Ресей Павел Дуровқа іздеу жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа Ресейде террористік әрекетке көмектесті деген айып тағылып, оған халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) қоғаммен байланыс орталығы хабарлады, деп жазды ресейлік ТАСС.
- Telegram әкімшілігінің басшысы П. Дуровқа Ресейдің Қылмыстық кодексі 205.1-бабының 1.1-бөлімінде (лаңкестік әрекетке көмектесу) қарастырылған іс аясында айып тағылды. Оған халықаралық іздеу жарияланды, - деп атап өтті Қоғаммен байланыс орталығы.
Хабарламада «Ресей заңнамасын бұза отырып, Telegram әкімшілігі осы мессенджердің көптеген арналары, чаттары және боттарын жоймағаны, оларды Украинаның арнайы қызметтері, лаңкестік және экстремистік ұйымдары Ресей Федерациясында диверсиялық-террористік, жаппай кісі өлтіру және кибералаяқтық әрекеттерін дайындау және үйлестіру үшін белсенді түрде пайдаланып отырғаны, олардың салдары әйелдер мен балаларды қоса алғанда көптеген адамдардың қаза табуына, сондай-ақ миллиардтаған долларлық материалдық шығынға әкеп соққаны» айтылған.
РФ Қылмыстық кодексі 205.1-бабының 1.1-бөлімі бойынша кем дегенде бір террористік қылмыс жасауға адамды азғырғаны, жалдағаны немесе басқаша тартқаны үшін жауапкершілік көзделген және 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, 700 мың рубльге дейін қосымша айыппұл немесе сотталған адамның екі жылдан төрт жылға дейінгі табысын алу немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Іс туралы ақпарат
Биылғы жылдың ақпан айында «Российская газета» ФҚҚ құжаттарына сілтеме жасай отырып Дуровтың әрекеттері терроризмге көмектесу бойынша қылмыстық істің бөлігі ретінде тергеліп жатқанын хабарлады. ФҚҚ құжаттарында 2022 жылдан бері Ресейде Telegram арқылы жасалған 153 мың қылмыс тіркелгені, оның ішінде «Крокус сити холдағы» террористік шабуылды ұйымдастыру, Дарья Дугина, Максим Фоминнің (Владлен Татарский) және РХБҚ әскерінің бастығы, генерал-лейтенант Игорь Кирилловты қоса алғанда тоғыз жоғары лауазымды әскери шенеуніктің өлімі, сондай-ақ әскери шақыру бөлімшелеріне жарылыстар мен өртеуді ұйымдастыру болғаны атап өтілді.
ФҚҚ соңғы бірнеше жылда Telegram арқылы ұйымдастырылған 475 террористік шабуылдың, соның ішінде мектептерде жасөспірімдерге жасалған 61 жаппай атыстың алдын алды. Сонымен қатар, ресейлік әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне қарсы шамамен 700 тікелей қоқан-лоққы жасау жағдайы тіркелді. Роскомнадзор Дуровтың командасына заңсыз мазмұнды жою талап етілген 150 мыңнан астам өтініш жіберді, бірақ олар елеусіз қалды.
Осыған дейін Павел Дуров Францияда ұсталған болатын.