлардың тарихи, әдеби шығармалары өзінің шын оқырманына жетіп, рух өзегінен қанып су ішкен-ді. Осы кезде оқырман қолына асыға жеткен, 1992 жылы қиын-қыстау кезеңнің өзінде 30 000 тиражбен шыққан «Бес арыс» кітабы іздегенге сұраған болды. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов туралы қаламгерлердің арысы 30 жылдары берісі, тың деректерге толыққан жаңа шығармалары жинақталып басылды. Кітапқа пікір жазған жазушы Сәкен Жүнісов:

«20-30 жылдар -шимайы көп, шытырманы мол аса күрделі кезең. Ол уақыттағы соқтықпалы, соқпақты сан сораптан сүрінбей, бір-біріне сүйкенбей өткендер аз. Осы мәселеге орай жинаққа авторлар іріктегенде моральдық құқ дегенге де ден қоюға тура келді», деп жазды.

Бұл жерде автор ғана емес, оқырманның да моральдық ақысы барын жазушы меңзеп отыр. Соны астарлап жеткізген жазушы ағамыз ары қарай:

«Нәтижесінде, «Бес арыс» - халқымыздың тек аяулы бес перзенті туралы ғана емес, олармен қанаттас, қатарлас жүрген көптеген қайраткерлер хақында да қажетті деректер беретін, солар арқылы алғашқы қазақ интеллигенциясының тағдыр-талайына шама-шарқынша барлау жасай алған, елдің әр кезеңдегі ақыл-ойы мен мәдениетін қайғысы мен қасіретін, бұралаң-бұлдыр жолдарын, алға тартатын біршама толымды жинақ болғандай», - деп жазады.

Айта кету керек, жинақта Ғабиден Мұстафиннің 1979 жылы 6 ақпан күні күнделігіне жазған «Сыр ашуы» да берілген. Бұл күнде Алаш арыстарының есімдерін еркін атап жүргенімізбен, сол 70-ші жылдардың аяғында ол туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты еді.

Ғабиден Мұстафин сол «Сыр ашу» естелігінде:

«Ахмет, Мағжан Жүсіпбек, Шәкәрімдердің ғылыми, әдеби, тамаша еңбектері әлі көмулі жатыр. Неге? Өйткені, ол еңбектерді ұрлап, жырымдап пайдаланып атақ алғандар, қарнына қазы біткендер бар. Бұлар көмбені ашқызбауға тырысады. Ашылса, өздерінің қоясы ашылады. Әдебиетте мен сияқтылар совет дәуірінің бұрынғысы мен қазіргісін басынан кешіре отырып, әділетті бүркеп кетсек, кейінгілер не демек? Біз бүркегенмен, олар ашады. Қазақ тарихы, қазақ әдебиеті жойылмаса, Ахмет, Мағжан Жүсіпбек, Шәкәрімдер жойылуы мүмкін емес. Тарихымыздың төрінен орын алады олар. Сондықтан, мен осы «Сыр дәптеріме» жазып кеттім, кейінгілердің қарғысына ұшырамауды ойладым. Дүниеден өзің кеткенмен, ізің қалса болғаны. Сол ізбен келіп сырыңды ашады кейінгілер», деп жазды. Сөз таныған адам жазушының ар қиналысын ғана емес, болашақта ақиқат таңы ататынын сезіп жазғанын аңғарары нық. «...кейінгілердің қарғысына ұшырамауды ойладым», - дейді Ғабиден Мустафин. Анығын айту керек, біз аласапыран заманның тарихын қал-қадірімізше танып, бүгінде өз деңгеймізде баға беріп келеміз. Алайда, сол қиын тағдыр ғана емес, сырлы шығармалар иелерінің сол кездегі мағыналы сөздерін бұл күнде толық тарқата алып жүрміз бе? Тарқатып, таратып қана қоймай, күнделікті өмірімізде насихат сөздерін үлгі ете алдық па? Осы орайда, өткенге тағы бір зер салып, кешегінің айтқаны мен бүгінгі ой-тұжырымды таразы басына қойып қарағанға не жетсін дейсің. Осы мақсатпен жаңа жоба аясында 1992 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Бес арыс» кітабындағы шығармаларды рет-ретімен жариялауды жөн көрдік. Ендігі кезекте Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы зерттеуші Бейбіт Сапаралиннің «Қас қайсы, қаза қайсы, таза қайсы» еңбегін оқырман назарына ұсынамыз.

Бұл еңбекте тарих қойынауында қалып бара жатқан құнды естеліктер жетерлік. Соның ішінде ғалым Е. Букетовтің Шәкірім қазасына тікелей себепші болған Абзал Қарасартовпен екеуара әңгімесі және ақын Хамид Ерғалиевтің ақын өліміне қатысты арнайы комиссия жұмысынан шынайы естелігін оқуға болады. Шығарма ықшамдалып алынды.

***
Бейбіт Сапаралин

«ҚАС ҚАЙСЫ, ҚАЗА ҚАЙСЫ, ТАЗА ҚАЙСЫ...»

Абайдың әдеби мектебі: қалыптасу жолдары: оның аса көрнекті өкілдері творчествосындағы саяси-әлеуметтік сарындар; жарты ғасырға созылған ұлттық трагедия.

...1904 жылы қазақ сахарасын дүр сілкінткен оқиға болды. Шыңғыстау өлкесінде айықпас құсаға, қапаға бой алдырған ұлы Абай жарық дүниемен бақұлдасты. Қалың елі енді қайталанбас біртуар перзентімен қабырғасы қайыса қош айтысты. Абайдың әдеби мектебінің төл шәкірттері Мағауия, Ақылбай сынды асылдың сынықтарынан да айырылып қалған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы қалың қайғыға батты. Абай мектебінің тікелей төрт шәкірті қатарына қосылмағанымен (М. Әуезовтың көрсе туінше олар -- Шәкәрім, Көкбай, Мағауия, Ақылбай), осы одеби мектептің айрықша тұлғалы өкілдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов ұлы ақын өлеңдерін ел ішінен тірнектеп жинап Абайдың өзіне жолығып, келісімін алып кітап етіп бастырсам ба деп ниеттеніп жүргенде, тауы шағылып, назары қайтты.
«...Ибрагим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда, даныш пандығы - ғұлама философ еді. Көр елде туды да, қор лықпен өтті»,- деп ЦІәкәрім толғаныспен жазғанындай, ендігі жерде Абайды ғұлама-ұстаз тұтқан зерделі қауым ұлы ақын мұрасын жалпақ жұртшылыққа тарату, үлгі- өсиет етіп шашу жолын ұстанады.
Абай ағаның көзі тірісіндегі: «Сен қырық жасқа толғанда, бар жол қаражатыңды өзім беріп, білім іздетем... Ертедегі грек ғалымдарының білімін Стамбулдан табасың, ежелгі араб білімін Мекке, Мәдинадан табасың, Мысырдағы Александр салдырғаң кітапханадан көп ғалымдардың шығармаларымен танысасың, осы төрт жерге жіберемін»,-
деген аманатын арқаланып, жақын ағайындардың «жақсы көретін ағасының үш жылын күтпеді» деген күңкіл-шүңкіліне құлақ асудан гөрі, ұлы адамға берген сертін орындауды асқақ мұрат тұтынып, Шәкәрім араға жыл салып алыс сапарға аттанып кетеді. Стамбулда, Меккеде, Парижде болып қайтқан кезеңнен соң да, Абай өсиетімен шежіре жазып тәмамдағаннан кейін де, ақын өлең-жырларында алып тұлғаны жоқтау сарыны есіп тұрады.
«Қазақтың бас ақыны - Абай. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»,- деп ақиқат ойын төгілдірген, Абай үлгісімен қазақ өмірінен алып «Қырық мысалды» жазған Ахаң да Абайтану қаз тұруына қатты қайрат көрсетеді (Қараңыз: А. Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны, «Қазақ» газеті. 1913 жыл. № 39, 41, 43).

XX ғасырдың бастапқы шеніндегі көшпелі қазақ жұр тының қоғамдық құрылысына сыни ойзердемен назар тастап, отар елдің ерғашты хал-күйіне, Абай үлгі нұсқаған тереңдіктерге құлаш ұра отырып ден қойған Ахмет Байтұр сынов «Маса» болып «ызыңдай шағып», ел санасын оятып, саяси-әлеуметтік сарыны сан тарам «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ»... өлеңдерін дүниеге әкелді.

