Реформалар, инновациялар және тұтастық: Ерлан Қарин 2025 жыл Қазақстан үшін қалай болғанын бағалады

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жыл Қазақстан үшін президенттік реформаларды институционалдық тұрғыдан орнықтыру кезеңі болды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин желідегі парақшасында мәлімдеді.

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

- Ішкі саясатты жүйелеу, ортақ құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жұмыс жалғасын тапты. Саланың негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын жеке құжаттың қабылдануы мемлекеттік саясаттың тиімділігі мен мақсатты сипатын арттыруда маңызды қадамға айналды. 

Ішкі саяси жұмыс әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен қатар жүргізілді. Сыртқы ахуалдың күрделі болуына қарамастан, экономика тұрақты өсім көрсетті, әлеуметтік, инженерлік және жол инфрақұрылымын қарқынды әрі ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасты. Осы орайда құқықтық тәртіпті нығайту, еңбек құндылықтарын ілгерілету, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру Мемлекет басшысы айқындаған күн тәртібінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Мұндай тәсіл қоғамдық тұрақтылықтың негізін қалыптастырып, жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа деген сенімді күшейтеді, - делінген жазбада. 

Сондай-ақ ол 2025 жылы мемлекеттің ауқымды цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізуге бағытталған ұзақ мерзімді векторын қалыптастыруымен ерекшеленгенін атап өтті.

- Цифрлық трансформация өз алдына бөлек мақсат ретінде емес, экономиканың әртүрлі саласындағы тиімділікті арттырудың, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартудың, елдің жалпы бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің жүйелі құралы ретінде қарастырылып отыр. 

Сонымен қатар 2025 жыл елімізде саяси реформалардың жаңа кезеңінің басталуымен есте қалды. Мемлекет басшысының бірпалаталы парламентке көшу жөніндегі бастамасы саяси институттардың рөлін одан әрі күшейтіп, саяси диалогты дамыту бағытын айқындай түсті, - деген Ерлан Қарин. 

Оның пайымынша, жалпы алғанда, 2025 жылды жекелеген реформалар мен бағдарламалардан Қазақстанның тұтас әрі үйлесімді даму моделіне сапалы көшу кезеңі ретінде сипаттауға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы елімізді өркендеудің жаңа әрі орнықты күре жолына шығарады.

- Институционалдық өзгерістердің, экономикалық өсімнің және жаңа қоғамдық этиканың үйлесімі мемлекеттің алдағы тұрақты ілгерілеуіне берік негіз қалайды, - дейді Мемлекеттік кеңесші.

Айта кетейік, Ерлан Қарин әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар