Ресейдің Новосібір қаласында бильярдтың "Еркін пирамида" түрінен Әлем чемпионаты өтеді
АЛМАТЫ. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ресейдің Новосібір қаласында қарашаның 18-21-і күндері бильярдтың "Еркін пирамида" түрінен Әлем чемпионаты өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүкіләлемдік бильярд спорты конфедерациясының қолдауымен өтетін бұл жарысты Ресей Федерациясының спорт, туризм және жастар саясаты министрлігі мен Ресей Олимпиадалық комитетінің қатысуымен Пирамида бойынша халықаралық комитет және Ресейдің бильярд спорты федерациясы ұйымдастырып отыр.
Қазақстан құрамасы Әлем чемпионаты қарсаңындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын қазір "Бастау" спорт кешенінде өткізіп жатыр. Қарашаның 9-ы күні басталған дайындық жұмыстары алдағы дүйсенбіде аяқталады. Онда ел намысын әйелдер арасында Анел Бекбосынова мен Бақыт Әбілпейісова, ал ерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері - Әлихан Қаранеев, Әуез Елубаев, Эмиль Мударисов пен еңбек сіңірген спорт шебері Қаныбек Сағындықов және тағы басқа спорт шеберлерінен құралған 14 спортшы қорғамақ. Ал әйелдер арасында 2 спортшы бақ сынамақ. Жүлде қоры 44 мың 800 АҚШ долларын құрайтын бұл дүбірлі додаға алғашқы кезде 18 елден спортшылар қатысады деп жоспарланса, қазіргі таңда өтініш білдірген мемлекеттер саны 29-ға жетіп отыр.