Рекорд: Алматы музейлеріне 2024 жылы 300 мың адам келген
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы музейлерінің табысы өткен жылы 85 миллион теңгеден асты.

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» директоры Ляззат Сағындықованың айтуынша, 2024 жылы Алматы қаласының Мәдениет басқармасына қарасты мұражайларға 309 956 адам келген.
Ал кіру билеттерін сатудан қалалық мұражайлар 85 миллион теңгеден астам табыс тапты. Бұдан бір жыл бұрын табыс - 60 000 000 теңге болған еді.
- Алматы - еліміздің оқушылары қалалық мұражайларға тегін баруға мүмкіндік алған Қазақстандағы алғашқы қала болды. Былтыр қала әкімінің шешімі бойынша іске асырылған бұл бастама мәдени тәрбие мен білім беру үдерісін дамытудағы маңызды қадам болды. Бір жыл ішінде Алматы музейлеріне 85 019 оқушы келді, - деді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» директоры Ляззат Сағындықова.
Еске салайық, бұған дейін Алматы халықаралық әуежайында Авиация мұражайы ашылғанын жазғанбыз.