Ресей Қырғызстанның уақытша үкіметін қолдауға қаржы бөледі

БІШКЕК. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Евгений Новиков/ - Қырғыздық «Кабар» ақпараттық агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында Қырғыстанның уақытша халықтық үкіметі (УХҮ) төрағасының бірінші орынбасары Алмазбек Атамбаев Ресейге сапарының қорытындылары туралы әңгімелеп берді.

Ресей Қырғызстанның уақытша үкіметін қолдауға қаржы бөледі

Мәселен, сапары барысында А. Атамбаев Ресей үкіметінің басшыларымен және мүшелерімен кездесіп, Қырғызстанда орын алған жағдайларға түсініктеме берген, сондай-ақ УХҮ-ге көмектесіп, қолдау көрсетуді сұраған.

Оның айтуынша, Ресей тарабынан қайтарусыз ақшалай грант беріледі, сондай-ақ елді жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді. Грант мөлшері 150 миллионнан астам АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. «Бейбіт кезде Ресей бізге 150 миллион доллар грант бөлген еді, мен ресейлік әріптестерге түсіндіріп, жағдайдың төтенше екенін, сондықтан грант көлемі де көбірек болуы қажеттілігін айттым», - деді ол.

Мұнан басқа А. Атамбаев Мәскеуде толықтай қолдау көргенін, қойылған мәселелердің үлкен түсіністікпен қабылданғанын да қоса атап өтті.

Сәрсенбіде Мәскеуге уақытша үкімет мүшесі Темір Сариевтың басшылығымен көмек бөлудің мәселелерін нақты талқылауға делегация жолға шықпақ.