Республика аймақтарында өрт оқиғалары толастар емес

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, осындай өрттердің бірі бүгін түнгі сағат 1-лер шамасында Алматы қалалық әкімшілігінде орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктің баспасөз мәліметтері бойынша, төтенше жағдай жөніндегі хабар министрлік өкілдеріне түнгі сағат 1-ден 14 минут өткенде келіп түскен. Өрт әкімдіктің баспасөз қызметінің бөлмесінде шыққан. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері өртті түнгі 2 сағат 30 минут шамасында сөндірген. Зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ бүгін түнгі 1 сағат 28 минут шамасында Алматыдағы №40 балалар қалалық клиникалық ауруханасында өрт шыққандығы жөнінде өрт сөндірушілерге хабар келіп түскен. Онда күйікке қарсы емдеу шараларын жүзеге асыратын «Климитрон» құрылғысы өртенген. Өртті ауыздықтау барысында 26 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Зардап шеккендер жоқ. Ал Павлодарда қаңтардың 12-сі күні 6 сағат 45 минутта «Тойота Ленд Крузер» автокөлігіне жалғанған газ құрылғысын дұрыс пайдаланбаудың салдарынан газ баллоны жарылды. Нәтижесінде көлік тұрағы кооперативі өртеніп, «Тойота Ленд Крузер» көлігінен 1956 жылы туылған В.Крюк атты азаматтың мәйіті табылды. Өрт 10 сағат 17 минут шамасында ауыздықталды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Петропавлов қаласының Амангелді көшесінде екіпәтерлі жеке үйден өрт шығып, 20 шаршы метр аумақты жалын шарпыды. Өрттің салдарынан осы үйде тұратын 1973-ші және 1970 жылы туылған екі азамат түтінге уланып ауруханаға жеткізілді.