Абайдың әдеби мектебінің белді өкілдерінің бірі, қазақ қыздарының ортасынан зиялылығымен жарқырай шығып, жалпақ елге кеңінен танымал болған, публицист әрі педагог Нәзипа Құлжанова, Шоқанның ең жақын достарының бірі, қазақ халқын риясыз жүрегімен сүйе білген әйгілі ориенталист әрі этнограф Г. Н. Потанинге арнаған арнау өлеңдерінде де Ахаңның қоғамдық қалыпқа айқын көзқа- расы, өмірлік ұстанған жол-мұраты жарқын танылып жатады. Дей тұрсақ та, «Қазақ салты», «Қазақ қалпы» өлеңдері ұлы ұстаз Абай шығармаларындағы қоғамдық айрықша дерттерді танудың одан айығып арылу оң-солын талмай ізденудің сондай сыншыл ой-сана тәрбиелеп-шынықтырудың заңды жалғасқан үлгілі жолы болып табылады демекпіз.
Публицист, әдебиеттанушы, тарихшы Әлихан Бөкейханұлы да Абай мұрасына қатысты 1905, 1907 жылдары «Семипалатинский листок» газетінде және Ресей Географиялық қоғамы бөлімшесі жазбаларында ілтипатты пікір білдіреді. Бүгінгідей жан-жақты жаңғыру, түлей даму кезе- ңінде Ә. Бөкейхановтың өмір жолын тек теріс тұрғыдан ғана алып багаласақ, бір жақтылыққа ұрынар едік. Онда оның Абай мұраларын тиянақтай жинап, кітап етіп бастырмаққа әрекеттенгенін, алайда бұл арман-мұраты жүзеге аспай қалған соң, Кәкітай, Тұрағұлға қолқа сап, тікелей өзі араласа жүріп, 1909 жылы Петербургте Бораганскийдің баспасынан Абайдың тұңғыш кітабын басып шығартқан ерен еңбегін бәз-баяғыша, сталиндік зұлмат кезеңіндегідей көмескі қалдырған болар ек. Қазақстандағы Алаш буржуазиялық-ұлтшылдық партиясы мен Алашорда үкіметінің басшыларына кешірім жасау туралы Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитетінің 1919 жылғы 4 апрельдегі шешімін социалистік заңдылық тым өрескел бұзылған кезеңдегідей тағы да санаттан шығарып тастармыз. 1910 жылдың өзінде О. И. Костелянскийдің редакциясымен жарық көрген «Қазіргі державадағы ұлттық қозғалыстың формалары» атты жйнақта Ә. Бөкейханов қызметіне, қайраткерлігіне оңды баға берілуі, оны белгілі украин ғылымы, шығыстанушы А. Крымскийдің «Түркі әдебиеті» атты іргелі зерттеу еңбегінде келтіруі, сонымен қатар, А. Крымский Бөкейхановтың «Қазақтар» деп аталатын мақаласын іздеп табуы, онда «Халық еркі» атты орыс партиясының «Катехезисін» өңдеп, 1905 жылдары қазақтың халық жаршылары айтқандығы туралы қызықты деректер келтірілуі (Қараңыз: «Литературная Украина», 8 сентябрь, 1988 ж.; М. Веркалец. Бастаулар, «Қазақ әдебиеті», 20 январь, 1989 ж.), мұның бәрі, әрине, Ә. Бөкейхановтың қиын-қыстаулы, қарама-қайшылықты, ілгерілеулі, адасулы ғұмыр жолын диалектикалық таныммен, сыни көзқараспен байыптап қарауды қажетсінсе керек. Осындай сәтте еске түседі, академик Әлкей Марғұлан дүние саларынан бір жылдай бұрын, бір әңгімелесе қалған шақта, бұйығы, томаға-тұйық қалпынан бір мезет серпіле қалып, «Әлихан, Ахмет, Міржақыптай бозымдар қашан халыққа қайта оралар скен?!»- дегені бар еді. Сонда ғұлама Әлекең айтқан
Міржақып Дулатов та Абай ұлылығынан серпін алған тас- түлек болатын.

М. Дулатов Абайдың көзі тірісінде кітабы жарық көрмегенін, 60 жыл Шыңғыста өмір сүргенде, халқы толық танымағанын, 1909 жылы кітабы басылғаннан кейінде де ел арасына соншалықты тарай қоймағанын ашыныспен жазады («Қазақ» газеті, 1914, № 51). Сөйте тұрып ұлы адамның дүниеден өткеніне он жыл болса-дағы, «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қаншалықты алыстасақ, рухани соншалықты жақындармыз», «Абайдың асқақтығын айдай әлем таныған... күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар»,- деп нық сенімді, шат көңілді білдіреді. Міржақып өз шығармаларының де- нінде Абайдан үзік ой келтіріп отырады. Абай әсерімен жазылып, 1911 жылы патша өкіметі наразылығына ілігіп, бар данасы дерлік жойылып жіберілген М. Дулатовтың «Оян, қазақ!», «Азамат» деп аталатын алғашқы жинақтары да белгілі украин әдебиеттанушы-ориенталисі А. Крымскийдің түйіндеуінше алдыңғы қатарлы идея рухында хатқа түскен...

Абайдың әдеби мектебінің өкілі дегенге Абай үлгісімен алғаш өлең жазуды бастаған, төмендегідей жыр жолдарын құйылтқан Мағжан Жұмабаевты да жатқызар едік:
Шын хәкім сөзі асыл, баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хәкім болған сеңдей жанды,
Дүние қолын жайып енді күтпес.
...Тыныш ұйқта қабіріңде, уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім босқа!»- деме.
Артыңда қазақтың жас балалары,
Сөзіңді көсем қылып жүрер жеке!
Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Дөнентаев, Мәжит Дәулетбаев, әйгілі Әсет, Уәйіс, Әріп, Шашубай, Әмірелер де Абай мектебі әуелей көкке өрлеткен жарқын тұлғалар санатына жатады. Тұрағұл, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Шәкер Әбенов, Қайым Мұқаметханов, Мұхтар Мағауин, Жекен Жұмаханов, Кәмен Оразалин, Рымғали Нұрғалиев деп тізіп кеп берсек, бітімі бөлек және бір салқар көш шыға келмек алдымыздан. Біз Абайды . елі-жері, топырағын исініп өскен перзенттерді ғана тізіп көрсеттік. Ал Абайдың әдеби мектебін Қазақстан көлемінде алып қарасақ, айтулы тұлғалардың жуық арада таусылып бітпестігіне бәс қоялық.

Абайдың әдеби мектебі, өнегелі ортасы, шәкірттері...

Біз мұның бәрін нендей мақсатта тарата-тәптіштеді деп ойлайсыз? Біріншіден, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы шығармашылығы нағыз әділетті бағасына ие болып, өздерін туғызған халқына қайта оралуына байланысты «Абайдың әдеби мектебі» деп аталатын тақырып та әдебиеттанушыларға айқара ашылды, оны тереңдей зерттеп- тануға мүмкіндік туды.

Ендеше, осы қабырғалы мәселенің танымдық жүйесін жүйелей отырып таразылап өтсек дедік. Жас ұрпақ сабақтастығымен көкейіне қондырып, «Ақталып» жатқан кесек тұлғаларға орай, ұшқары пікір- байлам білдіріп қалмасын деген үлкен мән-мұратты үстандық. Екіншіден, төл әдебиеттануымызда басы біріктіріліп, тиянақтап тексеріле қоймаған өзекті өріс, яғни әдеби мектеп өкілдері творчествосындағы саяси-әлеуметтік сарындар жаңаша ойлау мәдениетіндегі маман-ғалымдар назарына іліге ме деп үміттендік.

Үшіншіден, «Әшкереленбеген жауыздықты» бұлтартпас дәлелдермен әммеге жария етіп, ашып көрсету тұрғысында, жарты ғасыр бойына ұласқан ұлттық трагедия әйгілі арыстардың халыққа қайта оралмай келуінің негізгі себептері, оның «қозғаушы күші болған жауыз тұлғалар» әрекетінің басты тетігін ашу мақсатында әлгіндей тарихи-танымдық шолу жасап өту ауа- дай қажетті болды.

«Абайдың ақындық дәстүрі», «Абайдың ақындық айна ласы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың ақын шәкірттері»... мұның ішінде көкейге қонымдысы да, ғылыми- әдебиеттанушылық орнықты атау сөзі де, Мұхтар Әуезов алғаш қалыптастырып, уақыт сынынан өте келе өз алдына бөлек зерттеу арнасына айналған жеке тақырып өзегі Абайдың әдебиеттік (әдеби) мектебі» болып табылады. Бүл орайда біз оқырманның таным-түсінігіне бағдаршы бола түссін деген мақсатпен, Мұхтар Әуезовтың осы тақырыпта отызыншы, қырқыншы жылдары жазьш қалдырған ои-нұсқаларынан, тезистік қолжазбаларынан үзінді келті руді жөн көріп отырмыз.

Абай мектебінің ақындары. Біз бұл бөлімде Абайдың тәрбиесінде болған және Абайдың ақылы мен сыны бойынша тақырыптар таңдап, арнаулы шығармалар жазған, оның шәкірт ақындары туралы біраз тексеру жасаймыз.

Жалпы алғанда, Абайдың қазақ мәдениетіне XIX ғасырда және XX ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей сөзін оқу арқылы, есітіп ұғыну арқылы, сол Абай- дың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгерші- лік жайға, ағартушылық турасында арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын, молая түскен.
XX ғасырдың басында, Абай дүниеден өтетін жылдар- дың өзінде оның өлеңдерін үлгі етіп, әр түрлі шығармалар жазатын ақындар Абай тіршілік еткен елдің көршілес атыраптарында да көріне бастаған еді.
Ал, 1909 жылы ақынның кітабы баспадан шыққан соң, Абайға еліктеп өлең жазушылар Қазақстанның қай өлкесінде болса да кездесетін болады. Бұл жағынан қарасақ, XX ғасырда Абайдың әсері көпке жайылып, кең өріс таба береді. Бірақ ақын мұрасының кейінгі қазақ әдебиетіне бұлайша қатынасын оның жалпақ қазақ әдебиет тарихына көрсеткен үлгі, әсері деп түсінеміз.

Ол жайды кең түрде, көп мысалдармен дәлелдеп, бергі ақын-жазушылардың шығармаларынан анықтап айырып, талдап тану, таныту айрықша ғылыми-зерттеу жұмысының міндеті болмақ. Және ол зерттеулер XX ғасыр басындағы нақтылы дәуірлердегі арнаулы ақындардың дәлдеп көрсетілген шығармаларын тексеруге арналу керек.

