Республикалық бюджет кірісі 24,6% өсті
АСТАНА.KAZINFORM – Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық көлемде атқарылды. Ал мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі уақытылы қаржыландырылды. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
– Трансферттерді есепке алмағанда, республикалық бюджет кірістері 8,5 трлн теңгеге немесе 100,6%-ға жетті. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда кірістер 1,7 трлн теңгеге немесе 24,6%-ға өсті. Салық түсімдері 8,3 трлн теңге немесе 100,3% болды. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда, салық түсімдері 1,9 трлн теңгеден асып, 29%-ға өсті, – деді ол.
Сонымен бірге, Ержан Біржанов кірісті өсірген негізгі факторларды атап өтті.
– Кірістер серпініне негізгі экспорттық тауарлар бойынша бағаның өсуі, сондай-ақ сыртқы сауда белсенділігі оң әсер етті. Бұдан бөлек, электрондық жүйесі бойынша сату айналымдары 12%-ға немесе 10,8 трлн теңгеге өсті, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік бюджеттің кірістері 6,4 трлн теңгеге жеткенін жазғанбыз.