Республика күні қарсаңында №35 мектеп-гимназия оқушылары гүлден Қазақстанның туын жасағалы отыр - Алматы облысы
АЛМАТЫ. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Біздің мектептің өз Хан шатыры бар. Талғар ауданы Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназия директоры Айтжамал Нұрбатырова Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының Нұрым ауылында өткен «Туған табиғатты аялайық» деп аталатын республикалық ғылыми-танымдық конференцияда осылай айтты.
«Біз мектептегі экологиялық тәрбие беру жұмыстарын ең алдымен ауланы көгалдандырудан бастадық. Алдымен 2008 жылдың қазан айында арнайы жоспар жасап, «Мектебіміздің ауласын талапқа сай көгалдандырайық» деген акция жарияладық. Онда ата-аналар мен ауыл әкімшілігінің көмегімен 600-ге жуық раушан гүлін, бір және көпжылдық әртүрлі өсімдіктерді отырғыздық», - дейді педагогика ғылымдарының кандидаты А.Әбдірешқызы. Айтжамал Нұрбатырованың айтуынша, ұстаздардан ерікті «Жауқазын», ал оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымынан орта буындағы оқушылар арасында «Жерұйық», жоғары сынып оқушыларынан «Жасыл желек» топтарын құрылды. Қазіргі таңда мектеп ауласында әртүріл өсімдіктер композициясы өсіп тұр. Мысалы, «Әжемнің көрпесі», «Аршалар алаңы», «Ғылым», «Альпі шоқысы», «Кактустар алаңы», «Аққұтан төбешігі» сияқты. Енді күзге қарай Қазақстан Республикасының көк байрағын өсіріп, жасау жоспарланып отыр. Мектеп ауласындағы 18 сотық жерде «Өсімдіктер әлемі» бағы жасалған болатын. Қазір бақта 104 түрлі көпжылдық гүлдер мен 52 түрлі мәдени-бұталы өсімдіктер бар. Оның алдында Хан шатыры деген арнайы орын жасалған. Онда түрлі семинарлар, дөңгелек үстел жиындары, кездесулер мен өзге де ақылдасу кенестері өткізіліп тұрады.