Бұл түрдегі тарихтық зерттеу, тексерулер көбінше XX ғасыр әдебиет тарихының міндетіне қарай ауысады. Сол себепті әзір біз Абайдың өзінен соңғы қазақ жазба әдебиетіне еткен әсері деген тақырыпты қозғаймыз. Оның орнына осы бөлімде аталған міндет, мақсат бойынша, Абайдың өз айналасында үнемі бірге болып, ұлы ақынның анық жақын шәкірті болған ақындардың шығармаларын тексереміз. Бұлардың еңбектерін шолуда алдын ала есте түратын бір жайды ескерте кету керек. Ол осы шәкірт ақындардың еңбек үлгілерінен және де айқындай көріне түсетін Абайдың өзінің ерекшелігі болады.
Өзге ақындар «шәкірт» деп аталған соң, Абай, әрине, олардың басшысы - ұстаз ақын болмаққа керек. Әрбір әдебиеттік мектеп осындай аға ақын мен іні ақындардың екі буынынан құралатын болса, ең алдымен, сол әдебиеттік мектепте басшы ақынның бағыты, стилі, өзгеше идеялары, өз халқының әдебиет тарихына кіргізген анық тарихтық көркемдік жаңалықтары - қысқасынан айтқанда, барлық қасиеттері әр алуан түрде бой көрсететін болады.
Абай шәкірттерінің дәл осы жөніндегі табыс нәтижелерін айтқанда, олардың бірде-бірі Абай жеткен дәрежеге жеткен жоқ. Ең алдымен Абайға таланты теңдес болған жоқ және әсіресе Абайдың ағартушылық, әлеуметтік, идеялық, көркемдік кең масштабы оларда болған жоқ дейміз.
Қазір біз бөліп алып тексеретін қазақ ақындары осы соңғы айтылған жайлардың кейбір жақтарынан ғана өз шамаларынша бағалы өзгешеліктер таныта алады. Сонысымен Абайдың бар жағы болмаса да, бір жағын, бір қырын айқындап дамыта түсті, осының өзімен Абай шәкірті дегізерлік мүмкіншілік берді дейміз.
...Біз Абай мектебінің ақындарын айтқанда, сол Абай шәкірті деген атаққа лайығы бар тағы бір топ ақындар жайын әзірше жазғамыз жоқ. Бұл қатарда алдымен аталатын Әріп ақын және Әсет сияқты әнші-ақындар қатарынан шыққан, халық ақындарынан құралған бір топ әдебиет, көркемөнер қайраткерлері бар екені даусыз...

...Қазақ әдебиеті тарихының көлемінде, тегінде, Абайдың ақындық мектебі мен Абай әсерін кең көлемде зерттеу жұмысы енді басталады. Сонда тек Абайға жерлері, елдері жақын болған ақындар ғана емес, XIX ғасыр аяғында жоне XX ғасыр басында әдебиет айданына шыққан оқымысты, жазушы ақындардың да бірталайының шығармалары «Абай шәкірттері» деп тексерілмесе де, Абай ақындығының әсерін, ықпалын көрген ақындар шығармалары деп белгілі жақтарынан арналып тексерілуге тиіс.

Сол шақта тексеру, зерттеу нәтижелерінде, ғылымдық дол, мол деректер талданып болған кезде, бәлки, Абай шәкірттері, Абай мектебі дейтін көлемнің өзі де кеңейіп, молайып, Абай шәкірттерінің қатары да көбейе түсер.

Әзірше әдебиет зерттеу ғылымымыз сондайлық нақтылы, кең зерттеулерге молыға алмай тұрған кезде, біз бұл көп көлемінде «Абайдың шәкірттері» деген топты азғана сан, нақтылы кіші көлемде алып отырмыз. Тегінде, әдебиеттік мектеп мағынасы тарихтық басы ашық, даусыз, деректі көлемде алу да бар. Онда «шәкірт» деп белгілі акынның қасында, қатарында жүріп күнделік байланыс арқылы тақырып, үлгі, ұстаздық сын-өнеге алып жүрген ақындар тобын даусыз «мектеп» деп айтуға болғандай.

Абай шәкірттерінің Абаймен жалғастық, ақындық араласы үнемі үздіксіз болған Ақылбай, Мағауия, Көкбайларды ғана бұл тексеруге айрықша бөліп, атап кіргізіп отырғанымыздың себебі сол жаңағы айтылған жағдайдан туады.
Бірақ бұларды әзірше «Абай шәкірттері» деп бөліп атаумен қатар, Абай шәкірттерінің жалпы қатары мен тобы тек бұлармен ғана мүлде түгелденіп тоқтайды деп айтпаймыз. Осы жайды айрықша мықтап ескертумен қатар, әзірше «Абай мектебі» жайындағы сөзді тамам етеміз.
(ЛММА архиві, № 194-папкі 149, 318-319 б.)

* * *

...Совет өкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ Абайдың жеке өз басына, әдеби мұраларына, сол арқылы сол уақта көзі тірі шәкірттеріне, жолын ұстанушы белгілі дарын иелеріне қара күйе жағу, шығармаларын бұрмалап шабуылдау, тінту басталды. Абай есімі әр түрлі анықтама кітапшаларға енгізіліп, орталық баспасөз беттерінде атала бастағанмен, (Мәселен, «Всемирная литература, Сер.Восточная литература», СПб, 1919, 47-6.) сан қилы желеулер, қасақана бұра тартушылықтар, түрлі айдар тағулар бел ала түседі. Біреулер әдейілеп саналы түрде кіріссе бұл іске, енді біреулер жаза басып, кезең, уақыт құрбанына айналған. Тіпті, Сәбит Мұқанов секілді оң-солын таныған қаламгерлердің өзі ұзақ жылдар бұрыс жолмен жүргенін төмендегі үзінді жазбалардан анық бажайлаймыз:

«Ұлтшылдармен идеология майданында күрескенде, менің бірнеше қате сілтеген құлаштарым да болды... 1933 жылы «Еңбекші қазақ» газетіңің 69-санында басылған «Шешендер қара тақтаға жазылып қалып жүрмеңдер» деген мақалада мен: «Кенесарыға, Шоқанға, Ыбырайға, Абайға, Ахмет Байтұрсыновқа қарсы болып, оларды халыққа жат адамдар деп жаздым. Бұл пікір жалғыз Байтұрсынов (!) , турасында ғана болмаса, өзге төртеуі туралы дұрыс емес еді.

Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай туралы қате пікір айтуға объективтік және субъективтік бірнеше себептер болды...» (С. Мұқанов. Қазақтың XVIII - XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. І-бөлім. Қазақ ССР Оқу Халық Комиссариаты педагогика институттары мен техни- кумдарына әдебиет тарихы жөнінде көмекші құрал есебін- де ұсынады. Алматы, 1942, 10-11-6.)
Сталинизмнің қанды шеңгелін Қазақстанда қажет деп білген «қу жақ» (Голощекинді А. Байтұрсынов осылай атаған - Б. С.) айтулы халық перзенттерін қуғын-сүргінге ала бастайды. Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев... Шая Ицкович - Голощекиннің «аймақтық көсемшілдігінен», бонопартизмінен, халықты жап- пай қайғы-қасіретке душар еткен солақай саясаткерлігінен бойы тітіренген, соны алдын ала сезінген Шәкәрім қарт тауға, оңашаға кетуді жөн деп табады. Абайдың шыққан тегін сан-саққа жорытып, ұлы Туындыларына көлеңке түсіріп келген жарыместілер Шәкәрімді, Құнанбай әулетінің өзге көзтірі үрім-бұтақтарын жайбарақат қалдырсын ба?! Шыңғыстау өңірінде жиі-жиі лау ете қалатын алып- қашпа қауесет сөздер, қаңқу өсектер, тынымсыз тімтінулер жаны тыныштықты, оңаша болуды қалаған дана қартты әбден титықтатып бітеді. 1930-31 жылдары қағаз бетіне түсірілген, қаншама қиқыметпен біздің күнге ілдалап жет- кен Шәкәрім өлеңдері сол бір сұрқай уақыттың дөп сараланған айқындауышындай дерсің...

Шәкәрімнің Мәуен деген бәйбішесінен сүйген Сүпиян деген баласы ертеректе, жиырма бесінші жылдары қайтыс болып кеткен еді. Екінші өмірлік қосағы Айғаншадан тараған бес ұл, үш қыздың жасы үлкені Қапырды (Ғафур) еш жазықсыз, ешбір тексерусіз түрмеге жауып тастауы аса ауыр қасіретке әкеліп ұрындырады. Өр мінез, қайыспас қайсар Қапыр жалған жалаға шыдамай, түрмеде жатып тамағын кездікпен орып жіберіп, шапши аққан қанға қарап жатып бейшара халде дүниеден өткен. Араға бірнеше күн салып, Қапырмен бірге қосақтала түрмеге жабылған үлкен ұлы Баязит те тап осылай өзін-өзі бауыздап өледі.

Қапырдан қалған көп жетім,
Бір көру еді ниетім...
Көре алмай кетті дегейсің,-

деп Шәкәрім қарт өмірінің соңғы күндері жазғанындай, көп жетімдер де жергілікті жаналғыштар назарынан тыс калмағанын бүгінде жасы жетпістен асып ортамызда отыр- ған Кәмила Қапырқызы естеліктерінен түсінуге болады.

