13:50, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Республикадағы діни ұйымдардың талапқа сәйкестігін тағы бір тексеріп шығу қажет ? А.Досжан
АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде құжаттары талапқа сай және толық болмағанына қарамастан тіркеуден өтіп кеткен діни ұйымдар баршылық.
Осыған орай жергілікті атқарушы органдар мен ішкі саясат департаменттеріне биылғы жылдың алғашқы жартысында солар орналасқан барлық ғимараттарды тексеру жөнінде тапсырма берілді. Бұл туралы бүгін Үкімет жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысында Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитет төрағасы Ардақ Досжан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, комитет өкілдері осы бағыттағы тексеру жұмыстарының әдістемесін дайындап, оны әділет саласының аймақтық органдарына таратқан. «Жалпы еліміздің аймақтарында кәсіпкерлер мен ауқатты азаматтар тарапынан мешіт салдыруға ниет білдіріп отырғандар жетерлік. Бұл әрине жақсы іс. Алайда мешіт тұрғызылып біткеннен кейін, оның жұмысы қалай жалғасады деген мәселе туындайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп жүргіземіз. Сондықтан республиканың барша аймағындағы әрбір мешітпен жеке жұмыс жүргізілуі керек»,- деді комитет төрағасы. Мәжіліс депутаты Камал Бұрқановтың пікірінше, комитет төрағасы айтқан ұсыныс өте орынды. Өйткені еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі діни ұйымдарға тиесілі ғимараттар бой көтеріп, оның арты үлкен проблемаға айналып отыр. «Ғимаратқа қажетті жылу, электр қуаты, ғимараттың айналасын тазартып оған жөндеу жүргізіп отыру үшін қаржы қажет. Бұл мәселелерді шешу үшін діни ғимарат салуға ниет білдірген азамат өзінің ойын дін мәселелерімен айналысатын арнайы кеңестің алдына ұсынуы керек. Ал мұндай кеңестер республиканың барлық облыстарында бар. Сонда ғана біз қалыптасқан мәселенің тиімді шешімін табамыз», - деді депутат.