Рельстегі емхана. «Саламатты Қазақстан» пойызы шалғайдағы ауылдарға аттанды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін «Алматы-2» теміржол вокзалынан жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» пойызының іші медициналық қызмет көрсетуге сай жабдықталып, дәрігерлер мен пациенттерге барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пойыздың іші емханадағыдай жабдықталған. Кез келген медицина мекемесіне келген адам, алдымен тіркеу бөліміне барады. Мұнда да дәл солай. Терапевт, хирург, кардиолог, лор, педиатр сияқты қажетті мамандардың жеке кабинеті бар. Тіпті, арнайы зертхана да қарастырылған. Зерттеу нәтижелері 15 минуттың ішінде дайын болады.


Дәрігерлер бригадасы халыққа барлық қызметті тегін көрсетеді. Пойызда биохимиялық талдаулар жасап, ішкі ағзаларды ультрадыбыстық зерттеуден өткізуге мүмкіндік жасалған.

«Медициналық бригадалар диагностикалық процедуралар ғана емес, сондай-ақ шағын амбулаториялық операция да жасайды. Шалғай ауыл тұрғындары терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашы, мейірбике, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, тіс дәрігері, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог, маммолог және уролог маманына қарала алады. Медпойыз қозғалысының кестесі шалғай станцияларда медициналық пунктердің жоқтығы ескеріле отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде әзірленді», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.


Мамандандырылған медициналық пойыз 8 вагоннан тұрады: медициналық вагондар, мейрамхана, купе вагондары және дизельді генератор вагоны. Дизельді вагон электр қуатымен қамтамасыз етеді.

«Жол серіктер құрамында 14 адам бар. Оның 11-і – жолсерік, пойыз бастығы, электромеханик және дизелист. Екі бригада 15 күн сайын кезекшілікке түседі», - дейді пойыз бастығы Дүйсен Ғалымбеков.

Дәрігерлер 6 желтоқсанға дейін облыс, аудан орталықтарынан шалғай жерде орналасқан 120 станцияға барады. Болжам байынша 75 мың адамға медициналық көмек көрсетіледі. Медициналық пойызда 35 білікті маман бар.


«Халықты қабылдау бүгіннен басталады. Алғашқы тоқтайтын станциямыз – Қопа. Соңғы бекетке жоспар бойынша 6 желтоқсан күні барамыз. Бізде медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Дәрігерлер адамдарды емдеуге, кеңес беруге толық дайын. Медициналық пойыз станцияларда 1-2 күн аялдайды. Тұрғындарды қабылдау жұмыс уақытында жүреді», - деді дәрігер Дана Нұржанқызы.

Сондай-ақ, биыл «Саламатты Қазақстан» пойызында заңгерлер кеңес береді.

«Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен алғаш рет, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысына, азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық әрі медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылды. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқығын қорғау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңес беріледі», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ компания өкілі.


«Самұрық-Қазына» АҚ қолдауының арқасында денсаулық пойыздарының шалғай станциялардың тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетуі игі дәстүрге айналды. Тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша 150-ге жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдік-кеңес беру қызметін алды. Оның 21 867-сі – бала. Ал, 5 097 адамға шағын ота жасалды.

«Қызметіміздің басты мақсаты – «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы кәсіпорындары бар өңірлерге ерекше назар аудара отырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсарту. Осы жылы 7 жобаның ішінде денсаулық сақтау бағытында 590 миллион теңге бюджетпен «Медициналық пойыз» жобасына басымдық беріледі», - деп жеткізді Альфия Адиева.

Бұған дейін маңызы зор ауқымды әлеуметтік жобаның негізгі ақпараттық серіктесі ҚР Президентінің Телерадиокешені екенін жазған болатынбыз.













Соңғы жаңалықтар