«1931 жылы атам (әкемнің әкесі) Шәкәрім жазықсыз жаланың құрбаны болып жапан түзде атылғаннан кейін, бай-құлақтың ұрпағы ретінде» шешеміз Мәкей екеумізді Қарауыл селосына алып келіп, бір иесіз, қараңғы үйге қамады. Мен ол кезде 12-13 жастардағы жасөспірім қыз бала едім. Әлі ақыл тоқтатып, төңіректе болып жатқан қанды оқиғаларға көз жіберіп, көңіл жеткізетін шақ емес. Менің бар есімде қалғаны - азынаған суық күздегі от жағылмаған тастай қараңғы үй. Екінші бір осы уақытқа дейін есімнен шықпай келе жатқан көрініс - әлгі үйдегі егеуқұйрық тышқандардың аса көптігі. Өздері соншалықты аш болса кере, әлде адам демі мен иісін сезгендіктен бе, сәл қозғал-
май тым-тырыс отырып қалсақ болды, жан-жақтан жыл- тыңдап, тықырлатып шыға келеді. Сөйтсем, шешемнің жолға деп ала шыққан, қоржынға салған азын-аулақ еті бар екен, егеуқұйрықтардың жеуге ұмтылып жүргені сол екен ғой. Сол түні шешеміз екеуміз қараңғы қапас түнді кірпік айқастырмай өткіздік. Егеуқұйрық тышқандардың шабуылынан аман-есен шыққанмен, ертеңінде екінші бір жан қинайтын азапты тергеу, тексеруге түстік. Сонда менің көзіме жақыннан көгілдірлене көрініп тұрған Шыңғыстаудан артық қорқынышты жер жоқтай көрінді. Мен сонда көз жасым мөлтілдеп тұрып ішімнен «егер жер басып жүрсем, бұл Шыңгыстаудың топырағын қайта басуға Тәңірім жаза көрме» дегенім есімде. Мен бұл сертімді елу жеті жыл бойы орындап келдім. Кейде алыста жүріп туған елді, туған жерді сағынғанда, Шыңғыстау есіме түседі де, қайтып баруға дәтім шыдамайтын. Кейде Абай ауданына бара қалғанның өзінде Жидебайға ғана барып, атам Абай мен Шәкәрімнің зиратына тағзым етіп, қол созым жерде тұрған Қарауылға соқпай, Талдықорғанға қайтып кетіп жүрдім. Бұл дүниеде Шыңғыстаудан артық жер тозағы бар дегенге көңілім сеніп көрген емес. Бала кездегі қанды оқиғалар жас жүректен кетпейді екен. Қаралы жылдардың көлеңкелі елесі ұйқтасаң түсіңе кіріп, оянсаң ойыңнан шықпай еңсені басып, бойымды көтертпейтін...

Енді, міне, араға елу жеті жыл салып, сол өзім көрместей болып кеткен Шыңғыстау топырағын қайта бастым. Қуанып, шаттанып, көзімнен ыстық жасым сорғалап, «Кеш мені, атамекен Шыңғыстауым!» деп, бір уыс топырағын кеудеме бастым!»
1931 жылғы 2 октябрь күні таяз ақыл, тасыр ойлы, жергілікті ГПУ бастығы Абзал Қарасартов және оның жанына ерткен жаналғыштары қолынан қазақтың ақ жүрек ақсақалы, XX ғасыр көгінде халқының маңдайына біткен бір ұлы перзенті, атақты ақыны бірнеше оқ тиіп, 73 жасында жарық дүниемен қош айтысады. Асыра сілтеудің асқындағандары Шәкәрім денесін жапандағы құр құдыққа көмусіз тастап, қалың елге, әсіресе Құнанбай әулетінің үрім-бұтақ, зәузаттарына қырғидай тиеді. Біз бұл арада Шәкәрім өліміне, дәлірек айтсақ, қасақана өлтірілуіне байланысты дерекнама материалдарды көптеп тізе бергіміз келмейді. Болмаса, 1962 жылы Семей облысы Абай аудандық партия комитеті жанынан құрылып, төрт ай бойына тыңғылықтап жұмыс істеген комиссияға Шәкәрім өмірі мен өліміне байланысты куәлік мол мағлұмат берген 300 шыңғыстаулық азаматтың айғақтарын көтерген болар ек. Немесе 1931 жылы аудандық ГПУ бастығының, яғни Қарасартовтың орынбасары болған Зейнолла Оспановтың, көмекшісі Айтмырза Түңлікбаевтың, ГПУ қызметкері Мәуітқан Баймышевтің 1928 жылдан КПСС мүшесі Бал- тақай Толғанбаевтың, Ниязбек Алдажаровтың, бүгінде көзі тірі көне көздердің, сұмдық оқиғаны таратып білген адамдардың ұрпақтарының бұлтартпас дәлел сөздерін көлденең тартар ма едік. Десек те, Ахат Шәкәрімұлының мына төмендегі жазғандары қанды қол қылмысты бұлтартпай ашып береді:

«1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. 27 июльде әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қаздым. Ол күні метрден аз-ақ артық қаза алдым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім, біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді. 28 июльде және қазып, сүйегін түгел алдым. Тек оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бірі - оң жақтағы тоқпан жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. Кейбір сүйектерін өлшеп длдым...»

«Әкей өте ұзын бойлы адам болатын. Сүйегін ауданға алып келдік. 8 августа (1961 жылғы - Б. С.) Абай зиратының қасына жерленді. Жүзден артық адам қатысты. Абай совхозы мен аудан басындағылар түгел жиналды. Басқа совхоздардан да келгендер болды. Аудан басшылары машина және басқа қажет нәрселерді бергізді. Сүйек келгенде, жыламаған жан болмады. Көз жасымен бірге қуаныштары да байқалды...» (Ахат Шәкәрімұлы естелігінен).

Осылайша, нақ отыз жыл өткен соң, ұлы тұлға қайта жерленді...

Шәкәрімнің көзі тірісінде-ақ бір тылсым қара күш республика зиялыларының ой әлемін құрсаулап, бөгесін бола берген-ді. Мұндай аса қатерлі соқыр күш бел алып келе жатқанын ақынның өзі де айқын сезінгенін мына екі өсиет сынды өлеңнен жазбай тануға болады.

Мың тоғыз жүз отызыншы,
Февральдің бір жетісі,
Жүрекке салған от сөнбей.
Алтыншы июль, тым ауыр күн,
Болып маған қараңғы түн,
Бұларды ұмытпаймын өлмей.
Бірінде кеп Ғафурды алды, Баласы да қосақталды,
Сен қалма деп көгенделмей. Мүлік-малын түгел алып,
Екеуін түрмеге салып,
Біраз ғана аял бермей.
Жетісінде өзімді алды,
Сыпырып үй, жасау, малды, Кетер ме ойдан өлім келмей.
Онында мені шығарды,
Үй тұтқын қып қағаз алды, Жатасың деп, іс жөнделмей.
Ғафурды алып Семей барды, Екеуін түрмеге салды,
«Под судом» деп бір тексермей.
Абақтыда бес ай өтіп,
Июльдің алтысы жетіп,
Ғафур өлді атақты ердей.
- Жазасызға жаным құрбан,- Деп,
осы оймен бауыздалған,
Кетем деп, қорлыққа көнбей.
...Әділетсіз баламды алды.
Бір ұл мен төрт қызы қалды,
Енесі өлген жетім төлдей.
Ата-ана мен бауырлары,
Балалар мен қосақ жары,
Ағызды көз жасын көлдей...

* * *

Бұлақтан арман белгі бар,
Ренжімей, сонан көр қазыңдар,
Тереңдеп барып, лақаптай.
Кебісім, мәсім, шапан, шалбар,
Тақия, тымақ, желет, тон бар,
Бөлісіп алсын таласпай.
Бешпентім, етік, сағат қалсын,
Қабыш пен Ахат, Зият алсын,
Атадан мирас алғандай.
Сандықтап, әбден жайғап ал да,
Тамымды бекіт, құлып сал да,
Болмасын ашық қалғандай.
Бумажник ашсаң, кілтім бар,
Үстінде пештің құлпым бар,
Есікке сырттан салғандай.
Ет те бар, май мен бауырсақ бар,
Асықпай ішіп, жеп алыңдар,
Шай да бар сендер қанғандай.
Апармай елге, көміп мұнда,
Мінерлік атым тұр осында,
Бірің шық елге барғандай...

Ұлы тұлғаның қайғылы қазасы, оған тікелей жауапты жаналғыштар жөнінде әр уақыт бедерінде, әр қилы ортада, сан түрлі талдау-пайымымен Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахат Құдайбердіұлы, Қайым Мұқаметханов, Мұхтар Мағауин, Хафез Матаев, Рымғали Нұрғалиев, Әзілхан Нұршайықов, Жайық Бектұров, Шәкер Әбенов, Кәмен Оразалин, Өтебай Канахин, Әбілмәжін Жұмабаев, Сұлтан Оразалинов, Роллан Сейсенбаев, Мүсілім Базарбаев, Тұрсын Жұртбаев, Жәнібек Кәрменов, Ниязбек Алдажаров, Марат Түңлікбаев, Төлеген Жанғалиев секілді белгілі халық перзенттері, қайраткер ғалымдар, ақын-жазушылар, сыншылар, әдебиеттанушылар, Абай елімің белді азаматтары пікір білдіргені бар. Мұндай тізімді ұзына созып, әлі де толықтыра түсуге болар еді. Дегенмен, біздіңше, жалпы долбарлаудан гөрі іскер тұжырымдарға, нақтылы есімдерге тоқталып, жауыздық, мәңгүрттік, ой- сана шайылушылық табиғатын тікелей қан арқалаған адамдар түсінігіне бой ұру арқылы ашу керектей. Төмендегі екеу ара сұрақ-жауап та осы орайда таптырмас мысал бола алады демекшіміз.

1978 жылдың 20 апрелі. Халық атынан - сот, тергеуші, айыптаушы болып, халқымыздың аяулы перзенті, академик-жазушы, техника ғылымдарының докторы, профессор, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евней Арыстанұлы Букетов жауап алады. Айыпкер, қылмыскер, тарих алдында жазаға тартылушы ретінде отызыншы жылдардағы ГПУ қызметкері, 70 жастағы Абзал Қарасартов жауап беріп отырған.

Сұрақ-жауап ауызекі сөйлеу негізінде (магнитофон таспасына жазып алу арқылы) қағаз бетіне түсірілгендіктен, кей сөйлем жолдарын зейін сала қарауға тура келеді. Тыныс белгілері арқылы да ой-деректі айқындай түскендей болдық. Жауап беруші Абзал Қарасартов денінде жаймалай, бұлдырлатып, тайғанақтай сөйлейді. Ал Евней Арыстанұлына сабырлылық, байыптылық, аяғына дейін тыңдай білушілік, қажет жерінде бөліп жіберіп, негізгі арнаға бағыттап отырушылық тән. Өмірден көргені мол, төлтума ой-бітімді қаламгер-ғалым, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тарихымыздың айтулы білгірі Е. Букетов ұрымтал сәттерде шегініс жасап, қуақылана да қалады; Қарасартовқа іш тартқансып, жақтас та бола қалады.

