Ресей Дүниежүзілік сауда ұйымына дербес кіретін болады

Ресей Президенті Дмитрий Медведев кеше Италияда өткен «үлкен сегіздік» саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Медведевтің атап көрсетуінше, Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуының екі нұсқасы болды. Шамамен, осымен бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуде, егер 2009 жылдың жазына қарай не Ресей, не Беларусь, не Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмесе, жеделдетілген түрде Кедендік одақ құрылатыны туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Одақ құрылды. «Енді не істеу керек деген мәселе туындап отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру міндеті қала береді, оған күмән болмасын», деді Медведев өз сөзінде. Оның пікірінше, әр ел Ұйымға жекелеп қосылу жолымен жүретін болса, бұл үдерісті ортақ стандарттар мен ұстанымдарды келісіп алу арқылы жүзеге асырған жөн.
Медведев аталған үш елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына «әр кезеңде» кіруі мүмкін екенін жоққа шығармайды, дегенмен бірлесіп әзірленген ұстанымдардан танбаған жөн.