«Ресей темір жолдары» Петропавл филиалына 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — «Ресей темір жолдары» филиалының Оңтүстік Орал темір жолы — Петропавл бөлімі заңбұзушылықтарға жол берген.
Бұл ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің СҚО бойынша департаменті жүргізген тергеп-тексеру кезінде анықталды.
Ведомствоның мәліметінше, тексеруді жүргізуге жергілікті кәсіпорынның шағымы негіз болған. Олардың пікірінше, филиал ұсынған теміржол вагондарының электронды таразыларына метрологиялық қызмет көрсету бағасы тым жоғары болған.
Нарықтағы жағдайды талдау қорытындысы бойынша филиалдың әрекетінен үстемдігін пайдаланып, бұл қызметтерге монополиялық жоғары бағаларды белгілегені анықталды.
Тергеп-тексеру де ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 1) тармақшасы бұзылғанын растады. «Ресей темір жолдары» филиалына қатысты әкімшілік іс қозғалып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылды.
Былтыр 24 желтоқсанда сот «Ресей темір жолдары» филиалына 1 млн 880 мың теңге айыппұл салды және 7,3 млн теңге монополиялық кіріс тәркіленді. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Филиал департаменттің нұсқамасын орындады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды вагон таразыларына метрологиялық қызмет көрсету бағасы 28%, яғни 754 698 теңгеден 536 357 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) төмендетілді.
Бұған дейін «Ресей темір жолдары» филиалына қатысты тергеп-тексеру басталғанын жазған едік.