Шәкәрімді кінәлап сөйлегендей де сыңай таныта салады. Артынша қатуланып, мақсат-мұраты айқын, дәлелі ұтымды сауал да жаудырып жібереді. Сұрақ-жауаптың ішкі құйылыс желісі, шарықтау шегі мен құлдилау сәті, ойлы-қырлы тұстары да жаппай жұртшылыққа ұғынықтылық дарытып отырса керек. Сонымен қоса, зерделі оқырман отызыншы жылдардағы ГПУ қызметкерлері, оның ішінде Абзал Қарасартов (23 жасында) дүниетанымы, ойлау әлемі, білік- қарымы арқылы сол сұрқай кезеңдегі тарихи сана, ойлау мәдениеті, халықтық патриотизм, мәдени-әдеби білік деген түсінік сұлбасынан лұғат алғандай болады.

Сұрақ-жауап барысында текске қосымша түсініктемелер, нақтылаулар, сілтемелер, дәлелдемелер енгізбедік. Аталмыш тарихи сұрақ алу, жауап беру толықтай текстімен «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде жарық көргендіктен, (№-7-8-9, 1989 жыл), қайталап жатуды қажет деп таппадық. Евней Арыстанұлының мұнан тұп-тура бір жыл өткен соң, (май, 1979 жыл) бірнеше жекелей адамдар кесірінен тоқырау ылаңына шырмалып, түртпекке түсуі де өз алдына бір бөлек әңгіме. Дей тұрсақ та әйгілі ғалымның Қарасартовпен қалай кездеске- ніне куә адамдарға бірер ауыз сөз бергеніміз оңды шығар дейміз.
Зүбайра Оңдасынова, ғалым-жазушының өмірлік қосағы:

Евней Қарасартов туралы, оның тірі екендігін, Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданында тұратындығын бір қонақта отырғанда естіген-ді. Лезде ден қойып, көбірек мағлұмат білуге ынтыққан сыңай танытқан-ды. 1978 жылы көктемде, Евней үйге Қарасартов келмекші, сұрамағым көп дегенді айтты. Өзі машинасын жіберіп алдырды. Қарасартовтың қасында сол кезде Қарағанды Политехникалық институтында оқитын бір бала бар екен. Шал Евнейге карағанда әлдеқайда тапал бойлы, еңкіш тартқан, өзі әрең-әрең жүретін құлағы естімейтінін, көзі бұлдырап көретінін айта беруші еді. Алғашқы күні шай-пай, тамақ ішіп, ауызекі сөйлесумен болды. Екінші күні тағы алдырып, табандап бірнеше сағат отырып, әлсін-әлсін демалдырып, Қарасартовпен әңгімесін магнитофонға түсіріп алды. Қайтарында шалды машинасымен жеткізіп салды.

Қамзабай Букетов: Ағамның Қарасартовпен сұрақ- жауап алысқанын бірқыдыру адамдар біледі. Егіндібұлақ ауданының «Қырғызстан» совхозының директоры Дәурен Қарасартовпен телефон арқылы сөйлескен едім, сөйтсем, ол Евней ағамен хабарласып тұрып, Абзал Қарасартовпен үйде, артынан, үшінші күні ауруханада әңгімелескенде, магнитофонға жазып алғанда, басы-қасында болыпты. ІІІалдың өзі бір айдай уақыттан соң ауруханада жатып қайтыс болған көрінеді.
Жалпы Евней Шәкәрім шығармашылығына ерте бастан кызығып, материалдар жинап жүріпті. Сол бір папка материалдар сыры ғалым-жазушының табиғаты терең болмы сын жарқырата танытса керек.

«ҚАРАСАРТОВ: ...Сосын, ертеңінде Бақанас, Байқошқар халқын жинап, Шәкәрімнің өлігін ортаға сәкі тақтай орнатып, соның үстіне көлденең салып, сонсоң айттым мен: «Халық, кешегі Құдайға қолын созған, Мекке-Мәдинеге барған қажы, халықтың қадір тұтқан ақсақалы, ақыны, бір кезде Найманды кінәлап, «Еңлік-Кебек» жазған Шәкірім бұл күнде осындай халге келді. Ажал жетті, атыста қайтыс болды».

БУКЕТОВ: Үкіметіне қарсы болғанын айттыңыз ғой?
ҚАРАСАРТОВ: Иә, үкіметіне қарсы қару көтеріп, осындай қаншама халықтың обалына қалып, сүйткен Шәкәрім, міне деп халыққа көрсеттім. Көрсетпесеңіз нанбайды, Шәкәрім өлер алдынан өзі өледі деп.

БУКЕТОВ: Оған оқ тиді деп ойламайды ғой?

ҚАРАСАРТОВ: Иә, оған оқ тиеді деп те ойламайды. Вот, ол осындай кісі болған! Сонсоң, сол жерге қойғыздым. Қайда қойғанын соның Шалабайлар, Баймашов деген милициялар біледі.

БУКЕТОВ: Оны мен естідім. Сіз оны құдыққа тастап кетіпті... Сол құдықтың ішінен шығарып алыпты жұрт, балаларымен. Сосын жөндеп қойыпты деген қауесет осы елдің бір жерінен, маңайынан естідім?
ҚАРАСАРТОВ: Онысы бекер! Олардың қайда қойғанын білмеймін. Мен өзім апарып қойғам жоқ! Пәлен жерде деп айтуға...

БУКЕТОВ: Сол жерде, әлгі жұртқа айттыңыз да кетіп қалдыңыз ғой?

ҚАРАСАРТОВ: Жоқ! Өзім барда жерлеттім!

БУКЕТОВ: Жерлеттіңіз бе?

ҚАРАСАРТОВ: Жерлеген жеріне барғаным жоқ!

БУКЕТОВ: Енді, қайда қойғанын білген соң айтып отырғаным ғой?

ҚАРАСАРТОВ: Білмеймін дегенім, мен оның басына барғаным жоқ. Ал оны халықтың ақсақалдары ертіп, Шалабаев басқарып, өздерінің көзінше қойып келді.

БУКЕТОВ: Сіздер сол арада демалдыңыздар ма? Ауданға кетіп қалдыңыздар ма?

ҚАРАСАРТОВ: Олар ертеңіне қойды. Жоқ, мен аңға шығып кеттім. Бақаңас өзенінің жанында керемет бір жер бар. Аңға шығу дейсің бе?! Менің де бір қызметім бар ғой, халыққа байланысты. Мен сол қызметімді жасамаймын ба?! Аңға алып кетеді, барып сөйлесеміз...

БУКЕТОВ: Сонда қойған жері Бақанастың басы ма? Қай жер дедіңіз?

ҚАРАСАРТОВ: Бақанас...

БУКЕТОВ: Жоқ, оны сізді тастады, сізді тастап кетіпті деп...

ҚАРАСАРТОВ: Біз Бақанастан алып кеткенбіз, құмға тастамайды ғой, онысы бекер. Халық бар ғой!..
***

Иә, сол халық біледі: Қалың елдің Шәкәрім көз жұмғанын ести тұра, күңіренісіп жоқтай, ақ-арулап жерлей алмағанын. Шәкәрімнің кенже қызы, он жеті жастағы сүйікті перзенті батылдығы барып, жалғыз өзі ғана әкесіне арнап ұзақ жоқтау айтқанын. Талай есіл ерлер баудай қырқылып, бас көтерерлер де қалмағанын. Қолдан жасалған ашаршылық екі жүз шақырымдай жер қашықтығы бар Семей қаласы мен Шыңғыстау арасына, жол бойына аштан өлген адамдарды, жас-кәрілерді сансыз шашып тастағанын. Шыңғыс өңіріндегі ашаршылық зардаптарын, іргеден түрген зобалаңды сол кезде крайком уәкілі болып барған көрнекті ғалым Сәрсен Аманжоловтың қойын дәптер жазбалары да айқындай түседі («Білім және еңбек», № 7, 1988 жыл, 26-29-6.)

Иә, сол халық білетіндігін, ұлы қасірет, ұлттық трагедия халық жадында мәңгіге сақталатындығын төмендегі естелік жазбалар да бұлтартпай айғақтай түседі.

ФАТИХ НАСИБОЛЛАҰЛЫ: Букетов пен Қарасартовтың екеуара әңгімелесуі өте орынды жария болған деп білемін. Көшелі мәдениеті бар елдер өздерінің ұлы перзенттеріне қатысты кішкене, болмашы деректің өзін қағыс қалдырмай, көпшілік назарына шығарып отырады емес пе?! Ендеше, әдебиетіміздегі қайғылы бір парақты неге батылдықпен ашып үңілмеске?!

Қарасартов жөніндегі мәселені ең алғаш болып ашық қойған - белгілі жазушы, әдебиеттанушы, қайраткер ғалым Мұхтар Мағауин болатын. 1987 жылғы май айында, Қазақстан жазушыларының үлкен бір мәжілісінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшы қызметкерлері қатынасып отырғанда, М. Мағауин сөз сөйлеп, Шәкәрім мұраларын жарыққа шығаруды шешімділікпен, білгірлікпен талдап айтып, Қарасартовтың Шәкәрімді өлтірген соң, жарты ғасыр бойына қалайша қастандық жасап келгендігін нақты дәлелдеулермен тарата баян еткен-ді 1979 жылы Қарасартов қайтыс болған соң, оның ұрпақтары кабірі басында «Ісіңді жалғастырамыз!» деп ант беріскенін де, осы күнге шейін қалайша әрекеттеніп жатқанын сөз еткенде, қалың тыңдаушы жұрт қайран қалысқан. Меніңше, осы бір шешімді ой бөлісуден соң, Шәкәрім мұрасын қайта карап, халыққа ұсыну ісі жанданып жүре бергендей көрінеді...

