Республика күні қарсаңында «Тельман» тұрғын алабына газ берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық мерекеге орай Астана қаласының сол жағалауында орналасқан «Тельман» тұрғын алабында табиғи газбен жабдықтау жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды «QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметі.

Республика күні қарсаңында «Тельман» тұрғын алабына газ берілді
Фото: «QazaqGaz Aimaq» АҚ

Осылайша қыс маусымында түтінге көмілетін елорданың экологиясын жақсартуға қадам жасалды.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізді газдандыру жүріп жатыр. Газ бар, бірақ оны халыққа жеткізу үшін инфрақұрылым керек. Осы орайда талмай еңбек етудегі барша тарапқа алғыс айтамын, — деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин шара барысында.

Газ құбырының жалпы ұзындығы 22,6 шақырымды құрайды. Қала әкімдігі және «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» АҚ бірлесе жүзеге асырған игілікті іс нәтижесінде 308 тұрғын үй көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен қатар, арнайы қосындар газ қысымын реттеп, мамандар оның тұрғындарға сағатына 15 380 текше метр көлемде үздіксіз әрі тұрақты берілуін қамтамасыз етпек.

Республика күні қарсаңында «Тельман» тұрғын алабына газ берілді
Фото: «QazaqGaz Aimaq» АҚ

— Бас қаланы газдандыру зиянды қалдықтар мен қатты заттардың шығарылуын айтарлықтай азайтады. Қажетті шаралар қауіпсіздік шараларын сақтай отырып іске асуда. Қала халқының өсуіне орай оған қызмет көрсету жұмыстарының көлемі де, сапасы да артып келеді, — деп атап өтті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов.

Еске сала кетсек, елорданы газдандыру 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осылайша Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі — «Сарыарқа» газ құбыры төселді. Жеке үйлерден бөлек, жылу-электр орталықтары газбен істейді.

Республика күні қарсаңында «Тельман» тұрғын алабына газ берілді
Фото: «QazaqGaz Aimaq» АҚ

— Еліміздің бас қаласында құрылыс белсенді жүріп жатқаны белгілі. Салдарынан жылудың жетіспеуі мүмкін екенін сеземіз. Оның үстіне суық кезде түтінге тұншығып, әбігерге түсеміз. Енді сүйікті қаламыздың ауасы тазарып, үйіміз жылуға толды, — деді газға алғаш қосылған зейнеткер Баян Зеннатқызы.

Соңғы жаңалықтар