Республика бойынша 267 ауылдың тұрғындары тасымалданатын суды пайдаланады
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2008 жылы ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз етуді қаржыландыру көлемі 29,5 миллиард теңгені құрады.
Оның ішінде республикалық бюджеттен 16,9 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Астанада ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитет төрағасы Санат Тұңғышбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2009 жылдың басындағы мәліметке қарағанда, республика бойынша 267 ауылдың тұрғындары тасымалданатын суды пайдаланады. Әсіресе, мұндай елді мекендер Оңтүстік Қазақстан (57), Қостанай (61), Ақмола (30), Атырау (25) облыстарында басым. 4114 ауылдың тұрғындары орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздерін тұтынады.
«Бүгінде ауыл халқын сумен қамтамасыз ету маңызды мәселенің бірі және бұл проблеманы орталық және жергілікті атқару органдары өзара бірлесіп шешу қажет», - дейді Санат Тұңғышбеков.