Мен Шәкәрім атаның ең сүйікті кенже қызы Гүлнардан туған тоғыз баланың бірімін. Қазір тоғыздан Бәтен екеуміз ғана қалдық. Көбісі қиыншылықта, жоқшылық кезеңде дүние салды. Әкеміз Нәсиболла Ұлы Отан соғысынан кейін қайтыс болған. Ал атам Мұхамеджан «Абай жолы» романында айтылатын әйгілі әнші Майбасардың Мұхамеджаны. Көріп отырсыздар, әке жағынан да, шеше жағынан да ұлы рухтарға табыныс етеміз.

Анам Гүлнар» (1912-1970) Шәкәрім атаның шығармаларын жүйрік білетін. Үлкен көк сандығында жазу қағаздары, дәптерлер, әкемнің қара сөздері жазылған ілкі мұралар болушы еді.

Онда-мұнда жүріп, күй болмай кеткен шақтарда сол қасиетті мұралардың көбісінен айрылып қалыппын. Бірақ та анамның әкесін жоқтағаны, Қарасартовтың әдейілеп тұрып ақ-арулап жерлетпей, құр құдыққа тастап кеткізгені (мұны Букетов өте ұтымдылықпен дәлеледеп берген ғой), қалың елдің бас көтере алмай жуасып қалған хал-күйі еш уақытта санадан өшпес.

Шәкәрім ата толық ақталған соң, апамның Алатау баурайындағы зиратына құр құдықтан бір уыс топырақ әкеліп салдым. Енді қадірлі анашымның Шәкәрім атаны жоқтаған өлеңін жұртшылық назарына ұсына отырып, шағын ғана жазбамды тұйықтасам деймін.
Сарыарқаның жонында,
Ақиқат ардың соңында,
Отырған әкем тамында,
Серігі - қалам қолында.
Оятып алыс-маңайын,
Ұқтырды, жазды талайын.
Төлеусіз берген сыйы көп,
Алсаңдар тілін, ағайын.
Жасынан ұстап адалдық,
Етпеген зорлық, жамандық,
Момындар келіп дос болған,
Бойында толы адамдық.
Жеті жаста жетім қап,
Қолтығына Абай ап,
Үйреткен оқып, өсиет,
Ашып көзін жолға сап.
Жетіліп мінсіз түледі,
Алдында болды тілегі,
Өмірінде өлгенше,
Елі үшін бақыт тіледі.
Күн шалған жерді шарлады,
Керегін тапты, барлады,
Аянбай тапқан еңбегін,
Баршаға бірдей арнады.
Жазды, айтты ақылды,
Жақтады әділ, мақұлды,
Алаламай адамды,
Тең көрді алыс-жақынды.
Ағасынан айырылды,
Абайды жоқтап қайғырды,
Алмадым оның тілін деп,
Еліне кейіп, зар қылды.
Өзін де күндеп қаралап,
Өсек айтып жалалап,
Абайды ұрған арсыздар,
Әкемді кетті жаралап.
Елсізге қашты аңдай боп,
Адасқан топтан қаздай боп,
Жапанға барып, жатты әкем
Панасыз бейне жандай боп...
Қораңа жалғыз барыпсың,
Аң аулап, тауды қағыпсың,
Оққа ұшып адам қолынан,
Жапанда, әкем, қалыпсың.
Сарғая күттім, келер деп,
Насихат айтып берер деп.
Қоштасып, кешу алысып,
Ойлаушы ем үйде өлер деп.
Айрылдым әкем - тірегім,
Далада қалды-ау сүйегің,
Бақытсыз сорлы болдым ғой,
Дәл келмей еткен тілегім.
Қолымнан әкем көмбедім,
Көзімше неге өлмедің,
Есітпей ақтық сөзіңді,
Өлерде жүзің көрмедім.
Барымды жайып бере алмай,
Қорлыққа салған көне алмай,
У іштім әкем өлгелі,
Бірақ та қалдым өле алмай.
Қамықты жаным қия алмай,
Басына елін жия алмай,
Арманда қалды әкекем,
Топырақ қолдан бұйырмай.
Қабырға жайлап салынбай,
Бетің жөндеп жабылмай,
Сүйегің қалды құдықта,
Әлі де жатыр алынбай.
Ойымнан шықпас арманым,
Жерленбей қолдан қалғаның,
Кеш, әке, әлсіз нәзікпін,
Сондықтан бармай қалғаным.
Он жеті толар жасымда,
Айықпай көзден жасым да,
Дос түгіл, дұшпан көрмесін,
Қазаны тартқан басымда.
Сөкпеңіз мені жылаған,
Бар тірегі құлаған,
Бар екен, тағдыр, аяусыз,
Сақтаған маған сыбағаң.

Мереке Зиятов: ...Шәкәрім атамыздың ең кенже ұлы Зиятты Қарасартов қайта-қайта аузына алып отырады. Өкінішпен, Қытайға жіберіп алғанына қандай да бір қапамен әңгіме етеді. Зияттан екеу едік. Ағам жастай шетінепті. Мен 1937 жылы дүниеге келіппін. Ал әкем сол 1937 жылы Қытайдан жиырма шақты қайраткерлермен бірге алдырылып, атып өлтірілген. Атамыздың Зият әкеткен қолжазбалары осы күнге дейін Қытайда басылым көріп жатыр деп естимін.

Шешем Мунира марқұм мұғалім болатын. 1945 жылы не бары отыз жасында сүзектен дүние салды. Шешемнің әкесі «Қара Ертіс» романында көп айтылады. Шешемнің, өзге де туған-туыстардың, білетін көне көздердің айтуынша, әкем Шәкәрім балалары ішіндегі аса таланттыларының бірі болған екен. Осыған байланысты ма, Шәкәрім атамыз қалың зұлматтың тақап қалғанын қатты сезініп, Зиятты Қытай асырып жіберуге мойын ұсынған. Қытай елінде Зият қайраткерлігімен, айтулы ақындығымен көзге түскен. Қазақ тілінде алғаш газет шығарушылардың бірі болған. Таңжарық ақынмен бірге түрмеде де жатқан. Осындай енді бой көтеріп келе жатқан ірі тұлғаны Қарасартовтың жала жазбалары бойынша, кейінде біздің елге алдырып, «халык жауының баласы», «өзі де халық жауы» ретінде өлтірткен. Мұны ешқашан кешірім етуге болмас!
Осыншалықты ұлы атадан не мирас болып қалды демекпісіз? Шәкәрім атаның қара шаңырағы біздің үйде тігілген-ау деп білемін! Шымкент Технология институтының үшінші курс студенті, менің балам Нұрлан Зиятов (1966 ж. т.) осы шаңырақты ілгеріде қастерлеп ұстар. Ұлы ақынныц ұрпақтары өлең жазуы міндетті емес шығар. Сонда да болса бойыма ептеп ақындық қасиет дарығанын білемін.

Тәңірберген Қарқымбаев: Мен жетпіс бес жастағы, қыңқыл-сыңқылмен үйден көп алысқа ұзап шыға алмайтын қарт адаммын. Туып-өскен жерім - Абай аулы. 1939-1950 жылдар аралығында аудандық НКВД-да түрлі қызмет атқарғанмын. Демек, жадыма ескі, сүреңсіз уақытты қайта оралтып, көргенім мен көңілдегімді біршама баян ете аламын деген сөз. Жазған сөздерімді өңдеп, түзеп, қатасынан арылтып басуды, баспа қызметкерлері, сіздерге міндеттеймін.

Шәкәрім өлімі, «бандит-партизандардың» жүздеп «Кеңес өкіметіне қарсы шабуылдауын» сөз еткенде, Қарасартов айтып отырған жиырма-отызыншы жылдардағы аса қатерлі бағалауларға бас ұрмай, қайта құру ашып берген «ақтаңдақтарға», Голощекиннің Қазақстанға әкелген зобалаң зардаптарына ден қоюымыз қажет. Тарихқа тек осылай қарағанда ғана әділетті пайымдау туындамақ.

Жиырмаға толмаған балаң жігіт шағым. Отыз бірінші жылдың бастапқы айлары шамасы. Елді қалың ашаршылық жайлаған. Жұмыс істеймін. Он төрт ат-арбамен Семейге тоңазытылған ет тасушылар қатарындамын. Ет болғанда, ауқатты, жартылай әлді, қалтаң-құлтаң тірліктегі әулеттердің қолынан күшпен тартылып алынған ірілі-ұсақты малдардың тау-тау еті. Жер-жерде сойылады, сөйтіп, тоңазытылған етті Семейге жеткізіп, одан әрі Ресейге, т. б. жақтарға жөнелтудеміз. Әлі есімде, үй-іші, туған-туыстарымен бірлесе мал бағып күнелтіп жүрген Қайырбек деген қарапайым, ешкіммен ісі жоқ адамның үш жүз қойы мен бірді-екілі ірі малын ГПУ қызметкерлері түп-түгелдей сыпырып, бүткілдей бір әулетті ашаршылық зобалаңына киліктіргені бар-ды. Ол кезде Қайырбекті бай-құлақ, ал малын сыпырып алған соң «бандит» дейтін. Меніңше, қазақтың мен кедей дегендеріңің өзі жиырма-отыз шақты ірілі-ұсақты малдары бар әулеттер болушы еді. Олар да «байлар» қатарына көзсіздікпен теліне салынғаны қандай әділетсіздік!

Осылайша, қолдан жасалған ашаршылық кезеңде Шыңғыстау өңірі жұртшылығы айрықша қырғынға, босқынға, айдауға, тонауға ұшырапты. Кеңес өкіметі орнағанға дейін-
Бес болыс тобықтының отыз екі мың халқынан қырқыншы жылдарға не бары үш жарым мыңы ғана ілініп-салынып әрең дегенде аман ілігіпті. Ендеше, бұл зобалаң қарапайым халықтың ашу-ызасын, бірлесіп бас көтерулерін, совет өкіметіне қарсы емес, арнайы жасалып отырған ашаршылыққа, тімтіне тонауға қарсы жаппай наразылы ғын туғызбай қайтсін?!

