Ресейлік математик Григорий Перельманға Мыңжылдық сыйлығы тағайындалды
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Ресейлік математик Григорий Перельманға Мыңжылдық сыйлығы тағайындалды, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.
Бұл туралы АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Клей атындағы Математикалық институттан хабарлаған. Бұл награда ресейлік ғалымға Пуанкаре гипотезасын дәлелдегені үшін тағайындалып отыр, делінген институттың ресми сайтында.
Клей атындағы институттың шешіміне түсінік берген оның жетекшісі Джеймс Карлсон, «Пуанкаре гипотезасын дәлелдеген Перельман мырза, бір ғасыр бойы шешімі табылмай келген сұраққа жауап бергенін» айтып отыр.
1904 жылы француз математигі Анри Пуанкаре түйіндеген бұл гипотеза Клей атындағы институт шешімі үшін 1 миллион доллар көлемінде ақшалай сыйлық уәде еткен жеті «мыңжылдық есептің» қатарына кіреді. Ресейлік ғалымға 2006 жылы жоғары математикалық награда - Филдс сыйлығы тағайындалған болатын, бірақ Перельман оны алудан бас тартқан еді.
Ғалымның Клей атындағы институттың Мыңжылдық сыйлығын алудан бас тартқан-тартпағаны туралы әзірге ақпарат жоқ.