Ресейлік сарапшы: Қазақстанның жаңа саясаты жастарға сүйенеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президентінің Республика күніне арналған салтанатты іс-шарадағы сөзі ел өміріндегі жаңа дәуірдің басталуымен байланысты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне Ресейдің Аймақтық мәселелер институтының директоры Дмитрий Журавлев мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, сөздің алғашқы бөлігі қорытынды жасауға, қол жеткізілген табыстар мен нәтижелерге арналған — бұл өмір сүру деңгейі мен ұзақтығының артуы, атқарушы билік реформалары және өзге де қажетті шаралар.
— Жаңа кезең үшін басты назар — жастарда. Дәл осы жастар — мәтінде негізгі категория ретінде көрсетілген. Бұл дұрыс, өйткені ертеңгі күнді жастарға сүйене отырып қана құруға болады. Ал Қазақстан Президенті оларға даму мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Мұнда білім беруді дамыту, жастар арасындағы халықаралық байланыстар бар. Мүмкін, ең бастысы бұл цифрландыру, ол табиғи түрде жастармен байланысты, — деді Журавлев.
Оның пікірінше, цифрландыру жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сарапшы сондай-ақ Қазақстандағы қос палаталы Парламент реформасына назар аударды.
— Мұның өзіндік маңызды мәні бар, өйткені осылайша партиялардың позициясы нығаяды, олардың маңызы артады. Себебі посткеңестік республикаларда партиялар айтарлықтай рөл атқарған жоқ, бұл объективті себептерге байланысты еді алдымен билік пайда болды, содан кейін ғана партиялар, — деді Журавлев.
Оның пікірінше, енді парламентке тек партиялар арқылы ғана өтуге болады және саясаттың жоғары деңгейіне де тек парламент арқылы жол ашылады. Саясат саласында жұмыс істеуді көздеген адам үшін басты іс-әрекет нүктесі, табысқа жету құралы — партиядағы жұмыс болмақ. Осылайша, партия саяси жүйенің жай ғана бір бөлігі емес, оның тірек құрылымына, негізгі элементіне айналады.
— Бұл өте маңызды өзгеріс, сырт көзге қарапайым әрі аса үлкен емес көрінгенімен, іс жүзінде әлдеқайда маңызды, түбегейлі басқа саяси жүйе қалыптасуда. Ал бұл жаңа саяси жүйе де едәуір дәрежеде жастармен байланысты болады, — деді ол.
Осылайша, сарапшы Мемлекет басшысының сөзін екі негізгі бөлікке бөлуге болатынын атап өтті: қол жеткізілген табыстар және алда тұрған мақсаттар.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтағаны хабарланған болатын.