Қарасартовтың: «Шыңғыстауда бандиттер өріп жүр», «ауданға үш жүз, төрт жүздеп шапты»,-- дейтін, «Шәкәрім бас болып ойран салуға аттан ды»,- дейтін, «бандит-партизандардың» туындау себептері осындай. 1931 жылы 500 адам тізе қосып көтерілген қарсылық қалай ойрандалғаны көз алдымнан кетпес. Бірнеше іргелес ауылда голощекиндік жергілікті жаналғыштарды, Қарасартовша айтсақ, «Кеңес өкіметін орнатқан коммунистерді» тұтқындаған қарсылық көрсетушілер, қолында бар қарулары оны-мұны ғана бас көтерушілер аудан орталығына жақындай бере жиырма-отыз шақты ГПУ қызметкерлерінің сақадай сай қарулардан оқ боратуларынан бау- дай қырқылып түсіп, астына мінген ат-түйелерінің басын кері бұра қашқан еді. Сол қуғында ГПУ жаналғыштары жол бойына атып өлтіріп қалдыра берген жазықсыз жандардың саны шексіз. Ілгері басқан сайын кездестіруге болатын ашаршылықтың көмусіз қалған құрбандары онан сайын көп. Әсіресе, Семей қаласымен аралықтағы екі жүз шақырым жол бойы өлі-тірілі адамдарға толы еді. Қарасартов отрядының белді мүшесі, Шәкәрімді қанқұйлықпен атқандардың бірі, ұмытпасам, аудандық жем-шеп дайындау станциясының механигі болып жұмыс істеген Рахметолла Халитов деген жаналғыш белсенді болатын. Ол Шыңғыс өлкесіне жиырма бес мыңдықтардың қатарында келген еді және Шәкәрімді мүлдем білмейтін. Ұлы ақын қазасы ол үшін қатардағьі бір өлімдей, қажет десеңіз, Кеңес өкіметі қас жауларының бірінің көзін құртқандай әсер еткені кәміл.

Қарасартов жорта білмегенсиді, Р. Халитовты «Сонсоң Халықов деген татар бар» дейді.

Әбдірайым Шәріпжановты бірнеше жерде Шарабаев деп отырудан танбайды. Қарасартовтың қанды қол серігі, Шыңғыстау ауданында ГПУ қызметкері болып талай жазықсыз жандарды еш сотсыз атып тастап отырған Әбдірайым Шәріпжановты мен бірнеше көрген адаммын. Бойшаң, мұртты, денелі, серісымақ, аңшы болатын. Шәкәрім өлімі, бірнеше ондаған адамның жазықсыз жапа шегуіне қатысы үшін, 1931 жылы сотталып, Қазақстанның 45 жылдығына орай, 1935 жылы түрмедеи босатылып, Күлмен, Құндызды ауылдарында ауыл совет қызметін атқарғанын білемін. Әбдірайым Шәріпжанов 1974 жылға дейін (туған баласы Манап Шәріпжанов Семей облысы Шар ауданына қарасты Кезеңсу деген жерде құрылысшы болып жұмыс істейтін) Шар өңірінде жүріп, 70-80 жасқа келген шағында, аңға шығып, қансонарда айдалада жүрген кезінде қараған түбінде жатып өліп қалған. Иті ауылға келген соң, өлікті бір-ақ іздеп тапқан... Менің түсінбей жүрген бір жайым бар. Рас, Олжабай Шалабаев, Рамазан мен Рәпіш Әбішевтер есімдерін бүгінгі күнге дейін Абай аулы азаматтары қадір тұтады. Олжабай атында село, мектеп, көше бар. «Семей таңы», «Совхоз туы», одан қала берді республикалық газет, журнал беттерінде талай мақалалар басылып жүр. Бірақ та олардың қай- қайсысы болмасын большевик Шалабаевтың шын ерлігін ашып бере алмағандай, ескі көзқарас бойынша ғана баға беретіндей болады да тұрады. Сөзіміз дәлелді болу үшін және де Шәкәрімнің Олжабай өліміне еш қатыстығы жоқтығын көпшілік ұғыну мақсатында мына бір мақаладан үзінді келтіріп өтелікші:

«...Ал, сол жылдардағы Шыңғыстау ауданында қызмет еткен коммунист Абзал Қарасартовтың жазбаларында (?) елдегі социалистік құрылысқа көрінеу жаулық еткен бандылардың тобында 1931 жылдың жаз айларында бірталай баскесерлер (?) болыпты. Большевик Олжабай Шалабаев пен ВЛКСМ мүшелері, ерлі-зайыпты Рамазан мен Рәпіш Әбішевтерді өлтіріп, мақсаттарына жеткен жау, ендігі жерде аудан орталығын басып алуды ойлаған, қалың қолмен шабуыл жасаған.
Міне, аудандық РКИ-дің председателі Олжабай Шалабаев осындай жағдайда қызмет еткен. 1931 жылы 3 сентябрь күні таң алдында Олжабайдың Қарауыл селосы маңындағы киіз үйін қоршап алып, өзін қолға түсірді. Алайда оның қолында мемлекет сеніп тапсырған қаруы болса да Олжабай оны пайдаланбайды. Тіпті, қапелімде «өзін өлтіреді деп те ойламаса керек. Бірақ сайланып келген қалың жау қапылыста қолдарына түсіріп, жергілікті жердегі Совет үкіметі өкілін нелер бір азапқа салады. Ақыр соңында бандылар тобын басқарушылардың бірі, халық өкіметінің жауы Қасымбек Солтабаев деген Олжабай Шалабаевтың басын өзінің айбалтасымен шауып түсіреді» (Қараңыз:
Большевик Олжабай Шалабаев». М. Имашев, «Семей таңы, 4. XI. 1983 ж.).

Байқап отырғандарыңыздай, бұл - қате тарихи пайымдау, бұл - Қарасартов «жазбаларына», «қоспасы мол түсініктемелеріне» сүйене отырып хатқа түскен мақала.

Менің түйіндей айтпағым, біздің ұрпақ - ойдан да, іс-әрекеттен де аса өрескел қателесулерге бой алдырып алған ұрпақ.
Ендігі буын, жас төл осыны қайталамай, кім екендігін біліп- танып өссе екен.

Хафиз Төлеуқасымов: Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасына қатысты құрылған арнаулы комиссияның құрамында мен де бар едім. Сол жылы «Қызыл ту» совхозында тұрған Сирақбай Досмағамбетов деген қарт ұлы ақын туралы былай деп әңгімелеген болатын:

«1931 жылы Бақанасқа аң аулай келген Шәкәрім біздің үйде әкеме амандасып, қымыз ішіп отырғанда, үйге суыт жүрісті 3-4 адам сау етіп кіріп келеді. Әкемнің мініске таптырмайтын жарау аты бар еді. Сол атты сұрап: «Бізге міністі жүйрік ат керек», - дегенде, қажы отырып:
- Әй, жігіттер! Ленин жолы - әділ жол, оң жол! Оны барлық халық қолдайды. Большевиктер патшаны да жұлып тастаған. Екі-үш жүз адаммен ауданға шауып, оның кірпішін құлатқанмен, Совет өкіметі құламайды, жөндеріңе жүріңдер, тыныш жатқан елге бүлік салмаңдар!- деп ашына кеңес берді. Ақыры, мініске ат та бергізбей қойғаны. Халықтың ертеңгі болашағына зор сеніммен қараған ақ, адал адамның Кеңеске қарсы болды, «бандиттер» жинады дегені еш ақылға сыймайтын баз біреулердің сандырағы»,- дегені бар еді.
* * *
Қазақ ССР Халық жазушысы ХАМИТ ЕРҒАЛИЕВ:
Егер аяулы дос Евней Букетовтың Абзал Қарасартовпен пленкаға жазылған ауызекі әңгімесі газетте жарияланбаған болса, мен де бұл мәселені қозғамай-ақ қояр едім. Өйткені, бұл трагедияның анық-қанығына бұған дейін көз жеткерген секілді едік. Ал мынау әңгімедегі Қарасартов естелігі біз білген шындықпен мүлде жанаспайды.

1959 жылы Шәкәрім Құдайбердиев ақталып, «Қазақ әдебиеті» газетінде оның бірнеше өлеңі жарияланды. А. Қарасартовтың ақынға қаншалықты «жаны ашитынын» біз сонда көргенбіз. Ол жоғарғы орындардан кірмеген есік қалдырмай, айғайын сала жүріп, ақынның өлгеннен кейінгі өмірін тағы да өштіртіп тастаған. Қарасартов Қазақстан Жазушылар одағына да келген. «Банды бастығын ақтамақшы адамдардың өздерін жауапқа тарту керек!» деп столды соға даурыққанын өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көргенім де бар.

1963 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің идеология жөніндегі секретары Н. Жанділдин мені шақырып алып, Шәкәрім мәселесін егжей-тегжейлі тексеріп, содан қорытынды шығару үшін он екі адамнан комиссия қүрылғанын, председательдігіне менің тағайындалғанымды айтты.

Комиссияның құрамына Тайыр Жароков, Сәду Машақов, Жекен Жұмаханов секілді белгілі ақын-жазушылар, Академияның бір-екі тарихшысы және жергілікті семейлік жолдастар енгізілген.

Біз Орталық Комитетте арнайы бөлме алып, аптадан артық уақыт архив ақтардық. Оларды өзіміз жинақтаған деректермен салыстырдық. Содан кейін екі баспа табақ көлемінде қорытынды жазып бердік. Онда ақынның банды әрекетіне ешқандай қатысы болмағанын дәлелдедік. Бірақ, неге екені белгісіз, біздің сол қорытындымыз ол кезде істің бетін оңға бастыра алмады.

