«Respublica» партиясы төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттігі үш жылға ұзартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өткен «Respublica» партиясының V кезектен тыс съезінде делегаттар партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттігін тағы үш жылға ұзарту туралы шешім қабылдады.
Съезд барысында өңірлік филиалдардың өкілдері Айдарбек Қожаназаровтың партияның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтті. Олардың айтуынша, оның жетекшілігімен үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде партияның филиалдық желісі құрылып, кадрлық резерв жасақталды. Сонымен қатар партия Парламенттен орын алып, бірқатар заңнамалық және қоғамдық бастамаларды жүзеге асырды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша съезд делегаттарының басым көпшілігі партия төрағасының өкілеттігін тағы үш жылға ұзартуды қолдады.
Дауыс беру нәтижесі жарияланғаннан кейін Айдарбек Қожаназаров делегаттарға өзіне көрсетілген сенім үшін алғыс білдірді.
Оның айтуынша, алдағы уақытта да партияның беделін нығайтуға және ел мүддесі жолында қызмет етуге күш-жігерін салуды жалғастырады.
— Барлық партияластарыма білдірген сенімі мен қолдауы үшін шынайы алғыс айтамын. Алдағы уақытта да партияның беделін нығайтып, еліміздің игілігі жолында аянбай еңбек ету үшін бар күшімді саламын, — деді партия төрағасы.
Съезд шешімі қабылданған сәттен бастап күшіне енді.
Айта кетейік, 5 шілдеде «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды Съезі өтетінін хабарлаған едік.