Ресейде қазақстандық азамат жүк көлігінде асулы күйінде табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -Санкт-Петербургте ауыр жүк көлігінің кабинасында Қазақстан азаматы асулы күйінде табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

Ресейде қазақстандық азамат жүк көлігінде асулы күйінде табылды

«Санкт-Петербургтегі Бас консулдықтың қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін дереу жергілікті құқыққорғау органдарына байланысқа шықты. Тергеушінің ақпараты бойынша, 9 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласының Фрунзе ауданында орналасқан София көкөніс базасында жүк көлігінің кабинасында 1972 жылы туған Қазақстан азаматының денесі табылды. Алдын ала деректерге сәйкес, ол өз-өзін буындырудан болған ауа жетіспеушілігінен  қаза болған», - деп хабарлады Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта РФ құқыққорғау органдары аталмыш істің мән-жайын анықтау үстінде.

«Бас консулдық қажетті құжаттарды толтыруда консулдық-құқықтық көмектер көрсетіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк Шымкентке 11 желтоқсанда жеткізілетін болады», - деп түсіндірді ҚР СІМ өкілі.

Айта кетсек, аталмыш оқиға туралы бұған дейін жергілікті БАҚ хабарлаған болатын.