Бұл арада семейлік жолдастардың (облыстық партия комитетінің секретары Ә. Кәкімжанов, Абай аудандық партия комитетінің бірінші секретары К.Нұрбаев, ғалым- жазушы Қ. Мұқаметханов, жазушы К.Оразалин) өздері және өздері құрған комиссиялары арқылы өлшеусіз көп көмек
көрсеткенін айыра бөле айту керек. Бұлар Шәкәрімді көзімен көрген үш жүзге жуық адаммен ауызекі әңгімелесіп, айтқандарын қағазға түсірген. Оған қоса ақын өлімінен хабардар жетпістей адамның жазба түрдегі мағлұматтарын да осы жолдастар жинастырып берді.

Ауызекі айтушылар ақынның жоғары мәдениетін, білімдарлығы мен «қайырымдылығын, кісі өлтірмек түгілі біреуге тұрпайы сөйлеуді білмейтін сыпайылығын сыр етіп шертеді. Қалың малға еріксіз сатылған жерінен совет органдарына ертіп барып, бас бостандығьін әперген ақынға алғыс айтқан қыздың (кейінгі кездегі кемпірдің) хаты да бар.

Ал жаңағы көрген-білгендерін өз қолынан жазып бергендер ақьнның Қарауыл оқиғасына ешқандай қатысы болмағанын бір ауыздан қуаттайды. Бәрінің-ақ айтары: «ІІІәкең заман бетін жете түсіне алмай ортадан оқшауланДЫ» дегенге ғана саяды. Шынында да, ол бала-шаға, ағайын-жақындарына: «Мен қартайдым (жетпіс үшке қараған кезі еді ғой), сендер маған алаңдамай, білімдеріңді көтеріп, заман ағымына қарай қызмет қылыңдар. Ал, мен аз қалған өмірімде өзіміздің Шақпақ төңірегінен саят-жай салып алып, ың-шыңсыз оңаша жерде көңіл күйлерімді қағазға түсіремін, зеріккенде аң аулап, бой сергітемін»,- деген көрінеді.

Айтқанындай-ақ, «Мұтылғанның өмірі» атты поэмасын, көптеген лирикалық өлеңдерін ол осында жатып жазған. Бұл, әрине, Қытай өтуді немесе бүліншілікке қатысуды ниет қылған адамның ісі болмаса керек. Жә, бұның бәрі әншейін жалпы жағдайды анықтай кетейік дегеніміз ғой. Енді аты шулы трагедияның өзіне келейік.

Қарасартовтың Шәкәрім Қарауыл үстіндегі атыс кезінде өлді деуі шындық емес. Оның өлімі бұл оқиғадан бір ай кейін мүлде басқа жағдайда, басқа жерде, атап айтқанда, Керегетаста болған іс.

Оның сүйегі Бақанас бойындағы Қарақұдыққа сол жерден апарылған. Бұл кісінің «Білмедім Шәкәрімді кім атқанын» деуі де шындық емес. Білген. Оны дәлелдеушілер көп.
Бірінің сөзін бірі растап толықтыратын екі-ақ кісінің мәліметіне сүйенсем де жетер. Өйткені, сол кезде бұл екеуі екі тараптың адамы еді, яғни, осы оқиғаның ауыртпалығын екі түрлі жағдайда жүріп бастан кешірген жандар болатын. Бұлардың біреуі Қарасартов тобындағы Айтмырза Түңлікбаев та, екіншісі Шәкәрім тобындағы Бердеш Әзімбаев. Екеуінің сөзін де есімде қалған күйінде бұлжытпай қағазға түсірсем, төмендегідей суреттерді көрер едіңіз:

А. ТҮҢЛІКБАЕВ: «Мен 1928 жылдан партия мүшесімін. Бұл оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында чекистік қызмет атқардым. Бандылар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткен соң, араға үш күн салып Шәкәрім аға біздің үйге келді, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнің көңілін сұрады.
Сонда ол: «Қарауылдың балшық үйін қиратып, кісі өлтіргенде, жексұрын көрінгеннен басқа не шығарды?.. Өңшең ақымақтардың ісі бұл!»- деп, бүліншілікке қатысқандарды қатты жазғырып отырды. Сонда бұның банды болғаны қайсы?.. Ал, ақын қазасына келсек, ол былай болған: «Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбық қырау басқан боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып көрінген бір топ аттылардың бізге қарай беттегенін көрген. Осы хабар құлағына тиісімен, оларды банды деп ойлаған Қарасартов бізге бірден-ақ «Атыңдар!» деп бұйырды. Одан бұдан мылтық атыла бастаған соң, аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтан біреу үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге қарай беттеді және де қайта-қайта қолын көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей белгі берді. Жақындағанда, Шәкәрім екенін бәріміз-ақ таныдық. Бірақ «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң, башқұрт Халитов оны бір емес, екі дүркін атты. Шәкәрім атының жалын құша беріп жерге құлап түсті. Аты да оңбай жарақаттанды. Шәкеңнің бізге бірдеңе деуге де шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымыз біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Бұл кезде Шәкең серіктері зым-зия жоқ боп кетті.

Қапелімде жан тәсілім қыла алмай қиналып жатқан қарттың қаруын, үстіндегі киімдерін бұйрық бойынша жұрт үлесіп ала бастады. Қасқыр ішік, тымақ, саптама етік, сырма бешпент, шалбар дегендеріңіз бір-бірден алынып болған соң, ақ қыраудың үстінде ақ жейде, ақ дамбалымен қан жоса боп ақ сақалды шал жатты. Сонда начальник маған:
- Әй, тобықты, сен.неге алмадың?..- деп зекіді.
- Мен алатын несі қалды?..- дегенді мен ызаға булығып айттім.
- Өзін ал! Бақанасқа жеткіз!- деп бұйрық берді. Мен түйемді шөгердім де, астымдағы өре киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі жерден арқанмен бунап, түйенің бір жағына екі өркешіне ілдім. Өзім түйені жайдақ мініп, Бақанасқа да жеткіздім. Маған басқа бір жолдас болысқанда да, қалың тоң жерді түгел аударып жарыта алмадық. Біздің аса қиындықпен ойған жерімізге қарттың ұзын денесі сыймаған соң, соған отырғыздық та жүзін жасырдық.

«Мен алатын несі қалды?» дегенді ызаланып, жасқа булығып айтқаным үшін, Қарасартов маған сенімсіздік көрсетіп, мені он бес тәулік бойы гаупвахтада ұстады. Сол уақыт ішінде ол өзінің қорқытып жаздырған адамдардың бәріне «Шәкәрім бандыны ұйымдастырушы болды» дегізіп үлгерген. Гаупвахтадан шыққаннан кейін, мен де сол сарында жазуға мәжбүр болдым. Ал, Халитовты дереу басқа жаққа шығарып жіберді».
Айтмырза Түңлікбаевтың бізге өз қолымен жазып бергендері осылай. Бұл жазбада «басымнан оқ тиіп осы жолы жарадар болдым» деген сөз жоқ.

Б. ӘЗІМБАЕВ: «Біз өз туыстарымыздан төрт-бес адам жиналып, Шәкәрім ағаның хал-күйін білгелі Шақпақтағы саят-мекеніне барғанбыз. Ағаның бір ауық аң аулап, сендермен бірге көңіл сергітейін деген тілегі бойынша шыққан бетіміз сол еді. Таң мезгілі. Күн бұлыңғыр болатын. Шәкәрім аға бұл жолы өзінің Абай сыйлаған маузерімен шықкан-ды. Бір жазықта аттылы, түйелі адамдардың шоғыры мұнартып көрінді. Солай қарай беттей бергенімізде неше мәрте атылған оқтан секем. алдық та, іркіліп қалдық. Шәкең: «Тегінде, бұлар әнеугі бандыны қуып жүрген отряд шығар, мен соларға жолығып жөнімізді білгізейін, сендер осы арада аялдай тұрыңдар» деді де, жүріп кетті. Барған бетінде екі дүркін мылтық атылды. Бүліншіліктің барлық пәлесін біздің тұқымға телігісі келеді дегенді де естуші едік. Шәкеңді атып өлтіргенін бірден сездік. Бұлар кім болғанда да оны өлтірген соң, бізді, сірә да, аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік...

Міне, сізге ақиқаттың анық-танығы керек болса. Советке қарсы бір ауыз сөзі де жоқ, қылдай қиянаты да жоқ адамды сотсыз-дәнеңесіз атқызғаннан кейін, Қарасартовтың қорықпасқа, бар пәлені өлген адамның үстіне үйіп-төкпеске шарасы қайсы?.. Жылдар бойы көлеңкесіндей қасынан қалмаған осы үрей оған ақынды бір емес, екі дүркін өлтіртті. 1959 жылы жоғарыда айтылған әрекеттерін істемей жайына жүре берсе де ешкім оның жағасына жармаспас еді.

Ал, ақынның мол мұрасы осыдан отыз жыл бұрын-ақ түгелдей ел дәулетіне айналған болар еді.
Қарасартов сталинизм тұсындағы психологиядан елдің әлі де болса арылып болмаған кезеңін шебер пайдаланды. Букетовпен әңгімедегі оның Шәкәрімге деген «ыстық ықыласын» ең ақырғы қорғаныс қамалы деп түсінген жөн.

Абзал Қарасартов өмірінің басқа жағында біздің жұмысымыз жоқ. Ал, оның ақын өліміне байланысты шындықтан жалтарған жеріне түзету енгізіп, бұдан былай өмір-бақи өзгермейтін ақиқатты бүгінгілер түгілі келесі ұрпақтың да ұғымына орнықтырып кетуге міндеттіміз. Ол ақиқат былай:

- Шәкәрім Құдайбердиев ешкімді өлтірген жоқ, ол ешкімді ешбіреуге өлтірткен де емес. Қайран Шәкең тарихтағы бейкүнә күйген ақындар санатында дүниеден өтті!