Ресейден келген орыс қызы мемлекеттік тілден қалалық олимпиадаға қатысуда
ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласындағы №6 орта мектептің 9-сыныбында оқитын Настя Фролова бүгін қазақ тілінен қалалық олимпиадаға қатысуда.
Қазақ тілін Настя отбасы Ресейден Оралға көшіп келгеннен кейін 5-сыныптан үйрене бастады. Бүгінде ол мемлекеттік тілді сыныптастарынан кем білмейді, тіпті кейбір қазақ құрбыларынан да асып түседі. Настя Қазақстан азаматы ретінде мемлекеттік тілді білу міндет деп есептейді. «Болашақта осында тұрып, жұмыс істейтіндіктен, мен қазақ, орыс және ағылшын тілін білу керек деп ойлаймын. Мектеп бітіруге әлі екі жыл бар. Осы уақыт ішінде қазақ тілін жетік меңгеруді мақсат етіп отырмын», - дейді ол. Ұстазы Айғаным Айшықова да шәкіртінің табысқа жететініне сенімді.
Педагогтардың айтуынша, соңғы бес жылда оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі өсіп отыр. Бұған ҰБТ көрсеткіштері дәлел. Мәселен, қала мектептері оқушыларының өткен жылғы сынақта қазақ тілін меңгеру деңгейі 82 пайызға жетті.