Рекордтар фабрикасы атанған әйгілі Медеу қалай салынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Kazinform агенттігі 105 жылдық мерейтойына орай жеке архивтен Медеу мұз айдынының сирек фотоларын жариялады.

Алматының символына айналған әйгілі нысан құрылысы қалай жүргенін агенттік тілшісіне Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстан тарихы бөлімінің жетекшісі Константин Черепанов айтып берді.
Медеу атауы қалай қойылды?
Әрбір алматылыққа таныс Медеу атауы Жетісу губерниясына қарасты Верный уезінің Кіші Алматы болысы 3-ауылының болысы Медеу Пұсырманұлының құрметіне қойылған.
Тарихшы Константин Черепановтың айтуынша, Медеу Пұсырманұлы — патша заманында да, кейін кеңес кезеңінде де халық арасында абыройлы кісі болған.
Ол білім беру саласын дамытуға, қаланы көгалдандыруға үлес қосқан. Сондай-ақ балалар өкпе ауруларынан емделетін «Орман мектебін» ұйымдастырған. Жерлестері үшін жасаған еңбегі ескеріліп, Кіші Алматы өзені ағып жатқан шатқалға Медеу атауы берілген.
— Бұл мекен — қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны еді. Тұрғындар жазғы ыстықта осында серуендеп, салқын тау ауасын жұтып, табиғаттың әсемдігін тамашалауға келетін. Бұрын да солай болған, қазір де ештеңе өзгерген жоқ, — дейді Константин Черепанов.

Мұзайдын құрылысы
Тарихшының айтуынша, 1940 жылдардың соңына дейін Медеу шатқалында ешқандай нысан болмаған. Алғашқы құрылыс жұмыстары соғыстан кейінгі кезеңде — 1949 жылы басталды.
— 1951 жылы алғашқы мұз айдыны пайда болды. Әрине, ол қазіргі Медеуге мүлде ұқсамайтын. Қыс мезгілінде ғана мұз құйылатын, трибуналар жоқ, тек қарапайым орындықтар болатын. Соған қарамастан, 1951 жылдан бастап мұнда республикалық және одақ деңгейіндегі жарыстар өтетін. Тіпті әлемдік рекордтар тіркеле бастады, — дейді тарихшы.
Медеу мұз айдыны қазақстандық конькишілерді халықаралық аренаға шығаруда маңызды рөл атқарды. 1958 жылы қазақстандық Юрий Малышев алғаш рет Кеңес Одағының Олимпиада құрамасына қабылданып, АҚШ-тың Скво-Вэлли қаласындағы Қысқы ойындарға қатысқан.
1955 жылдан бастап нысан халықаралық жарыстар өткізетін орынға айналды. Германия, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия секілді елдердің командалары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жүлдесіне таласу үшін Алматыға келетін.

1963 жылғы сел
1963 жылы 7 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаев пен КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Алексей Косыгин Есік көлінің маңына сапармен барғанда сел жүрді.
Ыстық күннің әсерінен еріген қар, тас және лай араласып, таудан төмен көшкен. Сел лагерьлер мен демалыс орындарын басып, біраз адам көз жұмды. Оқиға Алматыдан небәрі 40 шақырым жерде болды.
— Қонаев өз естелігінде бұл күнді Косыгинмен бірге өлім аузынан аман қалдық деп ерекше атап өтеді. Бір ғажабы, олар қауіпті алдын ала сезіп, көлікке отырып, дер кезінде шатқалдан шығып үлгерген. Осы оқиғадан кейін ол Алматыны табиғи апаттардан қорғау мәселесіна аса үлкен мән берді, — дейді Константин Черепанов.

Сол жылдың тамызында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Алматы қаласын сел апаттарынан қорғау шаралары» туралы қаулы қабылдады.
— Қаулының жылдам қабылдануына Косыгиннің апатты өз көзімен көргені әсер еткен болуы мүмкін. Ол Қонаевты бұрыннан танитын және соғыс жылдарынан бері араласқан, — деп атап өтті тарихшы.
Бөгет пен жаңа Медеу құрылысы
1964 жылдың 25 қаңтарында арнайы жоспар бекітілді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Қайым Сымақов басқарған комиссия Кіші Алматы шатқалында жасанды бөгет салуды ұсынды.
1966 жылдың қазан айында бөгеттің іргетасын қалау үшін алғашқы жасанды жарылыс болды. Екінші жарылыс 1967 жылдың сәуірінде жасалды. Сол уақытта жаңа Медеу мұз айдынының құрылысы басталды. Бұл шешімді КСРО Министрлер Кеңесінің президиумы қабылдаған.

