Ресей әскерилері 5 маймыл сатып алмақшы

Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы құжаттамада маймылдардың жалпы құны 1,5 млн рубль деп көрсетілген.
Тапсырыс беруші Киров қаласындағы әскери мекеменің 48-ші Орталық ҒЗИ. «Дені сау, 2010-2011 жылы туған, аталықтар. Ветеринарлық куәлігі болуы тиіс», - делінген макакаға қойылатын талаптар құжатында.
Институт бір маймылды 300 мың рубльге бағалап отыр. Байқауға құжаттар қабылдау 8 сәуірде аяқталып, аукцион 15 сәуірде өткізіледі.
Еске сала кетсек, наурыз айының басында Ресейдің Қорғаныс министрлігі 5 афалина - дельфинін сатып алмақшы болған. Ведомство қажеттілігі үшін үш аталық, екі ұрғашы киттәріздіні сатып алуға ашық байқау өткізу жөніндегі ақпарат ресми мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды.
Әрбір дельфинге 350 мың рубль төленеді, жалпы сомасы 1,75 млн рубль (8,4 млн теңге шамасында).