Ресейлік ұшақ Қазақстан әуе кеңістігінде шұғыл кері бұрылуға мәжбүр болды

АСТАНА. KAZINFORM — Новосибирск — Баку бағыты бойынша ұшқан S7 әуе компаниясының рейсі Қазақстан аумағы үстінен өткен кезде кері бұрылып, Омбы қаласына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы Mash Telegram-арнасы хабарлады.

Ресейлік ұшақ Қазақстан әуе кеңістігінде кенет кері бұрылуға мәжбүр болды
Фото: wikipedia.org

Бүгін аталмыш Telegram-арна оқиғаға қатысты видео жариялады.

Оқиға Қазақстан әуе кеңістігінде болған. Экипаждағы жолаушылардың біріне шұғыл медициналық көмек қажет болғандықтан, ұшақты дереу кері бұру туралы шешім қабылдаған.

— Борттағы жолаушылардың бірінің жағдайы кенеттен нашарлап кетті, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық ақауға байланысты Бейжің әуежайына шұғыл қонған еді. Әуе кемесі 2026 жылғы 8 қаңтарда Сеул — Астана бағытындағы KC210 рейсін орындап жатқан. Компанияның мәліметінше, ұшақтағы барлық дәретханалардың істен шығуына байланысты әуе кемесі Қытай астанасындағы әуежайға қонған.