Республикалық бюджеттен өңірлерге субвенциялар едәуір артты
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары донор ретінде республикалық бюджетке 2024 жылы 470 млрд теңге бағыттады.

Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлім етті.
— Елімізде Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары донор деп танылған. Қалған он жеті өңір субвенциялық, олар өз шығыстарын өтеу үшін республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттердің едәуір көлемін алады. Аталған үш донор өңірден республикалық бюджетке 2024 жылы 470 млрд теңге түсті, ал республикалық бюджеттен аймақтарға субвенциялар түрінде 5,3 трлн-нан астам теңге бөлінді. Айырмашылықты көріп отырсыздар. Іс жүзінде барлық өңір республикалық бюджет есебінде. Осы жерде айту керек, жергілікті бюджеттердің кірістері соңғы 6 жылда 3 есеге өскеніне қарамастан, республикадан өңірлерге берілетін субвенциялар көлемі де артып отыр. Мысалы, егер 2014 жылы субвенциялар көлемі 978 млрд теңгені құраса, 2024 жылы 5,3 трлн теңгеге жеткен. Яғни, 10 жыл ішінде 5 еседен асқан, — деді Д. Еспаева Парламент Мәжілісінде «Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау жөніндегі жаңа тәсілдер» тақырыбындағы Үкімет сағатында.
Бұдан басқа, республикалық бюджеттен әлеуметтік нысандар салу сияқты өңірлердің инфрақұрылымын құруға жұмсалатын нысаналы даму трансферттері де бар. Дегенмен, өңірлерді инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі, яғни теңестіру болмай отыр.
— Қазіргі кезде Қазақстан өңірлері арасында өмір сапасындағы айырмашылықтар әлі де үлкен. Кейбір елді мекенде заманауи мектептер, жарықтандырылған көшелер және жақсы медицина болса, кейбірінде тозған коммуникация және қарапайым әлеуметтік қызметтер тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Бұл аймақтардың ішкі өңірлік өнім сияқты экономикалық даму көрсеткіштерінен де байқалады. Мәселен, бүгінде олардың арасында жан басына ішкі өңірлік өнім алшақтығы 10 еседен асады. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдардың кірістерді болжауына қатысты сұрақтар бар. Жіберілетін трансферттерді есептегенде, өңірлердің өз болжамдары алынады, ал бөлінетін трансферттердің көлемі соларға тәуелді екені белгілі. Бірақ мұнда нақты асыра орындаушылық байқалады, тіпті, жекелеген жерлерде 40%-ға дейін жетеді. Сонда «бұл жоспарлаудағы қателіктер ме әлде, орталықтан үлкен қаражат алу үшін кірістер болжамын әдейі төмендету ме?» деген сұрақ туындайды, — деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қазір Үкімет Жалпы сипаттағы трансферттерді, яғни, республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге жіберілетін субвенцияларды айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеп жатыр.
Еске салсақ, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы жаңа Бюджет кодексіне қол қойды.