Ресейден көшіп келген Алена Свириденко Марқакөлде қазақ тілінен сабақ беріп жүр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Ресейде туған Алена Свириденко бала күнінде Қазақстанның Шығысындағы табиғаты көркем Марқакөл ауданына аялдап, сол жақта қазақ тілін жетік меңгерген. Қазір өзі аудан орталығындағы мектепте қазақ балаларына мемлекеттік тілді үйретіп жүр. Осы ретте Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып көрді.

Алена Свириденко
Фото Алена Свириденконың жеке архивінен

— Әңгімемізді қазақ тілін қалай үйренгеніңізден бастасақ… 

— Әкем — Қазақстанның тумасы. Кейін Ресейге көшіп сол жақта отбасын құрып, балалы-шағалы болған. Мен Ресейде дүниеге келдім. Алайда ата-анам онда көп тұрақтамай, Қазақстанға бет алды. Алғашында Көкпекті ауданына қарасты ауылда тұрдық. Кейін 2008 жылы Марқакөл ауданындағы Қарой ауылына көшіп келдік.

Ол жерде тек қазақ сыныбы ғана болғандықтан мен 4-ші сыныпты қазақша жалғастырдым. Сол кезде сабақ берген Күлзия Төлеуова апайыма алғысым шексіз! Мені қолдап, сабақ барысын түсінуіме көп көмектесті. Одан бөлек, аулада балалармен ойнап, сөздік қорым кеңейе бастады. Ортаның әсері басымырақ екен. Қазақы орта маған тек тілді емес, елдің мәдениетін де үйретті.

— Жұмыс өтіліңіз қалай басталды?

— Мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетіне қабылдандым. Жоғары оқу орнында жақсы ортаға кезігіп, білімге деген қызығушылығым арта түсті. Біз филолог болғандықтан аптасына кемінде 3 кітап оқуымыз керек болды. Әрине, басында қиналдым. Шығармаларды қабылдауым ауырға соқты. Бірақ бәрі уақыт еншісінде екен. Күндер, апталар өте келе бұл жүктемеге де етім үйреніп қалды.

Университет бітіргеннен соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Марқакөл ауылындағы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Әлі күнге дейін осы білім ордасында жұмыс істеймін. Ұжым мені жылы қабылдап, қоян-қолтық араласып кеттік.

Ұстаздық жол оңай емес. Алғашында қиналған кезімде бәрі жылы сөздерін аямай, қолдап, шабыттандырып отыратын. Еңбек жолымда жеткен жетістігім анам мен мектеп директорының қолдауы деп білемін. Анама жан сырымды ақтарып, бір жеңілдеп алатынмын. Ұжымды айрандай ұйытып отырған директорымыз — Жарқын Уркумбаев. Өте білімді, жан-жақты адам. Мұғалімдерді қолдап, мәртебемізді арттырып жүреді.

п
Фото Алена Свириденконың жеке архивінен

— Қазақша кітапты көп оқығаныңызды айтып қалдыңыз. Ең алғаш оқыған кітабыңыз қандай?

— Алғашқы оқыған туындым — Мұхтар Әуезовтың «Жетім» деген әңгімесі. Бірінші рет оқығаннан бастап жазушының шығармашылығы баурап алды. Қазіргі күнге дейін оқып, сөз оралымына таң қаламын. Тілінің байлығы арқылы қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алғаны белгілі. Абайдай дара тұлғаның өмірін өрнектеп, болашаққа мұра етті.

Есейсек те, іштей бала болып қаламыз ба, әйтеуір қиял-ғажайып әңгімелерді оқысам бір демалып қаламын. Қазақша тәржімаланған шетелдің әңгімелерін оқығанды да ұнатамын. Жалпы, хоррор жанры (қорқынышты әңгімелер — авт.) ұнайды. Өкінішке қарай, осы жанрда қалам тербейтін жазушы аз. Келешекте өзімнің жазу қабілетімді сынап, осы жанрда жазып көргім келеді. Жұмыс пен үйдің арасында қолым тимей жатса да, жазушылықтан үмітімді үзбедім. Мүмкін, алдағы уақытта әңгімем жарық көріп қалар.

— Технология дамыған мына заманда балаларды кітап оқуға қалай қызықтыру керек деп ойлайсыз?

— Балаға кітапты қаршадай күнінен көрсетіп, оқып беріп, әдет қалыптастыру керек деп ойлаймын. Бала айтқанды емес, көргенін қайталатынын білеміз. Қазіргі кітаптардың суреті өте қанық, баланы қызықтыра алады. Өзім қолданатын «екі минут ережесі» бар. Оның мәні — әдеттерді барынша жеңілдету. Мысалы, «күнде ұйықтар алдында кітап оқимын» деудің орнына «күнде ұйықтар алдында кітаптың бір парағын оқимын» деп өзгертсеңіз, тапсырмаңыз жеңілдеп, жақсы әдет қалыптаса бастайды. Осы әдісті баланы үй тірлігіне үйрету барысында да қолдануға болады.

г
Фото Алена Свириденконың жеке архивінен

— Қазақ тілін кеңінен насихаттау үшін не істеу керек?

— Қазіргі таңда қазақ тілінің мәртебесіне ерекше көңіл бөлініп, қазақша контент те күн санап артып келеді. Мемлекеттік тілдегі мультфильмнің де сапасы артып, көрермені едәуір көбейді. Қазақ тілінің қанат жаюы үшін еріктілер де қазақ тілін үйретумен айналысып жүр. Осы қарқынды бәсеңдетіп алмау керек.

— Қазақ тілін білу сізге қандай мүмкіндіктер сыйлады?

— Қазақстанда тұрғандықтан қазақ тілін білгеніміз жөн. Мемлекеттік тілді білу арқылы төл әдебиетті түпнұсқада оқи алдым. Тіл білгендіктен кез келген жерге еркін сіңісіп кетемін. Құрбыларым, ұжымым қазақ тілді орта. Қазақ тілінің байлығы, әр алуандығы жаныма жақын. Сондықтан тілге алғысым шексіз. Қазақ тілінсіз өмірімнің мәні кетеді.

— Тілді үйрене алмай жүргендерге қандай кеңес айтар едіңіз?

— Бүгінде елде қазақша үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Тегін сөйлесу клубтары, білікті ұстаздар да жанымызда. Ең бастысы сөйлесетін орта, күнделікті тәжірибе қажет. Тіл үйренгісі келгендерге апалармен «құрбы» болып алыңыз дер едім. Жастар білмейтін тіл оралымдарын солар біледі. Сол арқылы сөздік қорыңыз кеңейіп, мақал-мәтелдерді де бір кісідей меңгеріп аласыз.

а
Фото Алена Свириденконың жеке архивінен

— Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…

— Жан-жарым — қазақ азаматы. Басқа ұлтқа тұрмысқа шығуыма ата-анам қарсы болған жоқ, керісінше қолдады. Сөйтіп қазақ отбасына келін болдым. Ол кезде елдегі карантин әсерінен той жасамадық. Туыстар арасында тойдың ырымы жасалды. Өзім көпбалалы отбасында туып-өскендіктен үлкен отбасы болғанды жақсы көремін. Қазір үш баламыз бар.

Еске салсақ, осыған дейін Disney студиясының кезекті туындысы қазақ тілінде сөйлейтіні хабарланған.  

Соңғы жаңалықтар