Республика бюджетіне трансферт аударатын жаңа донор өңірлер пайда болады — Азамат Әмрин

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Астана халықаралық форумының (AIF) кулуарында республика бюджетіне өңірлерден алатын трансферт алдағы 3 жылда артатынын айтты. 

бюджет
Коллаж: Kazinform; Freepik

Вице-министр оның себебін өңірлердің бюджетін қалыптастыратын салық мөлшері жыл сайын 25 пайыз өсім көрсетіп келе жатқанымен байланыстырады.

— Әлі санап жатырмыз. Жалпы сипаттағы трансферт бойынша меморгандармен, аумақтармен (өңірлермен — ред.) тығыз байланыс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда алдын ала мәліметке қарасақ, керісінше донор облыстардан алатын трансферт ұлғаяды. Яғни, олар бұрынғыға қосымша трансферт береді. Мысалы, биыл Астана, Алматы, Атырау облыстарынан 504 млрд теңге алсақ, алдағы 3 жылдықта бұл сан өседі деп ойлаймын. Нақты цифрды айта алмаймын, қазір есеп жүріп жатыр. Бірақ биылғыдан үлкен болатынын қазірдің өзінде көріп отырмыз, — деді ол.

Айтуынша, донор өңірлердің қатарына жаңа облыстар қосылауы мүмкін.

 — Өңірлердің бюджетіне түсетін негізгі үш салық бар — корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік салық және жеке табыс салығы. Осы салықтар жыл сайын республика бойынша орта есеппен 25 пайыз қарқынмен өсіп келе жатыр. Осы өсім бізге донор өңірлерден көбірек трансферт алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне қазіргі үш донор өңірден басқа өңірлер пайда болуы мүмкін. Қазір нақты қай өңір екенін айтуға ерте. Өткен жылдың статистикасы тамыз айының 2 тамызда шығу керек. Сонда тамыздың ортасына қарай нақты мәлімет белгілі болады, — деді вице-министр.

Еске салсақ, Азама Әмрин Сенаттағы өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасындағы бюджет қатынастарын реформалау мәселесіне арналған дөңгелек үстелде бюджетке донор болып отырған өңірлерден алатын трансферттер көлемі азаятынын мәлім еткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар