Ресейде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 бала Өзбекстанға оралды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Сәуірдің 29-ы күні кәмелетке толмаған үш бала Мәскеудегі «Алтуфево» әлеуметтік оңалту орталығының қызметкерлерімен бірге Өзбекстанға қайтарылды. Бұл туралы Өзбекстан Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі хабарлады.

Ташкент қалалық ішкі істер бас басқармасына қарасты кәмелетке толмағандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету орталығында балалар үшін барлық қажетті жағдай жасалғаны атап өтілді. Шұғыл медициналық тексеруден өткізу, психологиялық қолдау көрсету жақсы жолға қойылған.
«Адам» («Инсон») әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары балалардың жақын туыстарын анықтап, оларды отбасыларына қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдады.
2024 жылдан бері Өзбекстанның 40-тан астам кәмелетке толмаған азаматы республикаға әкелініп, отбасылық ортасына қайтарылды.
Еске сала кетейік, Ресейде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16 бала Өзбекстанға қайтарылды.