Ресейлік бұрынғы тың игерушілердің ұрпақтары Қазақстанның шалғай ауылында Отан күнін өткізді

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат /Қалил Қабдолуахитов/ - Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылында өткен демалыс күндері туған ауылынан 20-30 жыл бұрын жыраққа кеткен жерлестер кездесуі болды. Бұрынғы қайраттықтардың бастамасымен ұйымдастырылған шара Отан күні деп аталды. Олар КСРО тарқаған кезде Ресейге көшкендер.
None
None

Кездесуге бұрынғы тың игерушілердің балалары мен немерелері келді, олар Владимир, Омбы, Түмен, Иркут облыстарынан, сондай-ақ қазір Астанада және Көкшетау қаласында тұратын Қайрат ауылының бұрынғы тұрғындары да болды.

Қайрат ауылы бұрынғы Көкшетау, Целиноград, Павлодар облыстары мен Ресейдің Омбы облысымен шекаралас жерде 1962 жылы салынған. 80-ші жылдары «Қайрат» кеңшары миллионер шаруашылық болды. Кеңес одағы тарағаннан кейін шаруашылық өз жұмысын тоқтатты. Бұрынғы қайраттықтар әлеуметтік желілер және интернет арқылы табысып туған жерде кездесу өткізуді ұйғарды.

Алғашқы күні қонақтар туысқандарын еске алып, ауыл сыртындағы бейіттің қоршауларын сырлады. Жерлестерді қошеметтеуді жергілікті әкімдік ауыл мектебінде өткізді. Салтанатты кеште бұрынғы қайраттықтар өздерінің қуаныш жасын жасыра алмады.

Мерекелік дастархан басында қазақ және орыс тілдерінде әндер шырқалды. Екінші күні қонақтар балық аулап, бой жазды, бұрынғы таныс жерлермен жүріп өтті.

«Жерлестеріміздің келуі бізді бір сілкіндіріп тастады. Олардың туған жерін ұмытпай, азаматтық жасағанына ризамыз», - деді ауыл әкімі Жанболат Бижігітов.

Отан күнінің қорытындысында 2012 жылы Қайрат ауылының 50 жылдық мерейтойын өткізуге шешім қабылданды. Тың игерушлер ұрпағы ауылдың негізін қалаға аталары мен әкелерінің құрметіне ескерткіш белгі орнатпақ.

Соңғы жаңалықтар