Редакция алқасы Қазақстан тарихының жетінші томын талқылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.
Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған Тәуелсіздік кезеңіне арналған жетінші томның тұжырымдамасын, құрылымы мен мазмұнын таныстырды.
Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл мен PhD доктор, профессор Михаил Акуловтың рецензиялары тыңдалды.
Бұдан бөлек, редакция алқасының Сәбит Шілдебай, Ерлан Сыдықов, Ханкелді Әбжанов, Кенжехан Матыжанов, Радик Темірғалиев, Галина Ксенжик, Айгүл Сәдуақасова, Берекет Кәрібаев, Айболат Көшкімбаев, Мұрат Әбдіров, Дихан Қамзабекұлы, Болат Көмеков, Күлғазира Балтабаева, Андрей Чеботарев, Оразақ Смағұлов, Жақсылық Сәбитов, Жәкен Таймағамбетов секілді басқа да мүшелері ой-пікірін ортаға салды.
Отырыс қорытындысы бойынша редакция алқасы Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналған жетінші томды жетілдіру жұмыстарын жалғастыру және оны келесі отырыста қайта қарау туралы шешім қабылдады.