Медеу бүкілодақтық комсомол құрылысына айналып, оған мыңдаған жас маман келді. Құрылысты әскери бөлімдер мен озық жобалау-құрылыс ұйымдары жүргізді.
Жобаның жалпы құны сол уақыт үшін аса ірі сома — шамамен 8,5 млн рубль болды, оның 3 миллионы — Қазақ КСР бюджетінен бөлінді.
— Қонаев өзінің дипломатиялық шеберлігін пайдаланып, құрылысты одақтық деңгейге шығарды. Құрылыс жүргізу туралы шешім, әрине, КСРО деңгейінде қабылданған, — деді Константин Черепанов.
Жаңа нысан 1972 жылдың желтоқсанында ашылды.

«Рекордтар фабрикасы»
Медеу мұз айдыны теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан — мұндай биік нүктеде орналасқан спорттық нысандар әлемде өте аз.
Нысан тек орналасқан жерімен емес, инженерлік шешімдерімен де ерекше. Мұз тазартылған судан жасалған, бұл сырғанауды оңай етеді әрі жылдамдықты арттырады.
Мұз айдынының негізіне темірбетон құйылып, оның ішінде 170 шақырымдық құбыр төселген. Осы құбырлар арқылы хладагент айналып, мұз қабатын 8 ай бойы ұстап тұруға мүмкіндік берген.
Ал спортшылар үшін биік таулы аймақтың артықшылықтары болды — олар тез шаршамады, кей жағдайларда мұнда жел екпіні спортшылардың жылдамдық алуына көмектесті.
— Бала күнімде мәнерлеп сырғанау мен коньки жарыстарының бәрі осында өтетін. «Сіздерді Медеу мұз айдыны қарсы алады!» деген сөз — нағыз сапаның белгісіне айналды, — деп еске алды тарихшы.
Осы себепті де мұз айдын халық арасында «рекордтар фабрикасы» атанды. Шамамен мұнда республикалық, одақтық және әлемдік деңгейде 120-дан астам рекорд тіркелген.
1973 жылдың 16 тамызында Алматыға Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық комитетінің Бас хатшысы келді. Дінмұхамед Қонаев оны жаңадан салынған бөгетке апарып көрсетті. Кейін олар Медеуге де барды.

1973 жылғы сел
Мұз айдын мен бөгет бір мезгілде, бір кешен ретінде жобаланды. Қазіргі таңда да олар біртұтас инженерлік жүйе саналады.
— Алматы тұрғындарының сүйікті орнына айналған 842 қадамды баспалдақ дәл осы бөгетке алып барады. Бұл құрылыс тек «Медеуді» емес, бүкіл қаланы сел апатынан қорғайды. Тәжірибе көрсеткендей, бөгеттің уақтылы салынуы өте орынды шешім болған. 1973 жылы 15 шілдеде тағы бір ірі сел жүрді. Шатқалдың көп бөлігі лай, тас, ағаш сынықтарымен толды. Бірақ бөгет оған қарсы тұра алды, — деді Константин Черепанов.
Апат салдарынан «Горельник» демалыс базасында ондаған турист қаза тапқан, бірақ қала аман қалды.
— Бөгеттің салынуы стратегиялық жағынан дұрыс шешім болды. Қонаевтың өзі тау-кен инженері болатын. «Алматыгипрогор» мен «Дорпроект» институттарының мамандары өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқарды. Кейін бөгет қосымша нығайтылды, — деді тарихшы.

Осылайша Кіші Алматы шатқалындағы селден қорғау бөгеті мен Медеу мұзайдыны — қалаға қауіп төндірген табиғи апатқа қарсы тұра алатын, әрі тұрғындардың сүйікті орнына айналған бірегей спорттық-гидротехникалық кешенге айналды.
— Бір қарағанда, бәріне танымал «Медеу» мұз айдыны — бұл көркем әрі маңызды орын. Алайда оның артында сел апатынан қорғайтын бөгеттер тұр. Дәл осы бөгеттер — ғасырларға жететін инженерлік құрылымдар. Олар жарты ғасырдан астам уақыт бойы өз міндетін мінсіз атқарып келеді, — деді тарихшы Константин Черепанов.

Еске салайық, бұған дейін «Медеу» мұз айдыны сырғанау маусымынан кейін бірнеше жылға жабылғанын жазғанбыз.
Реконструкция жұмыстарын 2025-2027 жылдары аралығында жүргізіледі. Жоба бойынша «Медеу» мұз айдынының айналасында жаңа аллеялар мен серуендеуге арналған жолдар пайда болады.