Ресей Өзбекстанға Қазақстан арқылы экспорттайтын газдың көлемін 11 млрд текше метрге дейін ұлғайтпақшы

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан аумағы арқылы газ транзиттеу көлемі артатынын айтты.

 Ресей Өзбекстанға Қазақстан арқылы экспорттайтын газдың көлемін 11 млрд текше метрге дейін ұлғайтпақшы
Фото: Caspian News

- Елдің транзиттік әлеуетін пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың қазан айында Ресей газының Өзбекстан Республикасына транзиті іске қосылды. 2023 жылы 1,28 млрд текше метр, 2024 жылы – 5,6 млрд текше метр тасымалданды. Биыл 7,3 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған. 2038 жылға қарай бұл көрсеткішті 11 млрд текше метрге дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, - деді Ерлан Ақкенженов.

Ал Түрікменстан мен Өзбекстан газын Қытайға тасымалдау көлемі былтырғы деңгейде сақталмақ.

- Алдымыздағы жылы түркімен және өзбек газын Қытай Халық Республикасына тасымалдау жоспары шамамен 36,2 млрд текше метр болмақ. Бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді, - деді министр.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін Үкіметтің өрескел олқылығы ретінде бағалаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар