Ресейде полиомелит оқиғасы тіркелді

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат - Ресейде баланың полиомелитпен ауруының бірінші оқиғасы тіркелді,
None
None

деп хабарлайды «Маяк» радиосы.

РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Андрей Нестеренконың хабарлауынша, ауру 9 айлық баладан - Ресейдің Иркутск облысына мамырдың 1-інде ата-анасымен келген Тәжікстан азаматынан анықталып отыр. Нестеренконың айтуынша, халықаралық стандарттар бойынша мұндай оқиға төтенше деп бағаланады.

Осыған байланысты Тәжікстаннан 6 жасқа дейінгі балалардың Ресейге келуіне уақытша тыйым салынып отыр. Шекаралардағы өткізу бекеттерінде аталмыш республикадан келіп жатқан жолаушыларды санитарлық-карантиндік бақылау шаралары күшейтілуде.

Соңғы мәліметтер бойынша, Тәжікстанда полиомелиттің 280-нен астам оқиғасы тіркелген, оның ішінде 13 оқиға кісі өлімімен аяқталған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Ресейдің санитарлық қызметіне Тәжікстаннан әкелінген жаңғақтар мен кептірілген жемістерді дүкендер мен базарлардан сатылымнан алып тастау туралы тапсырма берілген болатын. Қатерлі инфекциялық ауру болып табылатын - полиомелит ошағының Тәжікстанда тіркелуіне байланысты осындай қатаң шара қабылданған еді. «Роспотребнадзор» агенттігінің басшысы Геннадий Онищенко сондай-ақ тәжік кептірілген жеміс-жидектерге берілген санитарлық-эпидемиологиялық құжаттардың күшін уақытша тоқтата тұруды тапсырды.

«Қызу сауда-саттықты ескерсек, біздің елімізге «жабайы» полиовирустың келу, оның ішінде азық-түлік өнімдерімен келу қаупі жоқ емес. Әсіресе, еш өңдеусіз тамаққа пайдаланылатын кептірілген жемістер мен жаңғақтар ерекше қауіпті», - делінген ресми құжатта.

Соңғы жаңалықтар