11:11, 13 Қараша 2013 | GMT +5
Республика игілігіне «Алма отаны» ескерткіш күміс монетасы қосылды
АЛМАТЫ. 13 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі алтын жалатылған «Алма отаны» ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарды. Ол «Республика игілігі» монеталар сериясынан 500 теңгелік номиналмен «рroоf» сапасымен жарық көріп отыр.

Монетаның бет жағының орталық бөлігінде, күңгірттелген бетінде алма ағаштарының қолайлы өсу орнын білдіретін, таулы жерге тамырын жайған жемісті алма ағашы мен ҚР Ұлттық банкінің логотипі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ», монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» және ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазу орналасқан. Жазбалар нүктелермен бөлінген. Сырт жағындағы орталық бөлігінде жылтыраған бетінде дәл сондай, алтын жалатылған жемісті алма ағашының бейнесі және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде «АЛМА ОТАНЫ» деген жазу, соғылған жылын білдіретін «2013» деген сан, ағылшын тілінде «HOMELAND OF APPLES» және монета дайындалған металды, оның сынамасын және массасын білдіретін «Ag 925 31,1 g.» деген жазу бар. Жазулар мен сан нүктелермен бөлінген. Монетаның бет және сырт жағында бейнелер мен жазбалар бедерленген. Айналдыра шығыңқы жиек. Ол 925 сынамалы күмістен жасалған, массасы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 7 мың дана. Бұған дейін біздің «жабайы» алма мен оның басқа да сұрыптарының ДНҚ-сын зерттеген Оксфордтың британдық ғалымдары «Қазақстан - ғаламшардағы алманың отаны» деген қорытындысын жариялаған болатын. Олар оны АҚШ, Канада және басқа елдердің ғалымдарымен бірлесіп әлемдегі кеңінен танымал сұрыптардың көпшілігінің негізінде қазақстандық жабайы алма гендерінің бар екендігін дәлелдеді. Қазақстанның оңтүстігіндегі және оңтүстік шығысындағы жабайы жидекті ормандар осы геноқордың табиғи сақталған орны болып табылады.