Республика халқының 4,7 пайызы Павлодар облысында тұрады - Қ. Бозымбаев

«Соңғы жылдары Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық бағытында айтарлықтай табыстарға қол жетті. Осы жетістіктер Елбасы Н. Назарбаевтың өңірлерді дамыту жөніндегі берген тапсырмасын орындаудың нәтижесі деп білемін. Ал өңірдің негізгі параметрлеріне келсек, 125 мың шаршы шақырымды құрайтын облыс аумағында 750 мың адам тұрып жатыр. Бұл - жалпы республика халқының 4,7 пайызы деген сөз», - деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, облыс республикадағы жұмыспен қамтудың 5 пайызын, ІЖӨ-нің 5 пайызын, өнеркәсіп өндірісінің 7 пайыздан астамын қамтып отыр. Бұдан бөлек, елдегі өндірілетін көмірдің 60 пайызы, ферро-қорытпалар мен құбырлардың төрттен үші, электр энергиясының жартысына жуығы, алюминийдің барлығы дерлік, жүк вагондарының 87 пайызы облыстың үлесіне тиесілі.
«Өңірдің негізгі көрсеткіші ішкі жалпы өнім, бұл көрсеткіш 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында 7,6 пайызға артып, 707,6 млрд. теңгені құрады. Жан басына шаққандағы ішкі өнім 939, 2 мың теңгені құрайды», - деді Қ. Бозымбаев.