Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзенінен балық аулауға қазақстандықтарға рұқсат берілмей отыр

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінде ресейліктер балық аулап отырған Қиғаш өзенінен қазақстандықтарға бұл кәсіпке рұқсат берілмей отыр.

Ресеймен шекарадағы Қиғаш өзенінен балық аулауға қазақстандықтарға рұқсат берілмей отыр

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің атына сауал жолдаған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов осылай мәлім етті.

«Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы 12 елді мекеннің 1 мың 430 адамы қол қойған хаты келіп түсті. Бұл хатта азаматтар Қиғаш өзенінен көктемгі балық аулаудың кешіктірілуіне немесе мүлдем шыға алмай қалу қаупіне алаңдаушылық білдіреді. 2009 жылы 12 тамызда Ауыл шаруашылығы министрінің балық ресурстары және басқа да су жануарларын пайдалануға арналған шектеулер мен тыйымдарды енгізу туралы бұйрығы шыққан болатын. Осы бұйрыққа сәйкес, Қиғаш өзені мен оның қосалқы су тоғандарында балық аулауға тыйым салу мерзімдері нақты көрсетілген. Бұдан бөлек, Үкіметтің 2011 жылға арналған балық аулаудың лимиттерін бекіту туралы қаулы да қабылданды. Осы қаулыға сәйкес, Қиғаш өзенінде аулауға болатын балықтың 18 түрінің лимиті бекітілген. Рұқсат етілген балық түрлерінің ішінде бекіре тұқымдас балық тұқымдары жоқ. Себебі, бұндай балықтар Қиғаш өзеніне кірмейді. Алайда, шаруашылық жүргізетін субъектілерге осы кезге дейін рұқсат қағаздары берілмей отыр», - дейді сенатор.


Оның айтуынша, аталмыш өзеннен балық қорын, оның ішінде бекіре тұқымдас балық қорын қорғау туралы әңгімелер негізсіз. «Біріншіден, Қиғаш өзеніне бекіре тұқымдас балықтар шықпайды. Екіншіден, Қиғаш өзені Ресеймен екіараны бөліп жатқан өзен. Сондықтан, Ресейдің Астрахань облысының балық аулайтын шаруашылықтары 2011 жылғы 1 наурыздан бастап балық аулауға рұқсат алып, жұмысқа кірісіп кеткен. Ал Қазақстан балықшылары бұндай мүмкіндіктен шектеліп отыр. Егер еліміздің балықшылары көршілес елдің балықшыларымен бір мезгілде тартымға түспесе, табыссыз қалатыны сөзсіз. Тіпті, бір апта кешігудің өзі шаруашылықтарға ғана емес, мемлекетке де экономикалық зиянын тигізетіні айқын, әрі өңірдегі 10 мыңдаған адам табыс пен тіршілік көзінен айырылуы мүмкін», - дейді С. Еңсегенов.